Алматыда мəнерлеп сырғанаудан Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен атындағы Global Figure Skating мəнерлеп сырғанау академиясы ашылады. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт минисрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Академия Алматы қаласындағы мұз сарайының бірінің жанынан ашылмақ. Жоба Мəдениет жəне спорт министрлігі, Алматы қаласының Мəдениет жəне спорт басқармасы мен спортшының анасы Оксана Тенмен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. «Денис Тен атындағы Global Figure Skating мəнерлеп сырғанау академиясы Қазақстанда мəнерлеп сырғанау спортын дамытуға бағытталған бірыңғай орталық болады. Академия балалар арасында аталған спорт түрін бұқаралық деңгейге жеткізуге бағытталады. Қазір Оксана Тен Global Figure Skating академиясында балаларды баулу үшін Денисті жаттықтырған Татьяна Тарасова, Фрэнк Кэролл сынды даңқты бапкерлермен келіссөз жүргізіп жатыр. Мəдениет жəне спорт министрлігі аталған академияның ашылуы елімізде мəнерлер сырғанау спортының дамуына серпін береді деп жоспарлап отыр. Ал Алматы қаласында мемлекеттік жəне жеке секцияларда 5 000-нан астам бала мəнерлеп сырғанаумен тұрақты шұғылданады. Академия ашылған соң, балалар бір орталықта дайындалады. Жуық арада жоба концепциясы мен қаржы көзі жайлы ақпарат белгілі болады», - делінген министрліктің хабарламасында.