Алматы маңында аюдан қашқан туристер құтқарылды
Алматы маңында аюдан қашқан туристер құтқарылды
фото: ашық дереккөз
186
оқылды
Республикалық жедел-құтқару отрядының (РЖҚО) құтқарушылары Іле Алатауында төрт туристі ажалдан аман алып қалды, деп хабарлайды РЖҚО баспасөз қызметі. Іле Алатауы көркіне көз тоймайтын көркем өлке. Аң-құсқа бай аймақ. Карантин уақытында адамдар демалу үшін ол жаққа баруды азайта бастады. Содан да болса керек, жабайы аңдар ылдиға түсуді жиілеткен. «17 шілде күні түнде Республикалық жедел-құтқару отрядының кезекші бөліміне төрт туристің көмекке зәру екені туралы хабарлама келіп түсті. Төрт жігіт Алма-Арасан аңғарының тұсына жақындап, сол жерге уақытша тұрақтаған. Енді үйлеріне жинала бергенде жақын маңнан түз тағысының гүрілдеген дауысы шығыпты. Оның аю екенін байқаған жігіттер палаткаға тығылып қалады. Іште отырып, төрт жігіт аюдың маңайды тіміскілеп жүргенін сезеді. Аю кеткен. Қараңғылық түскеннен соң туристер қайда барарын білмей дал болыпты. Олар полицияға хабар беріп, оқиға орнына РЖҚО қызметкерлері жеткен», - делінген хабарламада. Үрейленген туристерді құтқарушылар полиция қызметкерлеріне тапсырды.