Иә, 2020 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша жеңіл өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 8 пайызға көбейді. Тоқыма бұйымдарының өндірісінде – 8,4 пайыз, былғары өнімдері – 6,6 пайыз және киім өндірісінде 2,1 пайыз өсім байқалады. Шенеуніктердің айтуынша, саладағы оң нәтиже мақта талшығы, дайын тоқыма бұйымдары, сырткиім, баскиім, шұлық пен аяқкиім өндірісінің ұлғаюы есебінен болған. «Көбінесе отандық өндірушілер қорғаныс саласы мен арнайы киімдер тапсырысын орындауда. Осылайша, өндіріс ошағында әзірленетін өнім сұранысқа ие болып, кепілді сатылымды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар биыл тұрғындарды маскамен қамтамасыз ету мақсатында өндіріске 70-тен астам тігін кәсіпорындары қосылды. Олар тәулігіне дәке мен бөзден 700 мың бетперде шығарады», – делінген министрліктің баспасөз қызметі таратқан хабарламада. Алайда Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының президенті Любовь Худова бұл ақпаратты ішінара терістеп отыр. Оның пікірінше, осынау қиын-қыстау кезеңде мемлекет пен бизнес бірлесіп әрекет етпеген. Үкімет жеңіл өнеркәсіпті қолдаса, адам ресурстарын үнемдеп, әлеуметтік шиеленістердің алдын алып, дағдарысты оңай еңсерер едік. – Басында маска өндірісін бізге тапсырған. Кейін бұл өндіріс Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты фармацевтикалық 4 компанияға берілді. Ал Ресей, Өзбекстан сынды көршілеріміз маска тігуді жеңіл өнеркәсіпке басыбайлы табыстаған. Құдай-ау, айналдырған 4 фармацевтикалық компанияның бүкіл нарықты қамтуға қауқары жоқ қой. Қорғаныс маскалары, қорғаныс киімдері, төсек жаймасы, бахила сияқты қарапайым заттарды фармацевтика өндірісіне жатқызудың не қажеті бар? Осы ретте өзбектердің өзі бізден ақылды болып шықты, – деп қынжылады қауымдастық басшысы. Сарапшы осыдан 27 жыл бұрын дайын бұйым шығаратын бірде-бір кәсіпорны болмаған Өзбекстанның бұл қадамын реформаторлық шешімге балайды. Ал Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіп саласының карантинге дейін де жағдайы мәз емес еді. Қазір тіптен нашарлай түскен. Пандемия кесірінен ешқандай кіріс жоқ, маусымдық тауарлар қоймада бостан-босқа іріп-шіріп жатыр. Қызметкерлер жалақысыз еңбек демалысына кеткен. – Карантин аяқталғаннан кейінгі біздің компаниялардың жағдайын елестету ауыр. Доллардың қымбаттауы шикізат сатып алуда қосымша қиындықтар туғызады. Себебі импорттық құрамдас бөлшектерді жеткізу Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі үшін өте маңызды, – дейді Любовь Худова. Импортқа тәуелділік те өз нарығымызды өзімізге игертер емес. Сөрелерімізде Қытай мен Түркиядан, Ресей мен Қырғыз Республикасынан әкелінген тауарлар толып тұр. Шикізатқа шылқып отырсақ та, жеңіл өнеркәсіптің жалпы ішкі өнімдегі үлесін көбейте алмадық. Ел азаматтарының үстіндегі киімнің 70 пайызы – импорттық. Любовь Худованың сөзінше, бүгінде Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп саласында 2 млрд доллар заңсыз айналып жүр. Отандық тігіншілер ішкі қажеттіліктің 8 пайызын ғана өтейді. Мамандардың пайымынша, жеңіл өнеркәсіптің әлеуметтік бағытын ерекше ескеру керек. Мысалы, Ресей билігі жеңіл өнеркәсіп өкілдерінің жайын ұғып, саланы қолдау шараларын енгізе бастаған. Орыс үкіметі 2020 жылдың 18 сәуірінде жеңіл өнеркәсіпті пандемиядан зардап шеккен салалардың тізіміне қосуды ұйғарды. Киім, аяқкиім және аксессуарлар сатумен айналысатын компаниялар мемлекеттік қолдаудың арнайы шараларын қолданады. Қырғыз Республикасында жалпы ішкі өнімнің 30 пайызы жеңіл өнеркәсіпке тиесілі, ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 1 пайызға да жетпейді. Озық технологияға иек артқан Жапония мен Оңтүстік Корея да жеңіл өнеркәсіптен қол үзбеген. Азия алпауыттарында жеңіл өнеркәсіп өнімі ішкі нарықтың 80 пайызын қамтиды. Бізде қолда бар шикізаттың өзін ұқсату қиямет-қайым. Бәрі сырттан тасымалданады. Терінің 15 пайызы ғана игеріледі, жүн мүлде тапшы. Өйткені Ресей мен Қытайдан келген алыпсатарлар жүннің түгелін шетел асырып жібереді. Жүн өңдеу орталықтары саусақпен санарлық. Ауылдағы ағайын жүнді отқа жағады немесе қоқысқа тастайды. Қысқасы, жүн шикізат ретінде бағаланбайды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегінше, тігін кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында Azala Textile ЖШС дәке шығаратын 9 станокты іске қосып, өндіріс көлемін 8 есе арттырған. Өндірістік цикл мемлекетаралық стандартқа сай жолға қойылған. Сондай-ақ кәсіпорын тығыздығы төмен тазартылған мақта матасын шығарады. 2020-2022 жылдары қолданыстағы жобаларды кеңейтуді ескеріп, 1486 жұмыс орны ашылатын, жалпы құны 27,384 млрд теңгелік 19 жобаны іске қосу жоспарланған. Жергілікті атқарушы органдарға жеңіл, жиһаз өнеркәсібі мен құрылыс материалдарын мемлекеттік сатып алуда жергілікті қамту бойынша нысаналы индикаторлар белгіленген. Жеңіл және жиһаз өнеркәсібінің тауарлары 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілетін тауарлар, жұмыстар мен қызметтер тізбесіне енгізілген. Бүгінде жеңіл өнеркәсіп саласында 1 130 кәсіпорын жұмыс істейді, оның 97 пайызы – шағын кәсіпорындар, салада жұмыс істейтіндердің саны – 17,9 мың адам. – Нарыққа жұмыс істеген компаниялар тығырыққа тірелді. Сауда орталықтары жабылды. Ал жеңіл өнеркәсіп өндірісі көлемінің ұлғайғаны мемлекеттік тапсырыс есебінен деп ойлаймын. Мемлекеттік тапсырысты орындайтын тігін цехтары арнайы киімдер мен аяқкиімдер, әскерилерге арналған жабдықтар жасайды. Бұрын-соңды болмаған 8 пайыздық өсім мен үшін жұмбақ, – дейді Любовь Худова. Қауымдастық президенті кәсіпкерлерге салынатын салықты азайтып, субсидияны көбейту қажет деп санайды. Рас, халықаралық тәжірибеде экономикалық экспансияға төтеп беру үшін жеңіл өнеркәсіптің үлесі 30 пайыздан кем болмауы керек. Әзірге бұл көрсеткіш бізге қол жетпес арман іспетті.