«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен жүзеге асырылатын жаңа жобаны «Jas Otan» жастар қанаты және облыстық «Жастар ресурстық орталығы» жанынан құрылған «Jas Turkistan» еріктілер қозғалысы үйлестіретін болады, деп хабарлайды Қазақпарат. Бүгін Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының ғимаратында осы жобаларды жүзеге асыру ресми түрде басталды. Аталған басқармаға Түркиядан әкелінген екі жасанды тыныс алу аппараты ұсынылса, 20-дан астам науқасқа шалдыққан мұқтаж отбасыларға дәрі-дәрмек тапсырылды. Аппаратты жеткізуге атсалысқан Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мен елшісі Абзал Сапарбекұлына алғыс айтылды. «ӨМІР» жобасы елімізде тапшы болып отырған оттегі аппараттарын шет мемлекеттерден өңіріміздегі емханаларға жеткізу мақсатында қолға алынып отыр. Ал, «ШИПА» жобасы арқылы орта деңгейдегі дәрі-дәрмектер қорапшасын дайындап, оны ауыл-аудандардағы әлеуметтік жағдайы төмен және де аз қамтылған көпбалалы отбасыларға отбасыларға тарату көзделген. Осы жобаларды жүзеге асыру үшін ел жанашырлары, облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясының фракция өкілдері мен өзге де азаматтар қолдау көрсетіп отыр. Қазірдің өзінде қорға 10 миллион теңгеден астам қаржы жиналған. Бұл қаржының бір бөлігіне Түркия және Қытай елдеріне 50 жасанды тыныс алу аппаратына тапсырыс беріліп, олар алдағы аптада өңірге жеткізіледі. Сонымен бірге әзірге 300 дәрі-дәрмек қорапшасын елге тарату көзделген. Әрбір дәрі қорапшасының құны 14-15 мың теңге көлемінде болмақ. Қорапша ішінде Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасы тарапынан ұсынылған әрі қазір белең алып отырған коронавирус пен пневмония індетінің алдын алуға, емделуге арналған дәрілер мен препараттар бар. Алғашқы екі жасанды тыныс алу аппаратын алуға демеушілік көрсеткен «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев бұл жобалар өңірдегі жас еріктілерді игі іске жұмылдырып отырғанын жеткізді