Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күрес мәселелері бойынша селекторлық отырыста азаматтарды коронавирус инфекциясы бойынша тесттен өткізу жұмысын күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды Ақорда. Отырыс барысында азаматтарды тестілеу мәселелері туралы сөз қозғалды. Қазір күніне 32 мың адамға дейін тест жүргізу деңгейіне қол жеткізілген. Алайда аймақтар арасында көрсеткіш алшақтығы бар. «Анықталу деңгейінің төмендігі - жергілікті жерде зертханаларды орналастырудың тиімсіз жұмысының салдары. Мұны тіпті шынайы жағдайды жасыру деп бағалауға болады. Үкіметке аймақтар арасындағы тестілеу деңгейінің теңестіру жағын қатаң бақылауды қамтамасыз етуді тапсырамын. Біз ештеңені жасырмауымыз керек», - деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен әкімдерге созылмалы аурулары бар адамдарға, сондай-ақ жүкті әйелдерге жоспарлы медициналық көмек көрсетуді кезең-кезеңімен қалпына келтіруді тапсырды.