Несиесін төлей алмай, өзіне қол салды

Несиесін төлей алмай, өзіне қол салды

 

Қарыз өсіп барады

2020 жылдың алғашқы тоқсанында қазақстан­дық­тардың несие бойынша борышы 26 трлн тең­геге жет­кен екен. Бұл көрсеткіш 2018 жылдың орта ши­ре­гінде, яғни 2 жарым жыл бұрын 6 трлн бол­ған. Сон­­да осы уақыт ішінде елдің несиелік боры­шы 4,3 есе­ге артып шыға келген. Қазіргі уақытта 55 мил­лионға жуық несие шарты тұр. Жоғарыда айтқан 26 трлн теңгенің 17,6 трлн теңгесі (75 пайызы) бизнес несиеге тиесілі болса, қалған 7,4 трлн теңге бөлшек несиенің еншісінде. Бұл мәселені шешу үшін мем­лекет тарапынан екі қадам жасалғаны белгілі. 2019 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жар­лығымен 3 млн теңгеден аспайтын әлеуметтік аз қам­тылған топ өкілдерінің 300 мың теңгеге дейінгі не­сиесі ке­шірілген болатын. Одан кейін 2020 жыл­дан бас­тап табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен ас­па­­ғандарға несие беруге шектеу қойылды. Соған қарамастан, қарыз алушылардың борыш көлемі азайған жоқ. Себебі аз уақыт ішінде банктер мен қар­жылық ұйымдардан алғаш рет несие алған 580 мың адам тіркеліпті. Ал несиесін төлей алмай жат­қандар қаншама. Былтыр қарызын өтей алмай жүр­гендердің банк алдындағы борышы 1 трлн тең­геге жет­кен. Одан бөлек,  90 күн бойы төлемді ке­шіктір­ген 1 млн 200 мың адам бары анықта­лып­ты. Пан­де­мия әсерінен көп адам тұрақты жұмы­сынан қағыл­ғаны талай мәрте айтылды. Сондықтан несиесін ке­шіктіргендердің саны ар­туы да мүмкін. Осының әсері­нен бе, келеңсіз жағ­­дайлар болып жатыр.  

Несие де – мұра

Жақында Батыс Қазақстан облысына қарасты Шапай ауы­лында 42 жастағы ер адам өзіне қол жұмсаған болатын. Мылтықпен өзін-өзі атып өлтірген азамат жа­нына хат қалдырған. Хатта ол несиесін төлей алмай жүріп, үмітсіздікке бой алдырғанын баяндапты. Бұл елімізде осы уақытқа дейін тіркеліп отырған алғашқы оқиға емес. 4 жыл бұрын Ақмола облысында 22 жастағы полицей дәл осы секілді фактімен өзіне қол салған. Бұл тұста қайтыс болған адамның несиесі кімге жүктелмек? Көпті толғандырған сұраққа жауап іздеп көрген едік. «Банктер және банктік қызмет туралы» Қазақстан заңына сәйкес, несиесі бар адам қайтыс болған жағдайда оның қарызы мұрагеріне міндеттеледі. Яғни, мұрагерлік тек мүлікті ғана емес, борышты да міндеттейді. Дегенмен мұрагер мұраны алудан бас тарту арқылы қарызды төлемеуіне болады. Тағы ескеретін жайт, мұраға қалған мүлік 2 миллионға бағаланып, ал қайтыс болған адамның қарызы 3 миллион болса, мұрагер тек 2 миллион қарызын ғана жабады. Қалғанын төлеуге міндеттелмейді екен. Сондай-ақ кей жағдайда сақтандыру компаниялары да қарызды өтеп беруі мүмкін. Ол алдын ала жасаған келісімшартқа байланысты. Бірақ марқұмның туысы жоқ болған жағдайда не болмақ? Мұны мұрагерлік істер жөніндегі адвокат Нариман Сүлейменовтен сұрадық. – Егер мұрагер болмаған жағ­дайда қарыз беруші (банк немесе микроқаржы ұйымы) ақшасын өндіре алмайды. Бұл кредиторға шығын болмақ. Кейбір кезде несие алушылар кепілге мүлкін қойып жатады. Осы жағдайда мұрагер болмаса, кредиторлар мүлікті өндіріп алуға құқылы. Бұдан бөлек, кәмелетке толмаған баланы борышкер келісімінсіз банктер мұрагер ете алмайды. Шешімді баланың қорғаушысы немесе қамқоршысы қабылдайды. Ол адамды жергілікті әкімдік арқылы анықтайды. Орган қызметкерлері белсене атсалысуы тиіс, – дейді маман. Банк төлемақының өсімін мұрагерге жүктемеуі тиіс. Егер сон­дай жағдай тіркелсе, мұрагер сот ар­қылы наразылығын білдірген жөн. Одан бөлек, тағы да күрмеулі мәселелер бар. Мысалы, еліміздегі банктер орташа есеппен 24-28 пайызбен несие береді. Дамыған елдердің өзінде бұл көрсеткіш аз. Мысалы, АҚШ-та 14 пайыз болса, Англияда 12, Қытай мен Түркияда 3 пайыз екен. Индонезия мен Нидерландта 2 пайыз ғана. Бұл елдерде қарыз алушы жазатайым бақилық болса барлық шығынды сақтандыру компаниялары өтейді. Елімізде банктен несие аларда сақтандыру қызметін банктер мәжбүрлеп ұсынады. Ол үшін төлем де алынады. Бірақ жазатайым жағдайда сақтандыру қызметі толық қаржыны өтеп беретініне ешкім кепілдік бермейді екен. Қарыз сақтандыру сомасынан асып кетсе, жүк айналып келіп мұрагердің өзіне артылады. Сондықтан несие саясаты халыққа емес, банктерге тиімді ме деген ойда қаласыз. Ал қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов болса, Қазақстанда орташа жалақы халықтың шынайы кірісін көрсетпейтінін айтып, медианалық айлықты нақтылау керек деп есептейді. – Елдегі орташа жалақы 203,9 мың дейді. Алайда адамдардың көп бөлігі мұндай табыс таппайды. Медианалық айлық 100 мыңнан әзер асады. Енді қараңыз, қа­зақстандықтардың күнделікті азық-түлікке жұмсайтын шығыны артып барады. 2006-2009 жылдары азық-түлікке табысының 30 пайызын жұмсап келсе, қазір оның үлесі 50 пайызға дейін өсіп отыр. Осының бәрін есепке алуымыз тиіс. Сон­дықтан табысы аз азаматтарға несие бермеген жөн, – дейді сарапшы. Қорыта айтқанда, мұрагер болудың да өз қиыншылығы бар. Қарыз да адам артынан қалған із болып тұр. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бір нәрсені ғана айтпақ, ол – абзалы несиені алмау. Ал банктердің жоғары өсімі бөлек тақырыптың тиегін ағытпақ.  

Мадияр ТӨЛЕУ