Мәселе неде: Мұқтаждық па, масылдық па?
Мәселе неде:  Мұқтаждық па, масылдық па?

Атаулы әлеуметтік көмек алып отырған елордалық отба­сылардағы адам саны – 33 000. Оның ішінде 3 114 отбасы көп­балалы санатына жатады. Осы ретте Нұр-Сұлтан қалалық Жұ­мыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Сәуле Нұрғожинадан аналардың қояр талабы туралы сұраған едік. Оның айтуынша, расымен көмекке мұқтаж жандар бүгінде көмек алып, жағдайын түзеп алған. «Әкімдікке келіп жүрген әйел азаматтардың ішіндегі негізгі ұйымдастырушылар қала әкімінің, орынбасарларының қабылдауында бірнеше рет болды. Біздің басқармаға да келіп тұрады. Қала әкімдігінің ғимаратынан арнайы азамат­тарды қабылдау кабинеті ашыл­ды. Оларға құқықтық консуль­тациялар беріліп, мемлекеттен көмек алудың барлығы да тү­сіндірілді. Көмекке шын мұқтаж азаматтар да жоқ емес. Оларға заң аясында тиісті көмек көр­се­тілді. Азық-түлік алуға, бала­ла­рын киіндіруге, балабақшаға төлей алмағандарға жәрдем бе­ріл­ді. Сонымен қатар қабылдауға келген азаматтардың арасында атаулы әлеуметтік көмек бо­йынша ақпараттар жеткіліксіз деп өтініш айтқандар да болды. Біз жақында жәрдемақыны қа­лай алу керегін қалалық екі ба­сылым – «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттеріне жарияладық. Ол жерде қадам-қадаммен инфографикалар арқылы түсіндірілді. Біз тізімде тұрған әлеуметтік жағынан аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиелеп отырған көп­балалы отбасылардың барлы­ғына сол газеттерді тегін тарат­тық. Сондай-ақ әлеуметтік же­лілердегі парақшаларымызда бар­лық ақпараттар орналас­тырылған. Әкімдік алдына келіп жүрген әйел азаматтардың ішінде негізсіз талап қойып, әкімдік қызметкерлерін заңсыз жолмен жеке бастарының мә­селелерін шешуге итерме­лей­тіндер бар. Нақты айтқанда, 14-15 әйел азамат бар. Олар 15-20 миллион теңге несиесін жа­уып беруін талап етеді. «Заңсыз жолмен баспана алып беріңдер» дейді. Қалада 40 мыңнан аса адам баспана кезегінде тұрғаны жиі айтылады. Әкімдікке келіп айғайлағанның бәріне пәтер бе­ріле берсе, әділет қайда қа­ла­ды? Біз құқықтық мемлекет емес­піз бе?! Заң бәріне ортақ. Осыларды айтып, мән-жайды қанша түсін­дірсек те «Егер шеш­песеңдер, біздің чаттарымызда әйелдер көп. Қажет болса 200-300 әйелді көшеге шығарамыз» дейді сол топтардың админдері. Яғни, жеке басының пробле­маларын әкімдікті қорқытып-үркіту ар­қылы шешкісі келеді. Бұл – қыл­мыс, заңға қайшы деп білемін», – дейді басқарма басшысы.

Әкімдік алдына келіп жүрген әйел азаматтардың ішінде негізсіз талап қойып, әкімдік қызметкерлерін заңсыз жолмен жеке бастарының мә­селелерін шешуге итерме­лей­тіндер бар.

Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова көпбалалы ана­лардың несие жабу туралы өті­ніштері негізсіз болғанымен, баспана сұрағаны дұрыс дейді. «Несиені жабу әлеуметтік мә­селені шешудің амалы емес, оның салдарымен күресудің көрінісі болатын. Мемлекет өз кезегінде шектеу қойып, қа­рыз­дың белгілі бір көлемі ғана кешірілетінін жеткізді. Әйтсе де, шектен тыс нәрсе талап ететіндер көп. Се­бебі, біздің қоғамда қарыз көлемі адамдардың табы­сынан біршама емес асып кет­кен. Яғни, табыс көлемі аз болса да, одан бірнеше есе көп көлемде несие алып тас­таған. Әсіресе, жағдайы төмен, көпбалалы отбасылардың ахуа­лы осындай. Жалпы алғанда, мемлекет еш­кім­нің несиесін жа­уып беруге міндетті емес. Бас­пана мәселе­сі­не келсек, елімізде көпбалалы от­басылардың пәтер­лі болуын қамтамасыз ететін механизм жоқ. Осы тұрғыдан келгенде, ана­лардың «несиемді жауып бер» деген талабы орын­сыз десек те, баспана сұрауы жөн деп ойлай­мын. Әлбетте, бәрі заңды түрде жасалуы шарт. Мемдекет біреу­дің үйін тартып алып не болмаса табан астында бірнеше үй тауып бере алмайды. Алайда осы мә­селені шешудің орынды меха­низмін ойластыруға болады. Бәлкім, әкімдікке барып әлде­нені талап еткенде көпбалалы аналар статусын желеу еткеннен емес, ашынғаннан барған болар. Өйткені жағдайлары нашар. Бірақ қанша жерден әлеуметтік төлемдер көлемін көбейтіп, көпбалалы болғаны үшін бас­пана бергеннен мәселе шешіле қоймайды. Бұл жерде үкімет та­рапынан жүйелі жұмыстар атқа­рылып, көпбалалы аналарға ар­нал­ған бағдарламалар қабыл­да­н­уы тиіс. Мұның бір ұшы де­мо­графиялық ахуалмен байла­ны­суы керек. Бұл жерде кейбі­рінің расымен статусын желеу етуі мүм­кін екенін, енді бірі ра­сымен мұқтаж болғасын сұ­рай­ты­нын да ескермесек бол­май­ды», – дейді Айсұлу Мол­дабе­кова.

Аналардың айтар шағымын жеке-жеке тыңдап шығып, әлеу­меттік жағдайының шын мә­нінде қандай екенін тексеру ке­рек. Қалай дегенмен, мемлекет­тің басты қозғаушы күші – келе­шек ұрпақ. Демографиялық ахуал­дың өсуі, әлеуметтік мәсе­лелердің орынды шешілуі бо­лашақ үшін маңызды. Масылдық психологиямен күрес те, ана­лардың жағдайын жасау да қатар жүрсе жөн-ақ.


Айша ЕРСҰЛТАН