Волонтер қабылдау басталды
Волонтер қабылдау басталды
Өңірлердегі Жастар саясаты басқармалары мен  волонтерлер штабтарының ұйымдастыруымен биыл өзін алғаш рет волонтер ретінде танытып жатқандар қатары көбейді деуге болады. Олар бүгінгі қиын кезеңде қандай көмекті беруге дайын? Мәселен, Қостанай қаласының емханалары оттегі толтырылған баллондарды, дәрі-дәрмек өнімдерін тасу жұмысына адам қажет екені тура­лы жазба қалдырған болатын.  Мұны көрген Қостанай об­лысы әкімдігінің Жастар сая­саты мәселелері жөніндегі бас­қармасы  қала еріктілерінің жиынын ұйымдастырады, облыс тұрғындарына үндеу жариялап, көмектесуге шақырды. «Үндеуге  түрлі жастағы, түр­лі кәсіп өкілдері үн қатты. Мәселен, бірінші күннен бастап мәдениет қызметкерлері, жеке кәсіпкерлер, студенттер, өрт сөндірушілер бізбен бірге. Қазір оттегі баллондарын емханаларға жеткізумен айналысып жүрміз. Бүгін өңірдегі су тасушы компания хабарласып, ауызсу жеткізуге көмектесетінін айтты», – дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы С.Шаймұрынов. Мұндай көмекті еліміздің әр­бір өңірінен кездестіруге болады. Соның бірі –  Түркістан облысының Түлкібас ауданының  ерікті тұрғындары. Олар  орталық ауруханаға тазалық үшін аса қажет автоматтандырылған 5 кір жуу машинасын тарту етіпті. Соңғы екі күнде ауданға қарасты Абайыл мен Жаскешу ауылының тұрғындары қаржы жинап, 30 жанұяға құрбандыққа шалынған 2 ірі қара мен 2 қойдың етін бөліп берді. Тұрмысы төмен отбасыларға етпен қоса, бірінші қажеттіліктегі азық-түлік берілген. Бұған дейін түлкібастық демеушілер мен еріктілер орталық ауруханаға 210 оттегі баллонын тарту еткен екен. Ал аудан әкімдігі волонтерлерге аурухана баллондарын оттегімен толтырып келу үшін Газель авто­көлігін бөлген болатын. Ал Алматы облысы Панфилов ауданы Шолақай ауылының тұрғыны Мейрамгүл Мұқаева күнде таңертең аудандық ауруханаға 10-15 литр саумал жеткізіп жүр. Тегін. Провизор бөлімінде ауырып жатқан науқастарға тегін саумал әкелетін әжейдің үйінен саумал ішетіндер де көп екен.  Волонтер әжейдің айтуынша,  еліміз қиын кезді бастан өткізіп жатыр. Сондықтан әркім қолынан келген көмекті аямауы керек. «Ал саумал барлық ауруға шипа. Сондықтан ауруханаға көмек етейін деп шеш­тім», – дейді ол.  Көріп отырғанымыздай, ел басына түскен ауыртпалықтың артта қалғанын қалайтындар кө­мектен аянып жатқан жоқ. Атыр­­ау облысы волонтерлер шта­­бының жетекшісі Әйгерім Жәрдемованың айтуынша, аты­раулық волонтерлер бұған дейін тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік таратып келсе, енді бүгіннен бастап әлеуметтік осал тобына тегін дәрі жеткізуге кіріседі. «Атырау облысында корона­вирус инфекциясын жұқтыру қатты көбейіп тұр. Осы жағдайға алаңдаған өңір халқының жанай­қайы  Президентімізге жетті, дәрі-дәрмек жеткізілсін деді, жетті. Бүгіннен бастап  I топ мүгедектеріне,  әлеуметтің аз қамтылған тобына дәрі таратамыз. Бұдан бөлек волонтерлеріміз ауруханаға да көмек беріп жүр. Ауырып жатқандарға оттегі бал­лонын тасып жатыр. Сырттағы волонтерлер оттегі баллондарын көліктен түсіріп алса, іштегі во­лонтерлер оны 2-3 қабаттағы науқастарға жеткізеді. Күніне 80-нен астам баллон кіргізеді. Дәл қазіргі уақытта ауруханада 8  адам көмектесуде. Ал сыртта жүретіндер өте көп», – дейді Ә.Жәрдемова. Оның айтуынша, провизорға,  реанимация бөліміне кіретін волонтерлерге нұсқаулық өткіз­іледі. Себебі олар коронавирус диагнозы қойылғандар жатқан палаталарға кіреді. «Біз оған сен ауырмайсың деп кепілдік бермейміз, егер барлық талапты сақтаса ауырмайтынын айтамыз. Айта кетерлігі, бүгінге дейін ешқайсысы ауырған жоқ. Бұл волонтерлер үйіне бара алмайды, себебі олар коронавируспен ауырып жатқандардың жанында жүргендіктен, отбасы үшін қауіп­ті болуы мүмкін. Сондықтан олар­ға жатақханадан орын беру­ді өтініп едік, облыс әкімдігі ұсынысымызды қолдады. Бізге әлі де волонтерлер керек», – дейді ол. Волонтерлер қызметін қажет етушілер көп-ақ. Мысалы, күні кеше     «Волонтерлер лигасы» ұйымы Birgemiz: Umit жалпыұлттық жобасына волонтерлер қабылдауды бастады. Бұл волонтерлер жоғалған адамдарды іздеу, зілзала  қатерін азайту, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жоюға көмектеседі. Бұл жоба аясында 16 жастан асқан кез келген адам волонтер бола алады.  

Айдана БЕГІМ