Гонконг бостандығынан айырылды
Гонконг бостандығынан айырылды
267
оқылды
Гонконг – Қытай құра­мындағы арнайы әкімшілік аудан. Сонау 1842 жылы Британия оны жаулап алып, Нанкин келісімі бойынша өз құрамына қосқан. Алайда 1898 жылы келісім қайта жасалып, аралды ағылшындар 99 жылға жалға алады. Аталған құжат қазіргі Қытаймен емес, Цин империясымен жасалса да, Британия өз міндеттемесінен бас тартпады. Келісім бойын­ша, Гонконг 1997 жылы Қытайға қайтарылу керек еді. Солай болды да. Дегенмен Британия құрамында болған аралды оңайлықпен бере салған жоқ. Себебі 99 жылда арал әлемнің ең бай қаржы орталықтарының біріне айна­­лып үлгерді. Оған қоса, британдық құқық пен ереже орнаған демократиялық, ашық қоғам құрылды. Яғни, жоспарлы экономикадағы коммунистік Қытайға мүлде кереғар еді. Ал 1997 жылы жасасқан жаңа келісімге сай, арал 50 жылға, яғни 2047 жылға дейін автономия құқығына ие болып, заң шығару, полиция, ақша айналымы, миграция саласын өзі басқаруы керек болған. Бұдан бөлек, тәуелсіз субъект ретінде халықаралық ұйымдарда Қытайдан бөлек өкілдігін сақтап қалған. Осылайша, «бір ел, екі жүйе» принципі басшылыққа алын­ды. Басқаша айтқанда, 1997 жылдан бері Гонконг ресми түрде Қытай құрамында болғанымен, де-факто егемен ел болды десек, артық емес. 1990-жылдардың соңында Қытай экономикасы әлсіреген, халқы кедей, халықаралық аренада салмағы жоқ ел бола­тын. Бәлкім, сондықтан да аталған шартқа келіскен  шығар. Алайда 20 жыл өткен соң көрші ел түлеп шықты. Қуат жинады. Экономикасын нығайтты. Армиясы да осал емес. Мүмкін, осы факторлар өз жерінде өз билігін жүргізуге итермегелен шығар. Қысқасы, Пекиннің 2047 жылды күт­кісі жоқ. Олай деуге негіз бар. Былтыр Гонконг басшысы Кэрри Лам арал территориясында күдіктілерді ұстап, экстрадиция жөнінде келісім жасалмаған елдерге жіберуге рұқсат беретін заң жобасын ұсынғанда 9 мау­сым күні миллионға жуық гонконгтықтар көшеге шықты. Соңы полициямен қақтығысқа ұласты. Олар бұл бастаманың артында Пекиннің ұзын құ­рығы тұр деп қауіптенді. Қытай Гонконгты құқық­тық тұрғыда «жаулаудың» келесі кезеңіне биыл тағы көшті. 30 маусым күні Қытайдың жоғарғы заң шығару органы –  Бүкілқытайлық халық өкілдері жиыны Гонконгтың ұлттық қауіпсіздігі туралы заң қабылдады. Ол өз күшіне бір күннен соң, яғни 1 шілдеде енді. Бұл күні 1997 жылы Гонконг Қытай құрамына қайтарылған еді. Басқаша айтса, Пекин арнайы осы күнге заңның қабылдануын орайластырды. Қытайдың бұл әрекеті биыл Түркия пре­зиденті Ердоғанның Айя София музейінің қайта мешіт ретінде ашылуын 15 шілдеге белгілегенін еске түсіреді. Себебі Түркияда 15 шілдеде 4 жыл бұрын әскерилер төңкеріс жасамақ болған. Саясаткерлер арнайы даталарды да өз мүдде­сіне қолданғысы келеді. gonkong1 Заң «Гонконгтың ұлттық қауіпсіздігі туралы» деп аталса да, Қытай мүддесін көздейтіні анық. Неге? Өйткені заңның келесі мақсаттары бар: ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретін әрекеттердің алдын алу, елді бөлетін, терактілерді ұйымдастыратын, оларды жүзеге асыратындарды жаза­лау. Әрине, енді Гонконг бостандығы үшін күресетін азаматтарды аталған бап­пен айыптап, жазалауы мүм­кін. Бұған дейін Гонконг кең автономия құқығын пайдаланып келген еді. Енді заңға сай, Қытайдың қауіпсіздік органдары «ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету» бойынша міндеттерін атқару үшін бұл аралда өз өкілдіктерін ашуға құқығы бар. Осылайша, Қытай бір заңның аясында «еркін арал тұрғындарын» құқықтық тұрғыда буындырып жатыр. Пекиннің мұндай әрекет­теріне ең алдымен қарсы шыққан Ұлыбритания болды. Лондон гонконгтықтарға өз азаматтығын ұсынбақ. Әрине, аралдағы 7,5 млн халық Еуропаның арғы бетіндегі тұманды басқа аралға көшіп бара қоймас. Бірақ брит болуға асыққан азиялықтар аз емес. Гонконгта бұған дейін Британия паспортын алғандар болған. Солардың көшіп келуіне рұқсат беруі мүмкін. Жалпы, Британияның бұл қадамын көпшілік күтпеді. Себебі Еуропаның өзге мемлекеттеріне қарағанда Ұлыбритания бұрынғы өзінің колониясындағы тұрғындарды жақын тартпаған. Оларға есігін айқара  ашпаған. Есе­сіне, Франция, Испания, Нидерланд, Португалия экс-колония халқына азаматтығын таратпаса да, көкірегінен итермеген. Ал бұл жолы Британия 150 жылдай қарамағында болған гонконгтықтарды қамқорлығына алмақ. Осыған ұқсас ұсынысты Австралия үкіметі де жасады. Олар Гонконг тұрғындарының өз еліне көшіп келуіне қарсы емес. Ал АҚШ жоғарыдағы заң­ға орай екі құжат қабыл­дады. Біріншісі – аталған заңды қабылдаған Қытай азаматтарына қарсы санк­ция жариялайтын заң. Оны АҚШ сенаты бекітті. Екіншісі – Гонконгты ерекше мәртебесінен айыратын президент өкімі. Енді Аме­рика аралды еркін аймақ деп танымайды, сәйкесінше ондағы компанияларға мол мүмкіндік бермейді, жоғары технологияларды сатпайды. Өйткені олар Қытайға өтіп кетуі әбден мүмкін. Екін­ші жағынан Д.Трамп Гон­к­онг секілді нарықтағы бақ­таласынан құтылғанына риза секілді. Twitter-терінде солай жазыпты. Ресми Пекин де қарап қалмады. «Біз де АҚШ-қа қарсы жауап санкцияларын жариялаймыз», – деді. Олар мұны Қытайдың ішкі ісіне араласу деп бағалады. Сырттай қарасаңыз, державалардың кезекті текетіресі. Қос ел бір-біріне бірнеше санкция жариялап, шығын келтіріп жүр. Алайда көп өтпей амал­дап, келісіп жатады. Тек Гонк­онг секілді шағын ел мен аралдар құрбан болып қала береді.  

БайғараНұрмұхамед БАЙҒАРА