Облыста қауіпті індетке қарсы шұғыл шаралар жүзеге асуда. Осы мақсатта жаңадан «корона-такси» қызметі іске қосылды, деп жазады Атырау облыстық қоғамдық-саяси газеті. Жоба эпидемиологиялық ахуалға орай жедел жәрдем көліктерінің тапшылығын азайту мақсатында қолға алынып отыр. Бүгінде Атырау қаласында екі «корона-такси» жұмыс істеуде. Облыстық жедел жәрдем стансасы директорының орынбасары Наргиз Баймолдаеваның айтуынша, негізінен «корона-такси» емханалар жанындағы мобильді бригадалармен бірге ұйымдастырылуы қажет еді. Алайда, бұл денсаулық сақтау ұйымдарында кадрдың жетіспеушілігіне байланысты осы қызмет түрі облыстық жедел жәрдем стансасында қолға алынуда. – Облыстағы медициналық ұйымдарда 42 жедел жәрдем көлігі қызмет етуде. Ал, Атырау қаласындағы жедел жәрдем стансасында 25 бригада болуы керек. Көліктің тозып, жетіспеушілігіне байланысты қазір бұл денсаулық сақтау нысанында бригада саны екі көлікке азайды. Жедел жәрдемге жаңадан 40 көлік бөлінген. Бұл транспорт құралдары біздің аймаққа жеткізілгенше бригада тапшылығына жол берілмеуі керек. Осы орайда стансадағы жүргізушілердің жеке автокөліктерін пайдаланып, «корона-такси» қызметін жасақтаудамыз, – деді Наргиз Нұридинқызы. Оның айтуынша, аталған такси шұғыл жедел жәрдем қызметін көрсетеді. Бірақ, олар ауруханаға тасымалдануы қажет науқастардың шақыртуына жіберілмейді. Жедел көмек көрсетіп, жағдайы үйінде қалдыруға жататын науқастар үшін ғана барады. Бұл ретте «103» пультіне түскен қоңырауларды шағымына байланысты диспетчерлер реттеп отырады. «Корона- таксиде» екі фельдшер мен жүргізуші қызмет етеді. Олар қорғаныс киімдерімен толық қамтылады. Қауіпсіздік үшін көліктердің іші де қорғаныс кленкаларымен қапталады. Бұл бригадаларда алғашқы көмек көрсететін медициналық жәшіктер мен оттегімен тыныстандыратын аппараттар бар. Айта кету керек, бұл қызметті мобильді бригадалардың жұмысымен шатастыруға болмайды. – Емханалар жанынан құрылатын мобильді бригадалар науқастарға барғанда ПЦР-тест алып, диагноз қойып, ем-дом тағайындайды. Ал, бұл жұмыс бізден құрылған «корона-таксидің» құзыретіне кірмейді. Әдеттегідей жедел жәрдемнің жұмысын атқарады. Ерекшелігі, ауруханаға тасымалдауды қажет етпейтін науқастар үшін көмек көрсетеді, – деді Наргиз Нұридинқызы.