Көш толастамайды
Көш толастамайды
152
оқылды
Облысқа 2019 жылы көш­кен­дердің 50%, яғни 1 085 адам еңбекке жарамды болса, солардың 73% тұрақты жұмысқа орналастырылды. – Облысқа мамандар керек. Қазір халықтың 19% зейнет жасындағы адамдар. Бұл – 103 мың адам. Өңір тұрғындары қартайып жатыр. Жұмыс берушілер өздеріне қажет мамандарды табу үшін оңтүстік облыстарға барып, тұрғындармен кездесіп, шақырып жатыр, – дейді мамандар. Көшіп келгендерді жергілікті билік жұмысқа, балаларын кезексіз балабақшаға орналастырады. «Кәсіп ашамын, жер алып, бау-бақшамен айналысамын» дегендерге де бар жағдай жаса­лады. Жер учаскелері беріліп, грант үлестіріліп жатыр. Қоныс аударушылардың басты мәсе­лесі – тұрғын үй. Әлеуметтік-эко­номикалық даму кешенді жос­пары аясында өңірде қоныс аударушыларға баспана салу бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Облыстағы шаруашылықтар да қарап қалмай, көшіп келген мамандарды бас­панамен қамтып жатыр. Ғ.Мүсірепов ауданындағы «Ақ­селеу» ЖШС басшысы Серік Малаев қоныс аударушыларға 10 үй салып берді. Гүлмира Жолдаспаева отбасымен бірге 7 жыл Нұр-Сұлтан қаласында пәтер жалдап тұрған. Қазір жас маман мектепте ағылшын тілінен сабақ береді. «Ауылға көшіп келгеніме еш өкінбеймін. Былтыр қыркүйек айында мемлекеттік бағдарламамен Ковыльное ауылы­на келдік. Екі баламыз бар. Күйеуім «Ақселеу» ЖШС жұмыс істейді. Үйіміз жылы, жайлы. Қаладан ауылға көшіп кел­геніме еш өкінбеймін», – дейді Гүлмира Жолдаспаева. СҚО-ға тек Нұр-Сұлтан қа­ласынан ғана биыл 100 отбасы қоныс аударған. Өңірге көшіп келушілерге тек пилоттық жоба аясында ғана  2022 жылға дейін 2 100 баспана салынбақшы. konis aydary Петропавлға көшіп барған Серік  Әлтаев деген азамат: – Теріскей аймақ халық саны­на мұқтаж. Елім, жерім деген патриоттық сезімі бар от­басыларына мұқтаж. Сол үшін үй беріп, жұмыспен қамтамасыз етеді. Теріскей бізге мұқтаж екен деп міндет етудің де қажеті жоқ. Келген екенсің деп ешкімге 50 га, 100 га, 1 000 га жерді «мә» деп бере салмайды. Алам деген адам заңды түрде қол жеткізеді. Субсидияны кедергісіз алуға мүмкіндіктер бар. Біреулерді естіп жатырмын, келмей жатып дүкен ашу, кафе ашу деп армандап отыр. Әрине, ашуға болады. Бірақ кепілдікке қоятын мүлік болуы керек. Келе сала байып кетем деп ешкім армандамасын. Тиынды тиын, малды мал көбейтеді. Ерінбей еңбек етсең бәрі де өз несібесімен болады, – дейді.  

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ