«Ағайынды елге дәнекер керек емес» – Расул Жұмалы
«Ағайынды елге дәнекер керек емес» – Расул Жұмалы
Фото: Интернеттен алынды
224
оқылды
Осыдан бастауын алған келіссіздер жер сынды өте сезімтал мәселе болғандықтан оңай түспегені анық. Десе де жылдар өте ол оңтайлы шешімін тапты. Жалпы, кез келген ел үшін шекарасын бекіту — бірінші кезектегі міндет. Әсіресе ұлан-ғайыр жеріне ғасырлар бойы сырттан көз алартқан дұшпаны аз болмаған Қазақстан үшін бұл ерекше маңызды екені түсінікті. 1991 жылы Тәуелсіздік алғаннан кейін жаңа тарихи кезеңде Қазақ басшылығы аталған істі Қытай мен Ресей секілді алыптармен тарқатуға басымдық берді. Сөз болып отырған үрдіс отандық дипломатиядан асқан табандылық пен қырағылықты талап етті. Бірақ бауырлас та тағдырлас Орталық Азиядағы көршілермен мәмілеге келу де өздігінен бола салмады. Оның үстіне солтүстік пен шығыспен салыстырғанда еліміздің халқы анағұрлым тығыз қоныстанған оңтүстік аймақтар үшін бұл ерекшелік қосымша қиындықтар туғызды. Нақты қырғызбен арадағы келіссөздер 1999 жылдың қаңтарынан басталды. Оның хұқықтық негізі ретінде 1930 жылғы 10 қыркүйекте қабылданған Бүкілресейлік орталық атқарушы комитетінің «Қырғыз және Қазақ АССР арасындағы шекара туралы» қаулысы алынды. Көріп отырғанымыздай осы, оның алдындағы құжаттарды кезінде Мәскеу жергілікті халықпен санаспай біржақты бекіткен болатын. Тарихта бөліп таста да билік құр ұстанымымен көптеген ел арасындағы шекараны отаршы империялар орнатқан еді. Ал енді сол отарлық жүйе ыдырыған соң әлгі шекара мәселесі екі арада жанжалға ұласып, оларды бір жағынан әлсіретсе, екінші жағынан бұрынғы қожайынына бағынышты болуына мәжбүрледі. Бүгінгі Армения мен Әзірбайжан, Үндістан мен Пәкістан, Ирақ пен Иран арасындағы шиеленістер белгілі дәрежеде аталған қитұрқы саясаттың көрінісі. Тиісінше қазақ пен қырғыз арасында шекара мәселесін талқылағанда анықтап қана қоймай, оны ел мен елді шағыстыратын емес, керісінше ізгі көршілестік пен ынтымақтастыққа жол ашатын алғышарт ету маңызы айрықша болды. Келіссөздер екі жылға созылып межесіне жеткенде 2001 жылғы 15 желтоқсанда ұзындығы 1257 шақырымды құрайтын Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы мемлекеттік шекараны делимитациялау туралы шартқа қол қойылды. Бірақ шекара сызығын картада белгілеуді білдеретін делимитация істің тек бірінші кезеңі еді. Ендігі ретте сол шекараны толықтай ұзағында – ол тау мен тас бола ма, өзен-су бола, иә елдімекендерді кесіп өте ме, жер-жерде белгілеу – демаркацияның кезегі келді. Аталған жұмысты жүргізу көптеген қиындыққа ұшырайтыны әу баста белгілі болды. Себебі шекараның екі жағындағы туыстары қатынасатын, сауда-саттық жүргізіп, малы үшін жайылым жерлерді пайдаланатын жергілікті халық үшін бұл өте сезімтал мәселе еді. Әсіресе, Қырғыз тарапынан шекараға жақын орналасқан ауылдардың тұрғындары қатты наразылық білдірді. Жекелеген кездері бұл ереуілшілердің хұқық қорғау орындарымен қақтығыстарына немесе Қырғыз жақтан Қазақстанға келетін өзен арналарын бөгеттеу секілді арандатуларға ұласты. Бұдан Қазақстанның азаматтары, бірінші кезекте малшылар мен диқандары айтарлықтай жапа шекті. Ағайынды екі халықтың арасындағы мәселелерді насырға шаптырмай өркениетті шешу бағытындағы жұмыстар асқан ұстамдылық пен түсіністікті қажет етті. Қос тараптың үкімет басшылары, дипломаттары, жергілікті әкімдері бұл сыннан абыроймен өтті деуге негіз бар. Сондағысы елдің мақұлдауына ие болу оны мәжбүрлеу емес, балама мүмкіндіктер, шығындарды өтеу, шекарадан өту рәсімдерін жеңілдету сынды амалдар арқылы қамтамасыз етілді. Осылайша демаркация 2017 жылы аяқталды. Нәтижесінде, шегенделген қазақ-қырғыз шекарасының бойында ұзын саны 683 шекара белгісі, 1055 шекара бағандары орнатылды. Сондай-ақ Қаратаудың қапталы мен Алатаудың аңғары арасындағы шектескен аймақта онға жуық өткізу бекеті тұрғызылды. Ал далалық жерде отыздан астам шекара заставасы бой көтерді. Аталған шарт мерзімсіз болып табылады әрі денонсациялауға жатпайды. Ал шарттың күшіне енуі Қазақстан шекарасын құқықтық рәсімдеу процесінің аяқталуына, Қырғызстанмен аумақтық даулардың туындауының алдын ала жоюға ықпал етеді. Тиісіті келісімнің халықаралық мәртебеге ие болуы елдердің  өзара сыйластығы мен аумақтық тұтастығына негіз болып табылады. Бұл тұрғыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мына бір пікіріне назар аударған жөн: «Қазақстанның мемлекеттік шекарасын саяси растаудың, заң жүзінде рәсімдеудің және халықаралық дәрежеде мойындалуының тарихи маңызын айтып жеткізу мүмкін емес. Достар үшін ашық, жат пиғылдылар үшін жабық мемлекеттік шекараның бекітілуі Қазақстан Республикасының егемендігін әйгілей түсті, ұзақ мерзімге тұрақты бейбітшілікті қамтамасыз етті». Өз кезегінде мемлекеттік шекара БҰҰ Жарғысымен және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының 1975 жылғы қорытынды актісімен бекітілген іргелі халықаралық қағидаттың бірі болып табылатынан ескерсек, бұл жетістік еліміз үшін ерекше құнды. Құқықтық тұрғыдан шекара мәселесінің бүге-шегесіз шешілгені құптарлық. Десе де ұзақмерзімді және толыққанды ынтымақтастықты қамтамасыз ету үшін шекара бойында туындап тұратын келеңсіз жайттарды дер кезінде тарқатып отыру қажет. Әсіресе, екіжақты ықпалдастығы өте белсенді әрі ауқымды болып табылатын қазақ-қырғыз шекарасы үшін бұл өте өзекті. Атап айтқанда, күн сайын екі арада 18 мыңнан аса адам қатынайды, 600-ге жуық көлік өтеді. Қалыпты жағдайда олардың мейлінше жеңіл өтуі үшін стандарттар қабылданған. Мәселен, жеке тұлға үшін тиісті рәсім 3 минуттан, жеңіл көлік үшін 15 минуттан, жүк көлігі үшін – 25 минуттан, автобус үшін – 35 минуттан аспау керек. Алайда өмірде аталған талаптар сақталмай жұртты әбігерге түсірген жайттар жиі қайталанып тұрады. Шешімін күткен осындай жайттар әлі баршылық. Соның тағы бірі Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы өзендерді, оның ішінде Шу мен Таластың суын бөлісіп пайдаланумен байланысты. Кезінде көптеген шетелдік сарапшылар ертелі ме кеш пе су дауы екі елді шиеленіске итермелейді деген сыңайда жорамалдар жасағаны бірталай жәйтті аңғартады. Ендеше, бұл төңіректе қордаланған түйткілдер әлі толықтай тарқатылмаса да құзырлы мекемелер жағдайды бақылаудан шығармай сауатты реттеп отырғаны аса маңызды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзімен айтар болсақ: «Ондаған миллион адамның өмірі, тұтас аймақтың тұрақты дамуы мен игілігі аталған мәселенің ұтымды шешілгеніне тәуелді». Ал енді екі ортада сыртқы күштердің жай отырмай ыңғайы келсе көршілердің арасына от салудан тайынбайтынын да естен шығармау керек. Приднестровье, Таулы Қарабақ сынды ондай мысалдар жетіп артылады. Қырғыздың өзінде де сырт күштердің айдап салуымен кезінде жекелеген ақылы таяз саясаткерлер Қазақстанмен арада алауыздық тудырғысы келгенін ұмыптпаған жөн. Ұмытпай тұра, ықтимал арандатулардың алдын алып, бауырлас халықтарды іс жүзінде және жан-жақты жақындастыратын мүмкіндіктерді қолға алу керек. Айналып келгенде ағайындас екі халық өз істерін басқаның араласуынсыз шешкені абзал.