Әкімдік елорда тұрғындарына карантин аяқталғанға дейін қалада 23.00-ден кейін жаяу жүруге тыйым салынды деген ақпаратты жоққа шығарды. Бұған дейін қаланың Бас санитар дәрігері Жанна Пірәлиеваның қаулысында осындай шара қарастырылғаны хабарланған болатын. Бірнеше сағаттан кейін әкімдік бұл ақпаратты жоққа шығарды. "Бас санитар дәрігердің қаулысындағы шектеулердің кейбірі қабылданбады. Сағат 23:00-ден соң жаяу жүруге тыйым салу солардың қатарында", - деді елорда әкімінің баспасөз хатшысы Ақмарал Олжабаева. Қаулыға сәйкес, 65 жастан асқан адамдардың қалада және басқа қоғамдық орындарда жүруі шектеліп отыр.