Ақтаулық Симба Алматыға көшті

Ақтаулық Симба Алматыға көшті

«Симба Алматыға бүгін жет­кіз­іледі. Одан ары зообаққа беріледі. Жыртқыш қазір арнайы жәшікте қамаулы. Оны жеткізуді «Охотзоопром» РМКК мойнына алған. Орталық мамандары жануарға осындай ыңғайлы жәшік жасады. Бұйырса, кешке дейін арыстан Алматыда болады», – деп жазды ол Facebook парақшасында. Алматыда аң патшасын Ал­ма­ты облыстық орман шаруа­шылығы және жануарлар әлемі инспекциясының жабайы жа­нуарларды қоныстандыру орта­лығының мамандары күтіп ал­­ған. Симбаға кеше анестезиялық екпе салынатыны хабарланды. Себебі арыстан  әуе жолымен тасымалдағанда мазасы кетпес үшін арнайы дәрімен ұйықтатылуы керек екен. Есте болса, 25 маусымда Маң­ғыстау облысының Ақшұқыр ауылының жергілікті тұрғындары көшеде жүрген арыстанды көріп, дабыл қаққан болатын. Жыртқыш жануарды мамандар ұстап алған.   Алматы зообағы арыстан Симба үшін арнайы вольер салуға дайын екенін хабарлады. Вольер құрылысының шығынын Snow Leopard Foundation жекеменшік халықаралық қоры мойнына ал­ды. 10 шілдеде арыстанды заңсыз бағып алған 25 жастағы Ақтау тұрғынына қатысты сот үкімі шығып, 27 мың теңге айыппұл салынды.  

Тұмар МЫРЗА