Карантин режиміне байланысты табысынан айырылған азаматтарға берілетін 42 500 теңге көлеміндегі бір реттік әлеуметтік көмекті алу үшін өтініш беру 17 шілдеден бастап қабылданады. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін өтінімдерді қабылдау кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 16 шілдеден бастап бірыңғай жиынтық төлемді аударған адамдар үшін SMS-хабарлама жіберу арқылы бір реттік төлем тағайындау бойынша проактивті қызмет көрсету жүзеге асырылады. Осы санаттағы, проактивті қызметті пайдаланбаған азаматтар үшін өтінімдерді қабылдау проактивті қызметті көрсету аяқталғаннан кейін жүзеге асырылады. 17 шілдеде жеке кәсіпкерлерден, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын адамдардан және жеке практикамен айналысатын адамдардан өтінімдер қабылдау басталды. Табысынан айрылған өз қызметкерлеріне өтінім беретін жұмыс берушілер (заңды және жеке тұлғалар) үшін өтінімдерді қабылдау 19 шілдеден басталады. Өтініш беру төмендегі ресурстар арқылы жүзеге асады:
- eGov.kz – «электрондық үкімет» веб-порталы;
- 42500.enbek.kz порталы;
- telegram-bot-тар;
- Aitu мессенджеріндегі 42500.enbek.kz қосымшасы;
- екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары мен интернет-ресурстары.