Пандемияға қарсы екі жаңа жоба басталды
Пандемияға қарсы екі жаңа жоба басталды
5,168
оқылды
Түркістан облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ғимаратында осы жо­балардың ресми түрде тұсауы кесілді. Қо­ғам­дық денсаулық  басқармасына  Түркиядан кел­ген екі жасанды тыныс алу аппараты ұсы­нылса,  20-дан астам дертке шалдыққан мұқ­таж отбасыларға дәрі-дәрмек үлестірілді. Одан бөлек, аппаратты жеткізуге атсалысқан Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мен елші Абзал Сапарбекұлына алғыс айтылды. «Өмір» жобасының мақсаты – қазір елі­мізде тапшы болып отырған оттегі аппаратын ше­телден өңіріміздегі емханаларға жеткізу. Ал «Ши­па» жобасы арқылы орта деңгейдегі дәрі-дәр­мектер қорапшасын дайындап, оны ауыл-ау­дандағы  әлеуметтік  жағдайы төмен және аз қамтылған көпбалалы отбасыларға тара­ты­лады. Осы жобаларды жүзеге асыру үшін  ел жанашырлары, облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясының фракция өкілдері мен өзге де азаматтар қолдау көрсетті. Қазір­дің өзінде қорға 10 миллион теңгеден астам қаржы жиналған. Бұл қаржының бір бөлігіне  Түркия және Қытай елдерінен 50 жасанды тыныс алу аппаратына тапсырыс беріліп, олар алдағы аптада өңірге жеткізілмек. Сонымен қатар әзірге 300 дәрі-дәрмек қорапшасын елге үлестіру көзделген. Әрбір дәрі қорапшасының құны 14-15 мың теңге көлемінде. Қорапша ішін­де Түркістан облысы Қоғамдық  денсау­лық сақтау басқармасы тарапынан ұсынылған, қазір белең алып отырған коронавирус пен пнев­мония сырқаттарының алдын алуға, ем­делуге арналған дәрілер мен құралдар болмақ. Алғашқы екі жасанды тыныс алу ап­па­ра­тын алуға демеушілік көрсеткен «Nur Otan» пар­тиясының Түркістан облыстық филиалы төра­ғасының бірінші орынбасары  Бейсенбай Тәжібаев бұл жобалар өңірдегі жас еріктілерді игі іске жұмылдырып отырғанын жеткізді. – Қазір елімізде коронавирус індеті кең та­ра­лып, ел қиналып жатыр. Науқастар саны да артқан. Түркістан облысында COVID-19 анық­талған науқастар саны 2 391-ге жетті. Өкі­нішке қарай, жасанды тыныс алу ап­па­раттары мен дәрі-дәрмек жетіспеушілігі бай­қалып отыр. Сондықтан партия бастамасымен  өңірдің белсенді жастарынан құралған  Jas Turkistan еріктілер қозғалысы құрылып, осы жобаларды бастап кетті. Бұл жоба облыстық  Қоғамдық  денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп атқарылады. Бұл игі бастамаға партия өкілдері, мәслихат депутаттары қолдау көр­сетіп жатыр. Пандемиямен күресте, мұқтаж отбасыларға көмектесуде аталған жобалар тиімділігін көрсетеді  деп сенемін. Осы қиын кезеңде елге көмектесуге барша азаматтарды атсалысуға шақырамыз, – деді ол. Жалпы,  бұл жобаға қазір облыстық мәс­лихат депутаттары – Нұралы Әбіш (5 млн тең­­ге), Алмас  Салимов (1 млн теңге), Жаңа­бай Ағабеков (1 млн  теңге), Мағауия Тұрыс­бе­ков (875 мың теңге), Қайнар Аббасов (767 мың теңге), Баймахан Сүлейменов (200 мың теңге) қаржы аударды. Сонымен бірге  Жазира Ыдырысова (1 млн 50 мың теңге) мен Инара Намазбаева (400 мың теңге) сынды ел жана­шырлары да ақшалай қолдау көрсетіп отыр. Өңірдегі волонтер жастар ауруханалардағы нау­қастарға саумал мен қымыз және азық-тү­лік жеткізуді қолға алды. Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Амалбек  Өміртай мен «Jas Otan» Жастар қанатының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жансерік Жұман жобаларды жүзеге асыруға ауыл-аймақтағы жастар да үлес қоса­тынына сенім білдіріп, сауапты іс тұтас об­лыс­ты қамтитынын жеткізіп отыр.  

М.ХАҚНАЗАР