Алматыда қылмыс азаймай тұр
Алматыда қылмыс азаймай тұр
193
оқылды
 

Статистика сөйлесін

«Алматы – 2020 даму бағдарламасының» орын­­далу барысы туралы есепке (2019 жыл бойынша ана­ли­тикалық талдауы) назар ау­дар­саңыз, «Қоғамдық қауіп­сіздік және құқықтық тәр­тіп» деп аталатын екін­ші бағыт бойынша 4 ны­саналы индикатордың үшеуінің орындал­ма­ғанына куә боласыз. Мысалы, 2019 жылы көшеде жа­салатын қылмыстардың үлесін 32,0 пайызға төмендету жоспары орындалмаған. Іс жү­зінде қылмыстың бұл түрі жалпы қылмыс атаулының 40,9 пайызын құраған. Қоғамдық орын­дарда – 32 мыңнан астам құқықбұзушылық тіркел­ген, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 3 пайызға көп. Атал­ған қылмыстың 22 мыңға жуығы көшелерде бо­лып­ты. Бұл 2018 жылға қарағанда 10,4 пайызға артық. Жол-көлік апатынан қаза тап­қандар санының 100 жапа шеккенге шақ­қанда төмендеуі 2,9 пайызды құра­ды, ал жоспар 2,4 пайызға түсіру көзделген екен, яғни ин­­­дикаторға қол жеткізілмеген.  

Полицияны шақырғанына пұшайман  болды

Ал әлеуметтік желі қолданушы­сы Әсет Аймұ­хам­бетов Алматы аре­­на стадионында жаппай төбелес­тің куәсі болып, полиция ша­қы­ра­ды. Себебі сол төбе­лестің салдары­нан спортшы балалар мен олардың ата-аналары, жаттықтырушылары мінген автобустың жолы бөгелген. Бұ­зақыларды жөнге салады деп по­лиция шақырған Әсеттің өз басы дау­ға қала жаз­дапты. Себебі поли­ция төбелес тараған соң ғана кел­ген. Сөйтіп, Әсетке «жалған қоңы­рау шалғаның үшін» түсініктеме бе­ре­сің деген. Өздерінің 40 минут­тан кейін ғана жеткенінде шаруа­лары болмаған. Алматылықтар түнгі тыныш­тық­тың бұзылуына қатысты көп ша­ғымданады екен. Қала әкімінің бло­гына жазған шағымдар мен өтініштерден де осы тақырыпты кездестірмеу мүмкін емес. Мысалы, Алматы тұрғыны Вадим Мишаков көпқабатты үйде тұрады, пәтерінің балконы астындағы жекеменшік үйдің иті түні бойы үріп шығады екен. «Ит иесіне көр­шілеріммен бір­ге бірнеше рет ескерту жасаға­нымызбен, нәтиже шықпады. Ал ол иттің түнде үруі Әкім­шілік құқық бұзушылық кодексінің 437-бабын бұзу болып саналады. Аудандық по­лиция бөлімшесіне жазған шағым­дарымыздың ізін таппай қала­мыз. Учаскелік полицей бір рет қана келіп кетті, оның келгенінен де ештеңе өзгермеді» деген қала тұр­ғыны қала әкімінен көмек сұрау­ға мәжбүр болған. Алайда олар әкім­шілік те, полиция да шағымы­мызға құлақ асар емес деп налиды.  

Карантин талабы қайда?

Полициядан күдер үзген алма­тылықтар қала әкіміне хат жолдауды жөн көрген.  Қала басшысының блогына хат жолдаған  Валентин Ку­вычко 9 шілде күні Төле би мен Б.Момышұлы көшелерінің қиы­лы­сында орналасқан «Алмалы» мейрамханасында болып жатқан сауық-сайранды әшкерелеп беріпті. Ол түнгі сағат 23.16-да тұтас үйдің тұрғындарының тынышын бұзған мейрамханадағы той-томалақты бейнежазбаға түсіріп алып, дәлел ретінде әкім блогына жүктеген. Ал  елімізде 5 шілдеден бастап екі ап­таға күшейтілген карантин режимі енгізілді, күні кеше бұл режим 2 тамызға дейін ұзартылды. Карантин талабына сәйкес, ойын-сауық, от­басылық, еске алу шараларын өт­кізуге тыйым салынды Яғни, каран­тин талаптарының орындалуын Алматы полициясы да, әкімшілгі де қадағалауға қауқарсыз секілді.  

Баланы зорлау тыйылар емес

Күні кеше, нақтылысақ 11 шілдеде  Алматыда Екібастұздан келген 1989 жылы туған Ш. есімді азамат  Покровская көшесінде орналасқан үйлердің біріне кіріп,   15 жастағы қызды зорлап, пышақпен қорқытып,  сол үйдегі 17 мың долларды ұрлап кетті. Әрине, кейін Түрксіб аудандық Полиция басқармасы қаскөйді ұстап, қылмыстық іс қозғады. Бірақ полиция ұры-қарыны қылмыстан кейін емес, қылмыстың алдын алса, пайдасы көбірек болар еді.  Алматының бас полицейі жақында берген сұхбатында «...көбі әлеуметтік желіде қаланы ашқан соң басқа өңірлерден келіп, жаппай ұрлық жасап, тонау, адам өлтіру оқиғалары болатынын жазып жатыр. Олай болмайтынына сенімдімін. Біз қандай жерде және не болып жатқанын білеміз» деген екен. Бірақ Екібастұздан келген қылмыскердің ісі алматылық полицейдің сөзін жоққа шығарғандай.   kilmis  

Әкімдік тып-тыныш

Карантин барысында блок-бекеттер қойылып, жұрттың еркін жүріп-тұруына шектеулер қойылғаны белгілі. Алайда сәуір айында үйлену тойды атап өткісі келген кортеж аталған бекеттерден өтіп кеткен. Олардың арасында Алматы Криминалды полициясы басқармасының басшысы Жанболат Зиадин де болған. Кейін ол жұмы­сынан қуылды. Ал 25 мамыр күні Алматыда блок-бекетте күзетте тұрған полиция көлігін мас жүргізуші өз көлігімен соқты. Көлікте болған қос полицей көз жұмды. Оларға соқ­тығысқан әрі араққа сылқия тойған азамат та экс-полицей бол­ғаны кейін мәлім болды. Ішкі істер саласы үшін үлкен кемшілік. Алайда аталған оқиғалардың барлығы Алматы қаласының аумағында болды. Осыған қарамай қала басшылығы тәртіпті қатаңдату, полицейлердің өзін тәртіпке салу туралы ләм-мим демеді.  

Өзің диуанасың, кімге пір боласың?

Қалада қылмыспен күресуге полицей саны жетпейтіні жиі айтылады. Сөйтсек, алматылық полицейлердің қолы «аса маңызды» мәселеден босамай жатыр екен.  Иә, олар дәл қазіргі уақытта Кентал есімімен танылған әншінің соңына түскен. Әлқисса, алматылық по­лицейлер әлеуметтік желілерді ба­қылау кезінде  осыдан 4 жыл бұрын жарияланған бейнекадрға тап болыпты. Ол бейзенжазбада  полиция қызметкері бейнесіндегі ер адам: «Бәріңе сәлем, достар! Кім күйзеліске душар болса, жүрегі ауырса, жұмыста, отбасында қиындықтар туындаған болса, біреуді несие қинаса. Уайымдамаңыз. Бәрібір бәріміз де өлеміз» депті. Ол    әнші және актер Талғат Кенжеболатов (Кентал) болып шыққан. Алматы полициясы Т.Кенжеболатовтың іс-әрекетіне қатысты жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша құқықтық баға беріледі, Қазақстанда коронавирус инфекциясының таралуына және қайғылы оқиғаларға байланысты қалыптасқан жағдай аясында мұндай үндеулер, тіпті әзіл үшін болса да, әсіресе полиция формасын қолданғаны орынсыз деп «жаңалық» ашып отыр.  Ол аздай, арнайы батальон қызметкерлері әншіге ештеңе түсіндірместен, учаскеге алып кеткен. Ал әнші бұл вайн осыдан 4 жыл бұрын түсірілгенін айтып әлек. Ендеше 4 жыл бұрынғы бейнежазбаны коронавируспен байланыстырудың қандай қисыны бар? Полиция абыройын ойласа, неге 4 жыл бұрын  құқықтық баға бермеген? Ең қызығы, әнші Кентал өзіне қысым жасаған полицейдердің бірі әлгі тырдай жалаңаш болып жастықпен суретке түсіп, флешмобқа қатысқан Берік Әбілбеков екенін жазды. Мұндайда «Өзің диуанасың, кімге пір боласың?» деген қазақтың сөзі еске түседі.  

Тұрғындар неге наразы?

Алматылықтар қаладағы полицейлер жұмысына аса разы емес. Мысалы, кеше ғана «Ангел» бала қауіпсіздігі орталығының жетекшісі Зарина Жұмағұлова Facebook-тегі парақшасында  полицейлердің жауапсыздығы туралы жазба жариялады. Ол түн тыныштығын бұзғандардың үстінен шағымдану үшін «102» нөмірін терген, алайда оның қоңырауы төтенше жағдай қызметіне, яғни «112-ге» жіберілген, төтенше жағдай қызметі «102» нөміріне кері бағыттаған. Ал «102» нөмірінде ешкім жауап бермеген. Осылай  «102» мен «112» нөмірінің арасында сабылып қалған. Үшінші рет телефон шалып, «Төтенше жағдай қызметіне неге қосасыз?» деген сұрағына, «Себебі сіздің телефоныңыз Қытайда жасалған» деген жауап алған.  Телефон маркісіне қарап, қоңырау қабылдайтын қызметті алғаш естуіміз. Ең қызығы, жазба астына пікір қалдырғандар да осындай жағдайға тап болғанын айтыпты. Яғни, мұндай жайттар Алматыда жиі қайталанатын болып тұр ғой. Батыс елдерінде қала мэрлігіне кандидат болған кез келген азамат қала қауіпсіздігіне ерекше назар аударады, тіпті бөлек бағдарлама стратегия жариялайды. Бүгінде Алматы әлемдік деңгейдегі мегаполиске айналғанын ешкім жоққа шығара алмас. Алайда әсем қалада жоғарыда айтылған қылмыс түрі мен санының азаймай тұрғаны қынжылтады. Шаһардың тыныш ғұмырына жауапты Алматы әкімдігі мен Полиция департаменті қайда қарап отырғаны белгісіз.  

халимаХалима БҰҚАРҚЫЗЫ