Шетелдегі қазақ кәсіпкерлерін қолдайды
Шетелдегі қазақ кәсіпкерлерін қолдайды
192
оқылды

Кездесуге El Tiregi Қазақстанның ша­ғын және орта бизнесі қауымдас­ты­ғының басқарма төрағасы Асқар Әубәкіров пен «КАТКА» қазақ-түрік кәсіпкерлері қауым­дастығының бас хатшысы, Business & Tra­vel Central Asia атқарушы директоры Дінмұ­хаммед Зиятбеков, сонымен қатар бизнеске инвестиция тарту және дамыту ісі бойынша шақырылған сарапшылар қатысты.

Қазақстандық делегация кездесу ба­рысында дастарқан шығарумен айна­лы­сатын «Акйол» компаниясының кәсіпо­рын­дарымен танысты. 50 жылдық тарихы бар компания толық автоматтандырылған, жақсы импорттық әлеуеті бар. Компанияда бүгінде жұмыс істейтін 38 адамның басым бөлігі –этникалық қазақтар. Компания басшысы Эюп Акйолдың өзі ХХ ғасырда Түркияға қоныстанған қазақтардың ұрпағы екен. Тарихи Отан, бауырлар жа­йында тебірене толғанған ол жинаған тәжірибесі мен білімін осы бизнеспен айналысқысы келген немесе Қазақстанда филиал ашуға ниеттенген кез келген отан­дасымен бөлісуге дайын екенін жеткізді. Акйол мырзаның өзі бизнесін 10 жылдан астам уақыттан бері тарихи Отанында ашуды жоспарлап жүргендіктен, деле­га­цияның келгеніне және Қазақстанның Түркия азаматтары-этникалық қазақтарға көмектесуге мүдделі екеніне қуанды.

Сондай-ақ делегация дастарқан, линолиум, шанақ бөлшектерін жинақтап, сәндік безендіруді өндірумен және екіншілей қайта өңдеумен айналысатын компанияның да жұмысымен танысты. Компанияны екінші буынды эмигрант, этникалық қазақ Ифран Севенчан бас­қарады. Өндіріс соңғы өнімдерінің өзіндік құнының төмендігі, сапасының жоғары­л­ы­ғы арқасында Стамбұлдағы ұқсас өнімдер арасындағы көшбасшылардың бірі болып танылған. Бүгінде компанияда 10-ға тарта адам жұмыс істейді. Ендігі жоспар – Алматыда филиал ашу. Диаспора өкілдерімен іскерлік байланысты дамыту туралы жаңалықты Ифран Севенчан зор қуанышпен қарсы алды. Оның айтуынша, этникалық қазақтардан шыққан көптеген бизнес өкілі іскерлік байланыс орнату мен жаңа нарықты зерттеуге мүдделі.

Бұдан кейін делегация киім мен оның ерекшеліктерін, сөмке және портфельді әшекейлеумен айналысатын компанияға барды. Компанияны қазақ диаспорасының мүшесі, Түркияда туған Омер Чорухлу бас­­қарады. Компанияның өндірістік қуа­ты мол және өнімдерін АҚШ, Еуропа, Эфио­пия мен ТМД елдеріне шығарады. Компа­ния Қазақстан қалаларының бірін­де өкіл­дігін ашуға қазірдің өзінде да­йын. Сөйтіп, делегация сапарын Қазақстан на­ры­ғына шығуға мүдделі, күртеше, тон, тұлып тігу­мен және сатумен айналысатын Түркияның азаматы, отандасымыз Мұс­тафа Акюздың кәсіпорнымен танысумен аяқтады.

Делегация өкілдері отандастарды биз­несті дамытуда және жүйелі негізде берік іскерлік байланыс орнатуда мүм­кіндігінше қолдау болатынына сендірді. Басты міндеті Қазақстанмен қатар шетелде бизнес жоба­ларды іздеу және дамытуға көмек көрсетуге бағыт­талған «Атамекен» іскерлік үйін құру жобасы туралы айтты. Ұйымдасты­рушы­лардың ойластыруы бойынша, дүниежүзілік Қазақ үйі құра­мына кіретін жоба саясат пен коммерция­дан тыс болады.