Абайдың 45 қара сөзі украин тіліне аударылды

Абайдың 45 қара сөзі украин тіліне аударылды

Кітаптың тұсаукесері Канев қаласындағы Украинның ұлы ақыны әрі суретшісі Тарас Шевченко атындағы музейде өтті. «Украинадағы Қазақстан елшісі Дархан Кәлетаев шараға қатысқандарға Абайдың мәңгілік мұрасы мен шығармашылығы туралы айтып берді. Аудар­ма авторы – филология ғылым­дарының докторы, профессор Николай Васьков Абай шығармасы турасында өз әсерімен бөлісті. Ол Абайдың ұлылығы шығармасында ғана емес, өмір сүру салтында, патриотизмінде, ұлт алдындағы жауапкершілігінде екенін атап өтті», – деп хабарлайды Украинадағы Қазақстан елшілігі. Т.Шевченко атындағы музей директоры Игорь Лиховой Абай мен Кобзарьдың болмысы, екеуінің шығармашылығы туралы ойын ортаға салды. Екі елдің ұлы ойшылдары оның ойынша, адамдарды өзін-өзі дамытуға, әділеттік пен мейірімділікке шақыра отырып, ұлттық санада төңкеріс жасаған. Украинадағы қазақ диаспорасының өкілдері Абай туралы білгенімен бөлісіп қана қоймай, ойшылдың сөздері мен өлеңдерін қазақша оқып берді. Мәдени іс-шараға Украинаның зиялу қауымы, мемлекеттік басқару мекемелерінің өкілдері қатысты. Елшілік музей мен облыстық мемлекеттік әкімшілікке кітаптың бірнеше данасын сыйға тартты.  

Н.БАҚЫТ