Гонконг – Қытай құрамындағы арнайы әкімшілік аудан. Сонау 1842 жылы Британия оны жаулап алып, Нанкин келісімі бойынша өз құрамына қосқан. Алайда 1898 жылы келісім қайта жасалып, аралды ағылшындар 99 жылға жалға алады. Аталған құжат қазіргі Қытаймен емес, Цин империясымен жасалса да, Британия өз міндеттемесінен бас тартпады. Келісім бойынша, Гонконг 1997 жылы Қытайға қайтарылу керек еді. Солай болды да. Дегенмен Британия құрамында болған аралды оңайлықпен бере салған жоқ. Себебі 99 жылда арал әлемнің ең бай қаржы орталықтарының біріне айналып үлгерді. Оған қоса, британдық құқық пен ереже орнаған демократиялық, ашық қоғам құрылды. Яғни, жоспарлы экономикадағы коммунистік Қытайға мүлде кереғар еді. Ал 1997 жылы жасасқан жаңа келісімге сай, арал 50 жылға, яғни 2047 жылға дейін автономия құқығына ие болып, заң шығару, полиция, ақша айналымы, миграция саласын өзі басқаруы керек болған. Бұдан бөлек, тәуелсіз субъект ретінде халықаралық ұйымдарда Қытайдан бөлек өкілдігін сақтап қалған. Осылайша, «бір ел, екі жүйе» принципі басшылыққа алынды.
Басқаша айтқанда, 1997 жылдан бері Гонконг ресми түрде Қытай құрамында болғанымен, де-факто егемен ел болды десек, артық емес. 1990-жылдардың соңында Қытай экономикасы әлсіреген, халқы кедей, халықаралық аренада салмағы жоқ ел болатын. Бәлкім, сондықтан да аталған шартқа келіскен шығар. Алайда 20 жыл өткен соң көрші ел түлеп шықты. Қуат жинады. Экономикасын нығайтты. Армиясы да осал емес. Мүмкін, осы факторлар өз жерінде өз билігін жүргізуге итермегелен шығар. Қысқасы, Пекиннің 2047 жылды күткісі жоқ. Олай деуге негіз бар. Былтыр Гонконг басшысы Кэрри Лам арал территориясында күдіктілерді ұстап, экстрадиция жөнінде келісім жасалмаған елдерге жіберуге рұқсат беретін заң жобасын ұсынғанда 9 маусым күні миллионға жуық гонконгтықтар көшеге шықты. Соңы полициямен қақтығысқа ұласты. Олар бұл бастаманың артында Пекиннің ұзын құрығы тұр деп қауіптенді.
Қытай Гонконгты құқықтық тұрғыда «жаулаудың» келесі кезеңіне биыл тағы көшті. 30 маусым күні Қытайдың жоғарғы заң шығару органы – Бүкілқытайлық халық өкілдері жиыны Гонконгтың ұлттық қауіпсіздігі туралы заң қабылдады. Ол өз күшіне бір күннен соң, яғни 1 шілдеде енді. Бұл күні 1997 жылы Гонконг Қытай құрамына қайтарылған еді. Басқаша айтса, Пекин арнайы осы күнге заңның қабылдануын орайластырды. Қытайдың бұл әрекеті биыл Түркия президенті Ердоғанның Айя София музейінің қайта мешіт ретінде ашылуын 15 шілдеге белгілегенін еске түсіреді. Себебі Түркияда 15 шілдеде 4 жыл бұрын әскерилер төңкеріс жасамақ болған. Саясаткерлер арнайы даталарды да өз мүддесіне қолданғысы келеді.