Кинодағы дау: екі түйе сүйкенсе...
Кинодағы дау: екі түйе сүйкенсе...
© коллаж: Қуаныш Аманғали
187
оқылды
Хатқа қол қойғандардың қата­рында Еңбек ері Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық әр­тісі Нұржұман Ықтымбаев, бел­гілі режиссер Сатыбалды Нарымбетов, Болат Қалымбетов, Рүстем Әбдіраш және тағы басқа кино саласының майталмандары бар. Олар хатында: «Бір жылдан бері дау-дамай мен текетірестер басыл­май келеді. Кәсіби киногерлер дау-дамайдан арылмай отыр. Нағыз шығармашылыққа орын қалмады. Біз мұның бәрі осы сала министрлігінің ойланбай жасаған әрекеттерінің салдары деп білеміз. 2019 жылдың наурызында «Ұлт­тық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КАҚ құрылып, оған республикалық кино өндірісінің барлық негізгі мәселелерін шешу құзыры берілді» дейді. Сондай-ақ киногерлер бұл орталық же­тек­шілеріне қарсы Сыбайлас жем­қорлықпен күрес агенттігінің қылмыстық іс қозғағанын да мысалға келтіріпті. Өткен жылдың тамыз айын­да «Қазақфильм» АҚ басшы­лығына Арман Әсенов тағайындалады. Жарты жыл өтпей жатып, Мәдениет және спорт министрінің Әсеновті орнынан босату туралы бұйрығы шығады. Бұған министрліктен тыс кәсіби қоғам араласып, министрдің ол шешімін жоққа шығарады. Сөйтіп, Әсенов ор­нына қайта келеді. Алайда «9 мау­сым күні А.Әсенов мырза және киностудияның басқарушы дирек­торы Қ.Төребаймен бірге Нұр-Сұлтанға шақырылып, Мәдениет және спорт министрлігі оларға басқа жұмысқа ауысатынын хабарлады. Демек, А.Әсенов Ұлттық киноны қолдау орталығының төрағасы, ал Қ.Төребай «Қазақфильм» киностудиясының президенті болып тағайындалатынын мә­лімдеген. Ешбір күмәні болмаған А.Әсенов пен Қ.Төребай арыз жазып, Алматыға ұшып кеткен. Бір ай үнсіздіктен кейін «Қазақфильм» президенті болып режиссер Ақан Сатаевты тағайындап отыр» дейді киногерлер. Олардың жаңа тағайындалған басшыға еш қарсылығы жоқ. Тек бірнәрсені түсінбей отыр: осы арқылы министрлік өрескел қателік жасап отырған жоқ па? Әсеновтің «Қазақфильмнің» тізгінін ұстағанына 9 ай болған. 9 айда ол нәтиже көрсетіп үлгере ала ма? Киногерлер кино саласында жүрген азаматтардың арасында жікке бөлінушілік пайда болғанына алаңдаулы. Бұл дау-дамайды өршітпесе, бәсеңдетпейтіні анық. Ат төбеліндей ғана киногер қауым­ды жікке бөлгенде не ұтады? Киногерлердің де уайымы – осы. Бұған дейін де Ермек Тұрсынов кино саласындағы қателіктер мен кемшін тұстарын жіпке тізгендей етіп, баяндап берген-ді. Бұған да ешкім құлақ аса қойған жоқ. Сонда қазақ киносының көшін ілгерілету, дамыту, оны биікке шығару мақсат емес, бір-біріне қарсы салу, дау-дамайды өршіту алдыңғы қатарға шығып кеткен бе? Мәдениет және спорт министрлігіне Әсеновтің қай қылығы жақпай қалды? Әлде... біз білмейтін тағы бір сырлар бар ма? Ал киногерлер қауымы Президенттің өзі араласып, осының шешімін тауып бергенін сұрайды...  

Академиялық театрдан да шу шыққан-ды

Естеріңізде болса, ақпан айын­да Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театр ұжымы да Мемлекет басшысына хат жазған еді. Олар театрдың директорының орнынан кетпегенін қалап, Прези­денттен көмек сұраған. Хатта: «1 жыл­ға жуық қызмет атқарған Сәбит Әбдімүтәліпұлы Әбдіхалықовты лауазымынан босатады деген әрекеттер Сізге хат жазуға мәжбүрлеп отыр. Директорды қандай себеппен лауазымнан алып тастайтыны бел­гісіз. Тағайындалатын жаңа ди­ректордың қандай себеппен қойы­лып жатқаны да бізге беймәлім. Директордың денсаулығына байла­нысты лауазымынан босату туралы арызы мәжбүрлі түрде жасалған деп есептейміз. Ұжымның көкейін мазалаған осы сұрақтарға жауап алу мақсатында ҚР Мәдениет және спорт министрлі Ақтоты Райымқұловаға хат жолдадық», – делінген. Сонда режиссер Алма Кәкішева: «Біреуді сынап, біреуді мінеу емес – басты мәселе. Коллективтің өнерге бол­сын деген құрметінен туындап отыр­ған дүние. Біз директорды өзіміз сайламаймыз. Оны тағайындап, әкеліп отырғызады. Кезінде Сәбит Әбдіхалықовты басшы ретінде әкеліп таныстырғанда көпшілігіміз «тосырқай» қарағанымыз да рас. Осы театрда өміріміз өтіп келе жатқан соң, қанша басшының ауысқанын көрдік қой. Кейбіреулер директордан тұлға іздейді. Директордың тұлға болуы шарт емес. Директордың өзі­не тән нақты міндеті бар: ол – менед­жерлік», – деген еді. Шығар­машылық ұжым көбіне директор­дың бойында менеджерлік қасиет басым болғанын қалайды. Ол шы­ғармашылық адамының емін-еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Амал не, ұжым Президентке хат жазып, көмек сұрағанымен, көп ұзамай театр директоры Сәбит Әбдіхалықов денсаулығына бай­ланысты «өз еркімен» жұмыстан кеткен-ді. Ұжымның наразылығы неден туындады? Әр басшы келген сайын жаңа реформалар болатыны белгілі. Актер қауым осындай ретті-ретсіз «реформалардан» шаршаған болуы керек. Амал не, ұжымның талап-тілегі ескерілген жоқ.  

Директорды ауыстыра бергеннен ұтамыз ба?

Әбдіхалықов іскер басшы болса, оның жұмыс істей беруіне не кедергі еді? Шын мәнінде, оның денсаулығындағы «кінәрат» жұмыстан кетуге себеп болды ма? Білуімізше, бұл мәселелердің астарында мүлдем басқа нәрсе жатыр. Яғни экс-министр мен жаңа министрдің көзқарасы бір-біріне «қайшы» келген сияқты. Ұжымға «сүйкімі» болған Әбдіхалықовты да, Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясын тәп-тәуір басқарып жүрген Асхат Маемировті де қызметінен кетірген қайшылықтар осы болуы мүмкін. Әйтпесе, 9 ай ғана қызметте отырған Әсенов кімге жақпай қалды, неге жақпай қалды? Әсенов: «Екі өтінішім де 8 маусым күні жазылды. Ал 9 маусымда мені жұмыстан босату туралы бұйрық шықты. Ал Ұлттық киноны қолдау орталығы басшысына тағайындау туралы бұйрықтан хабар жоқ. Мен үшін біртүрлі түсініксіз оқиғалар болып жатыр», – дейді. Арман Әсенов заңға жүгініп, сотқа берер болса, өз қызметін қайтып сақтап қалар еді. Бірақ ол мұндай әрекетке барғысы жоқ. «Мен министрдің уәдесіне сенемін. Оның үстіне, Ақан Сатаевты да ерекше құрметтеймін. Оған да қолдау қажет» деген пікірді алға тартады. Режиссер Ақан Сатаевтың кино саласында білікті маман екені көпке белгілі. Дегенмен киногер қауым ауыс-түйістен әбден шаршаған. Олар тек алаңсыз жұмыс істегісі келеді. Бірі даттап, бірі жақтап, жік-жікке бөлінген топтың арасында қазірден алауыздық жүріп жатса, шығармашылық өрлей ме? Иә, мұндай ауыс-түйістер түрлі министрліктерде кездесетін-ақ жайт. Алайда өнерге бюрократиялық қақтығыстарды араластырған дұ­рыс па? Кейбіреулер «екі министр­дің кадрлық қақтығысы» деген бол­жамдар айтып жатыр. Жоғары­дағыдай жағдайларға қарасаң, осылай деп ойлауың да мүмкін.   P.S.  

Сонда «әрі тарт та бері тарт» деу­мен мәселені тікелей Прези­дентке апарып тіреудің қандай қа­жеттілігі бар? Әр саланың тиісті жетекшісі бар. Неге әркім өз жұмысына жауап бермейді? Текетірес туды ма? Туды. Текетіресті туғызғандар неге жауап­кершіліктен жалтарады? Әр саланың дау-дамайын осылай тек Мемлекет басшысының төрелігіне жүктеу жүйелі жұмыс­тың жоқтығын, мемлекеттік меке­мелердің мүкіс те мүшкіл халінен хабар береді.

 

Аяулым БЕКТҰР