Төрт адамның өмірін жалмаған қызғаныш па, әлде ақша ма?
Төрт адамның өмірін жалмаған қызғаныш па, әлде ақша ма?
217
оқылды
 

«Махаббат үштігі» деп ақпарат таратқандардың көздегені не?

Шымкент қалалық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 12 шілде күні сағат 18.20 шамасында Шымкент ҚПД Қаратау ауданы Полиция басқармасының «102» сымтетігіне жергілікті тұрғыннан Қара-бура көшесінің бойындағы нөмірсіз үйдің алдында Toyota Corolla маркалы автокөлігінің ішінде жан тапсырған екі ер-азаматтың денесі табылғаны туралы хабар­лама келіп түскен. Жедел-тергеу тобының қызметкерлері оқиға орнын тексеру барысында атал­ған көліктің ішіндегі 32 және 40 жастағы екі ер азаматтың атыс қаруынан жарақат алғаны  анықталады. Сонымен қатар үйдің ішін тексеру кезінде  40 жас­тағы ер азамат пен 28 жастағы әйелдің мәйіті табылған. Оқиға болған орында айғақты зат ретінде екі атыс қаруы, оқ-дәрілер және қорғаныс құралы тәркіленіп алынған. Бүгінгі таңда аталған факті Сотқа дейінгі тергеп-тексеру бірыңғай тізіліміне  Қылмыстық кодекстің 99 және 287-баптарымен тіркеліп, тиісті сараптамалар тағайындалып, жедел-тергеу іс-әрекеттері жүргі­зіліп жатыр. Айта кетейік, алайда жауап­ты органның осы ресми мәлім­демесі шықпай тұрып, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері ертесіне оқиға орнына барып, көршілермен сөйлесу арқылы «Махаббат үштігі» деген тақырып­пен ақпарат таратқан. Әйелін қызғанған ер-азамат екі жігітті жайратып, одан соң әйелін, кейін өзін-өзі атқан деген жорамал әлеуметтік желі мен бірқатар телеарнаны, сайтты шарлап кетті.  

Марқұм жігіттің туыстары наразылық білдіруде

Ал осы кезде Toyota Corolla көлігінде құрбан болған жігіт­тің туысқандары ақпарат құрал­дарының өкілдеріне ренішін білдіріп, әлеуметтік желі арқылы жанайқайын жеткізді. Көлікте болған марқұм Нә­дір Дарбишевтің інісі Мадияр Дарбишев нағашыларының қолында өскен екен. Ағасы Нәдір 2005 жылдары Ташкенттен көшіп келіпті.   «Біз сыртқа жаман атымыз шықпаған, сон­дай біртоға өзімізбен өзіміз жүрген отбасы едік. Нәдір де ақкөңіл, мейірімді өзінің жұмысы туралы, проблемалары жайлы отбасына ешнәрсе айтпайтын. Үнемі күліп жүретін, әзіл аралас сөйлейтін нағыз ер-азаматтың бірі еді.  Негізінде, бұлар үшеуі бір салада «Қазтрансгазда» жұмыс істеп, жолдас болып жүр­ген. Кейін бұлар бөлек-бөлек фирма ашып, жұмысшылар алып бөлініп кетті. Атыс болған үйдің иесі Фаррух өзі кейінгі кезде басқаша болып, сақал қойып, шалбарының балағын қысқартып, басқа дінге кіріп, өзгеріп кеткен болатын.  Бұлар жұмыстары бір болғанымен, соншалықты араласпайтын. Бірақ Фаррухтың ағама қарызы болған екен. Сол күні Нәдір ағам бізді үйлеріне қонаққа шақырған. Сағат күндізгі  3-тен өте жолдас жігіті Мураджан хабарласып:  «Ақшамызды алып келейік, менімен жүр» деп алып кетіпті. Біз сол үйде болатынбыз, жұмысынан еш кешікпейтін Нәдір кеш түссе де, үйге қайта қоймады. Сағат кешкі 9-дан өте әкесіне біреу қоңырау шалды. Әкеміздің жанайқайы шықты. Жанына жүгіріп барып едік, Нәдірді біреу атып кетіпті дегенді естідік. Жанұшырып, өлі-тірісін білмей айтылған мекенжайға жеттік. Келсек, оларды мәйітханаға алып кетіпті. Есеңгіреп қалдық», –дейді Мадияр бізбен әңгімесінде. Мураджан мен Нәдір балалар үйіне, жалпы кембағал адамдарға қайырымдылық жасап жүретін еңбекқор адамдар болған деседі. Ал Нәдірдің туыстары «Махаббат үштігі» деп таратылған ақпаратқа қатты наразы болып отыр. «Қатты намыстанып, ренжіп отырмыз. Әйелі, алтын асықтай 3 ұлы бар Нәдірдің мұндайға бармайтынына сенімдіміз. Егер солай болған күнде де тапа-тал түсте жолдас жігітімен бара ма? Оған қоса, Фаррух егер қарапайым адам болса, сонша қаруды жанына алып жүре ме? Полицейлер бірнеше қару, пышақ тәркілеген. Тергеу 3 ай бойы жүреді екен. «Оған дейін ешнәрсе айта алмаймыз», – дейді Полиция департаментінің басшысы. Ал «журналистердің  жалған ақпаратты таратқанына қатты күйініп отырмыз, әйелі есін жинай алмай отыр. Осындай сенсация қуатындардың сал­дары талай жанға зардабын тигізуде. Жалған ақпаратты жариялаған жергілікті  «Отырар» телеарнасының журналисі кеше келіп, кешірім сұрады. Бірақ телеарна арқылы кешірім сұра­ған жоқ. Сол себепті әлі де құзыр­лы органға шағымданамын. Нәдір­дің әруағын былғамайын деп шырылдап жүрмін», – дейді марқұмның інісі. Иә, еліміздің заң талаптары бойынша тергеу мүддесі үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыс­тары аяқталмай, басқа деректер ресми жаряланбайтыны анық. Алайда ақпарат күтіп тұрмайды. «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» дегендей, бір дерек көзі арқылы бірнеше сайт түрлі болжам жасай беретіні рас. Дегенмен оның зардабы да бар екенін естен шығармаған жөн-ау.  

Олар тұрғындарға газ құрып берумен айналысыпты

Сонымен, біз оқиға болғаннан кейінгі жағдайға толық куә болған, «102» кезекші бөліміне хабарласып, полицейлерді шақыр­­ған көршісімен сөйлестік. Аты-жөнін көрсетпеуді өтінген ол жағдайды баяндап берді. «Кешкі сағат 18-ден өте жұмыстан келсем, көшеде 12-13 жас шамасындағы он шақты бала велосипедімен қарама-қарсы көршімнің үйінің алдына қаумалап қалыпты. «Неғып тұрсыңдар?» деген едім, «Көке, мынаны қарасаңызшы», – деді. Қарасам, Toyota Corolla автокөлігі қарсы үйдің қақпасына тіреліп тоқтапты.  Жүргізуші жағының есігі ашық,  басы қан-жоса болған бір жігіт құлап жатыр.  Тіпті, аяғы көліктің ішінде тұр, түсіп үлгермеген. Жолаушы жағында тағы бір  денелі жігіт көліктің қорғаныс белбеуін шешпеген күйі өліп жатыр. Дереу көлігімді үйге кіргіздім де, «102»-ге хабарластым. 10 минут шамасында полицейлер бірінен соң бірі  маған қайта хабар­ласып, мекенжайды түсіндіріп жатқанда басқасы келіп жетті. Сау етіп, жан-жақтан полицейлер көшемізде қаптап кетті. 1 сағат шамасында басшылары да келіп, оқиға орны қоршалып, сызып, хаттамалар толтырылып, тексеріп жатқан. Қақпасы жабық тұрған, қоршауы биік үйде кім тұратынын бізден, яғни көршілерден сұрап жатыр. Біз «бұл үйде адам тұрмай­ды, құрылыс бітпеген» дедік. Басшылық сонда да оқиға осы үйдің сыртында болған соң бір қызметкерін қоршаудан өтіп, арғы беттегі үйді көруге жұмсады. Ол арғы бетке өтіп, іштен есік ашты. Сонда көрдік, іште тағы бір көлік тұр екен. Осы үйдің иесі Фаррухтың көлігі екенін көршілер растады.  Анда-санда сыртта тұрғанын көретінбіз. Автокөліктен  автомат, оқ шықты. Сосын полицейлер бұл оқиғаның осы үйдің иесіне қатысы бар екенін жорамалдап, атып, қашып кеткен деп болжам жасады. Осылайша, тағы тексеру басталды. 2-3 сағат­тан бері сыртта жүрген соң үйге кіріп жүрек жалғап алайын деп кетіп қалған едім. 20 минут болмай артымнан жігіттер келді. Сөйтсем, үйдің есігін ашыпты, куәгерлікке шақырып жатыр екен», – дейді ол. Терезелері темір тормен бекі­т­ілген, есігі жабық үйге кіріп, бақылау үшін полицейлер темір торды бұзып, ішке кіреді ғой. Сол кезде үйдің ішінен тағы екі адамның мәйітін көреді. Әйел мен еркек. «Үй киімдерімен сұ­лап жатқан мәйіттерді көру өте қорқынышты еді. Әсіресе, еркектің көкірегін оқ тесіп кет­кен. Криминалдық полиция қызметкерлері  ер-азаматтың авто­матпен сырттағы екеуін, сосын әйелді, одан кейін өзінің жүрегіне тақап, оқ атқанын айтты. Себебі автоматтың басына қан жұққан, яғни қаруды тақап өзін атқан. Сонымен бірге әйелмен арасында ұрыс-керіс болғанға ұқсайды, еркектің қолына әйелдің шаштары ілінген. Барлық айғақты заттар жазылып, хатталып оған қол қойдық. Үйді тінту кезінде құжаттар да шықты. Әйелді бұрын көрмеген едік. Туыстары келген соң оны үй иесінің әйелі екенін растады, 2 бала-шағасы бар екен. Жақында көшіп келіп жатқанға ұқсайды. Үйдің іші толық бітіпті. Еуропалық жиһаздар кіргізілген, жаңа үй. Бірақ қай уақытта көшіп келгені белгісіз», – деді ол. Куәгердің айтуынша, сырттағы көліктен жап-жаңа газ есептегіш құралдар, біраз ақша шыққан. Осы арқылы бұлардың газ құру­мен айналысатынын білген. «Кейбір көршілер Фаррухтың жеке үйлерге газ қоюмен ай­налысатынын айтты. Тіпті, біреулер газ қойып бергенімен, құжатын реттеп бермей жүргенін де айтып қалды. Демек, мұнда ақшаға қатысты түсініспеушілік болған болуы керек. Араларында болмаған соң нақты ешнәрсе айта алмаймыз. Қақпа да, үйдің есігі де іштен құлыптанған. Атып қашып кетті деуге еш негіз жоқ.Терезелер сап-сау, темір қоршаулар да сол күйі тұр. Не керек, сол күні түн­гі 2-ге дейін жүрдік. Ертесіне полицейлер тексеру шараларын ұйымдастырып, тағы келді», – дейді аты-жөнін көрсетпеуімізді өтінген куәгер. Ал көршілер қарудың дауысын естімепті. Себебі бір жылдан бері жақын маңдағы сайды толтыру үшін «КамАЗ» көлігі күні-түні жүк түсіріп кетіп жатады екен. Сондықтан қарудың дауысына онша мән бермеген.   P.S. Қалай болғанда да, ай­дың-күннің аманында 4 адам оққа ұшты. Қанды оқиғаның не себептен болғанын әзірге нақты ешкім білмейді.  Шімірікпестен оқ жаудырған қандықолдың әрекеті жұмбақ. Осынша жауыз­дыққа баруға кез-келген есі дұрыс адам бара бермесі анық. Мүмкін, қордаланған қыжыл ма, әлде айқай-шудан біржола тынышталғысы келді ме, кім білсін?! Не болса да, 3 отбасы аңыр­ап қалды. Ал жалған ақпарат таратушылар өздері жауап бере жатар...  

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы