Ақбөкендерді аспаннан бақылайды
Ақбөкендерді аспаннан бақылайды
124
оқылды

Ұшу аппараты Ақмола облысы Қа­банбай ауылында сынақтан өткізілді. Пайдасы мол, қаржылай құны біршама қымбат құрылғыны қауымдастыққа тапсыру рәсіміне еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев қатысты.

– Ең алдымен, Каспий құбыр кон­сарциумы ұжымына бүгінгідей қолдауы үшін зор алғыс білдіремін. Бүгінгі таңда ­биоа­луан­түрлілікті сақтау, киіктерді қорғау сынды жұмыстар өте өзекті болып отыр. Осы жұмыстарды атқаруға заманауи технологиялардың пайдасы тиетіні сөзсіз. Браконьерлермен күрес жұмыстарын жүргізуде де бұл аппараттың көмегі орасан деп ойлаймын, – деді ол.

Каспий құбыр консорциумы еліміздегі экология мәселелерін шешу мен оңтай­лан­дыруды қолдау мақсатына соңғы үш жылда 60 млн теңге жұмсапты. Мәселен, 2016 жы­лы ақбөкендердің санын, көші-қонын спут­никтен бақылап отыруға жол ашатын арнайы қарғыбау алып берген. Бұл жолғы ұшқышсыз ұшатын аппарат та «Киелі киік» бірлескен бағдарламасы аясында консор­циумның қаражатына сатып алынды.

Каспий құбыр консорциумы АҚ бас директорының орынбасары Қайыргелді Қабылдин алдағы уақытта мұндай қолдау­ жалғасын таба беретінін айтты.

Жалпы, елімізде киіктер популяция­сының есебі әуеден бақылау арқылы жүр­гі­зіледі. Әуе техникасын жалдау мен қол­да­ну қымбат болғандықтан, кей аумақтар­ды жүйелі күзету және киіктердің монито­рингісін қосымша жүргізу қиынға соғатын. Жаңа аппараттар қолданысқа берілгеннен кейін жануарлар туралы дерек жиналатын аумақтың шекарасы кеңейіп, зерттеу әдістері молайды.

Сағатына 140-150 шақырым жылдам­дықпен ұша Supercam S350 осы класстағы ең техникалық сипаттамасы жетілген құрылғы саналады. Тоқтамай 4-5 сағат бойы қалықтайтын құрылғы жердегі түрлі өзгерістерді, жан-жануарларды, өзен-көлдерді фото мен видеоға түсіріп, маман­дарға жіберіп отырады.


Жансая ҚАМБАР