– Пандемия ахуалы туралы барлық ақпарат қанша жерден ащы болса да, оны қоғам білуге тиіс. Жариялылық пен өзара сенім болғанда ғана біз бірлесе отырып бұл індетті тезірек жеңеміз! – деп жазды Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Twitter парақшасында. Нәтижесінде, жаһанға шың елінен тараған SARS-CoV-2 індетіне шалдыққандар саны республикамызда жүз мыңнан әлдеқайда асып түсуі де ғажап емес. Дегенмен мемлекет әділдік пен ақиқат үшін осыны жасауы керек. Оның үстіне мұның практикалық маңызы да бар: Үкіметтің, соның ішінде Денсаулық сақтау министрлігінің барлық іс-қимылы «Қазақстанда COVID-19 дертіне 66 895 адам шалдықты, оның 60 пайыздан астамы немесе 40 256 адам айықты» деген жаңсақ санаққа құрылған. Бұдан бөлек, пневмония диагнозы қойылғандықтан коронавирусқа ұқсас аурудан көз жұмған дәрігерлердің отбасыларына лайықты сақтандыру төлемі төленбей қалуда. ДСМ дерегінше, 2020 жылғы 1 қаңтардан 15 шілдеге дейінгі аралықта пневмониямен 234 187 адам ауырған. Одан 3 327 адам қайтыс болды. Бұл ретте дәрі-дәрмек, тіпті ең қарапайым парацетамол; өкпені жасанды желдету аппараттары; интенсивті терапия және жансақтау палаталары; білікті медициналық кадрлар бойынша өткір тапшылық туындаған Қазақстанда 70 мыңдай коронавируспен ауырғандардың тек 375-і ғана өмірден өтті дегенге халық сенбейді. Ресми ақпаратты өңірлерде адам жерлеу санының көбейгені, мүрде қоятын жер жетпей жатқаны туралы қазақстандықтар хабарлаған деректер, әлеуметтік желілердегі бейнебаяндар жоққа шығарады. Мемлекет басшысы Үкіметке COVID-19 көрсеткішін нақтылау туралы міндет қойғанын хабарлады. Себебі халық жаңа індетке ұқсас басқа кеселден де өле бастады. – Үкіметке пандемияның статистикасын біріздендіру міндеттелді. Азаматтардың денсаулығы мен өміріне коронавирустан бөлек, өкпе қабынуы да үлкен зардабын тигізіп отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Белгісіз пневмониямен ауырғандарды КВИ хаттамасымен емдеп жатқанын дәрігерлер ашық айтады. Бірқатар ғалым кейбір жағдайда өкпе қабынуы дертіне ұшырады дегендердің шынында коронавируспен ауыратыны туралы байламын білдіруде. Тек диагностикасы дұрыс қойылмаған көрінеді. Президент тапсырмасына орай, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой енді Қазақстанда коронавирус және пневмония бойынша статистика біріктірілетінін мәлімдеді. «Мемлекет басшысы КВИ пандемиясының статистикасы бойынша түпкілікті айқындалуды жүктеді. Коронавирус инфекциясының жалпы қабылдаған статистикалық есебіне қоса, бұдан былай пневмонияға назар аударылатын болады. Осыған байланысты COVID-19 және өкпе қабынуының деректерін барынша айқын ету үшін Денсаулық сақтау министрлігі статмәліметтерді қалыптастырудың жаңа тәсілдерін бекітті. ДДСҰ-ның Еуропадағы өңірлік бюросымен техникалық тұрғыда кеңесе келе, коронавирус инфекциясы оқиғаларын кодтауда және есепке алуда ауруларды халықаралық классификациялаудың жаңа кодтарына көшу туралы шешім қабылдадық. Осылайша, зертханада расталған COVID-19 саны ПТР-тесттің теріс нәтижесін көрсеткен, бірақ КВИ-дің клиникалық індет нышандары бар оқиғалар санымен біріктіріледі», – деді А.Цой.
Айхан ШӘРІП