Алматыда дәрігерлер аурухананың жансақтау бөлімінен шыққан өрттің алдын алды, деп хабарлайды Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті.
18 шілде күні сағат 21:47-де Алматы қалалық «101» пультіне Сейфуллин даңғылы, 492 мекенжайында орналасқан № 1 перзентхананың балаларға арналған жансақтау бөлімінен өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен. Мамамндар аталған мекен-жайға жіберілді.
«Жансақтау бөлімінде өрт сөндіру дабылы іске қосылғаны анықталды. Бұл түнде кезекшілік еткен ауысым қызметкерлері сабық сақтап, төтенше жағдай кезінде әрекет етудің алгоритміне сәйкес шаралар қолданды. Осылайша, акушер-гинеколог дәрігер Перизат Садықова, балалар медбикесі Арайлым Жиделиева және басқа да қызметкерлер жаңа туған сегіз нәрестені жансақтау бөлімінен қауіпсіз жерге шығарған. Дәрігерлердің бірі – Виталий Грушевский ұнтақты өрт сөндіру құралын дұрыс пайдаланып, электр сымдар жүйесінің айқас тұйықталған розеткадан өртенуінің алдын алы. Қызметкерлердің дағдылары жалынды өрт сөндірушілер келгенше толық сөндіруге мүмкіндік берді», - деп хабарлады ведомстводан.
Қалалық Төтенше жағдайлар департаменті аурухана басшылығы мен медицина қызметкерлеріне қырағылық танытып, тек медициналық көмекке емес, басқа жағдайда да көмекке келе алғаны үшін алғыс білдірді.