Сайын даланың ерке жануарларының санын көбейтуге әсер ететін сүйінші жаңалық бар. Каспий құбыр консорциумы Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығына құны 20 млн тұратын ұшқышсыз ұшу аппаратын тарту етті. Бұл құрылғы Қазақстандағы бөкендердің тыныс-тіршілігін бақылап, тиісінше мониторинг жасап отыруға мүмкіндік бермек. Екі аяқты қаскөйлерден төнетін қауіп-қатерлерді төмендетуге ықпал ететінін де ерекше атап өткен ләзім.
Ұшу аппараты Ақмола облысы Қабанбай ауылында сынақтан өткізілді. Пайдасы мол, қаржылай құны біршама қымбат құрылғыны қауымдастыққа тапсыру рәсіміне еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев қатысты.
– Ең алдымен, Каспий құбыр консарциумы ұжымына бүгінгідей қолдауы үшін зор алғыс білдіремін. Бүгінгі таңда биоалуантүрлілікті сақтау, киіктерді қорғау сынды жұмыстар өте өзекті болып отыр. Осы жұмыстарды атқаруға заманауи технологиялардың пайдасы тиетіні сөзсіз. Браконьерлермен күрес жұмыстарын жүргізуде де бұл аппараттың көмегі орасан деп ойлаймын, – деді ол.
Каспий құбыр консорциумы еліміздегі экология мәселелерін шешу мен оңтайландыруды қолдау мақсатына соңғы үш жылда 60 млн теңге жұмсапты. Мәселен, 2016 жылы ақбөкендердің санын, көші-қонын спутниктен бақылап отыруға жол ашатын арнайы қарғыбау алып берген. Бұл жолғы ұшқышсыз ұшатын аппарат та «Киелі киік» бірлескен бағдарламасы аясында консорциумның қаражатына сатып алынды.
Каспий құбыр консорциумы АҚ бас директорының орынбасары Қайыргелді Қабылдин алдағы уақытта мұндай қолдау жалғасын таба беретінін айтты.
Жалпы, елімізде киіктер популяциясының есебі әуеден бақылау арқылы жүргізіледі. Әуе техникасын жалдау мен қолдану қымбат болғандықтан, кей аумақтарды жүйелі күзету және киіктердің мониторингісін қосымша жүргізу қиынға соғатын. Жаңа аппараттар қолданысқа берілгеннен кейін жануарлар туралы дерек жиналатын аумақтың шекарасы кеңейіп, зерттеу әдістері молайды.
Сағатына 140-150 шақырым жылдамдықпен ұша Supercam S350 осы класстағы ең техникалық сипаттамасы жетілген құрылғы саналады. Тоқтамай 4-5 сағат бойы қалықтайтын құрылғы жердегі түрлі өзгерістерді, жан-жануарларды, өзен-көлдерді фото мен видеоға түсіріп, мамандарға жіберіп отырады.
Жансая ҚАМБАР