Бұл туралы Saryarqa те-леарнасындағы брифингте Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев мәлімдеді.
– Біз жедел жәрдем шақырушылардың азайғанын көріп отырмыз. Егер бұрын бұл қызметке жүгінетіндер саны күніне екі мыңға жеткен болса, қазір әлдеқайда төмен. Сондай-ақ ауруханаға жатқызу да азайды. Бір ай бұрын бізде науқастар саны өсті. Содан кейін шамамен бір деңгейдегі көрсеткіштер тұрақты болды. Тәулігіне 500-ге жуық адам ауруханаға жатқызылды, – деді ол.
Қазіргі уақытта пульмопровизорлық және инфекциялық стационарлар 60%-ға толған. Өңірде барлығы 6 444 адам COVID-19 жұқтырған, күнделікті өсім 1,5%-ды құрайды. Қазір стационарларда 2,5 мыңнан астам адам ем қабылдауда.
Әлеуметтік медициналық сақтадыру қорында сақтандырылған COVID-19 және пневмониямен ауыратын науқастарға тиесілі тегін антибиотиктер апта соңына дейін Қарағанды облысының емханаларына түсуі тиіс. Сондай-ақ үстіміздегі жылдың қыркүйек айына дейін өңірде бес компьютерлік томография кабинетін ашу жоспарлануда.
Келесі аптада пневмония мен КВИ-дан үйде емделетіндер қажетті антибиотиктерді тегін ала алады. Облыс емханаларына 87 мың бірлік азитромицин және 100 мыңнан астам бірлік амоксициллин келіп түседі. Қажетті дәрі-дәрмекке рецептіні тіркеу орны бойынша емханаға жүгіну арқылы немесе DаmuMed қосымшасын пайдалану арқылы алуға болады.
Облыста медициналық мекемелерді техникамен қамтамасыз ету де жалғасуда. Қазір өңірде ӨЖЖ аппараттарымен жабдықталған 150 реанимациялық төсек бар. Тағы 27 аппарат осы аптада ауруханаларға түседі. Осындай 100 құрылғыны сатып алуға бюджеттен ақша бөлінді. Облыстың медициналық мекемелерінде 200 оттегі концентраты бар. Олар науқастардың қанында оттегінің қажетті деңгейін сақтауға көмектеседі. «Қазақмыс» корпорациясы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы бойынша 200 аппарат сатып алады.
Қарағанды облысының қала мен аудан әкімдері әлеуметтік желілерде жұмыс істеуді жалғастыруда. Енді әкімдіктер Facebook пен Instagram-да өз аккаунттарын жүргізуден басқа «Әкім сағаты» тікелей эфирін өткізеді. Бұл – ел бойынша баламасы жоқ бастама. Пандемия кезінде халықпен тікелей байланыстың маңыздылығын облыс әкімі Жеңіс Қасымбек атап өтті.
– Пандемия әкімдіктердің жұмысына өз түзетулерін енгізді, себебі жеке қабылдаулар өткізілмейді, халықпен жиындар мен кездесулер ұйымдастыруға болмайды. Алайда азаматтардың мәселелері, проблемалары, өтініштері көп және біз олар үшін қарапайым әрі тиімді механизм ұсынуымыз керек. Облыс тұрғындарының біздің облыста барлық деңгейдегі әкімдермен тікелей өзара іс-қимыл жасау мүмкіндігі болуы тиіс. «Әкім сағаты» ауыл және қала тұрғындарының нақты мәселелерін шешу үшін тиімді алаңға айналады деп үміттенемін, – деді аймақ басшысы.
Мұндай эфирлер аптасына екі рет өткізіледі: сейсенбі күні сағат 09.00-ден 10.00-ге дейін және жұма күні сағат 15.00-ден 16.00-ге дейін өткізіледі. Нұра ауданының әкімі сейсенбі және жұма күндері сағат 11.00-ден 12.00-ге дейін халықпен онлайн-жүздесулер өткізеді. Ұлытау ауданы да сол күндері 12:00-ден 13:00-ге дейін онлайн-кездесу ұйымдастырады. Онлайн режимінде қала және аудан әкімдері сұрақтарға жауап беріп, азаматтардың өтініштерін қабылдайтын болады.
Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы