Медиа қызметкерлеріне арналған кітап қазақ тіліне аударылды
Медиа қызметкерлеріне арналған кітап қазақ тіліне аударылды
Елімізде медиа саласының қызметкерлеріне арналған кітап тәржімаланды. Роберт Хиллиардтың «Телевизия, Радио және жаңа медиаға мәтін жазу» еңбегін енді оқырмандар қазақ тілінде оқи алады. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған бұл кітап телевизия мен радио саласындағы жас мамандар мен осы салаға қызығатын оқырмандар үшін өте қажетті құрал. Еңбек жолын спорт журналисі ретінде бастаған Роберт Л. Хиллиард Екінші дүниежүзілік соғысынан кейін радио мен телеарналарда сценарист-диктор, сценарист-режиссер ретінде танылған. 1962 жылы Writing for Television, Radio, and New Media еңбегін жазып шықты. Бүгінде бұл кітап әлемнің белді университтерінде студенттер үшін таптырмас оқулық болып тұр. Тілі түсінікті, әрі жеңіл жазылған кітап әрбір қағида мысалдармен толықтырылып отырады. Мәселен, автор «Қысқа да нұсқа, жатық тілмен жазыңыз. Көрерменді қайда бағдарлайтыныңызды, түбінде одан қандай нәтиже күтетініңізді әркез жадыңызда сақтаңыз. Сценарийді іске асырмас бұрын студияңыздың көлемін, құралдарын шамалап алыңыз», – деп жас мамандар ескере бермейтін қарапайым дүниелерді қаперге салуды ұмытпайды. Кітаптың жауапты шығарушысы, әдеби редактор Дәурен Дәриябектің айтуынша туындының ішіндегі кейбір кейстер ескірген болуы мүмкін. Дегенмен, жазуға, қаламгерлікке қойылатын талап ешқашан өзгермейтіндіктен кітап әлі күнге өзінің өміршеңдігін сақтап келеді. – «Телевизия, радио және жаңа медиаға мәтін жазу» (Writing for Television, Radio, and New Media) кітабының 11-ші басылымын қазақшаладық. Әбден уақыт сүзгісінен өткен, 60 жылдай белді университеттерде оқытылатын дүние болған соң қазақ тіліне тәржімалау үшін таңдалған еңбек деп ойлаймын. Теле-радио сценарийлерінің, жаңа медиа материалдарының өзіндік ерекшелігін ескеріп, түрлі платформада емін-еркін жазуға жол көрсететін еңбек. Кітапты оқыған медиамаман өзіне керегін алады. Ерекшелігі дейтін болсақ, эфирден өткен нақты сценарий үлгілерінен тұтастай немесе үзінді беріледі. Кітаптың өне бойында жарнаманы жазу шеберлігі, киносценарий мен телесценарийдің айырмасы, радиоxабарға жарасатын қиялдың пайдасы, түрлі жанрдағы бағдарламаға сценарий жазудың қыр-сыры көрсетілген, – дейді Дәурен Дәриябек. Кітапты қазақ тіліне тәржімалаған аудармашылардың бірі Арайлым Шералының айтуынша Роберт Хиллиард өзінің бұл еңбегінде нәсілдік және этностық топтарды да, әйелдер мен балаларды және түрлі өмір салтын ұстанатын адамдарды да ескеріп, жас мамандарға сценарий жазу барысында тұрмыстың осы өзгешеліктерін де қаперде ұстауды қадап айтады. – Хиллард әуел бастан демографиканы да қозғайды. Яғни, кітапты оқып шыққан жас журналист мәтінді жалпы ортаға жазып қана қоймай, оқырманының жасы, тұратын мекені, жынысы, әлеуметтік, экономикалық жағдайына қарай саралап, соның ой-өресіне қажет дүниені ұсынатын болады. Сондай-ақ, Хиллардың тілі шұрайлы. Данышпан Абайдың «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы» дейтіні бар емес пе, міне, автор осы талапты оқулықта берік ұстанған. Хиллардтың «радионың визуал қабілеті телевизиядан асып түседі» дейтіні де өз алдына тың пікір. Мұнда автор дыбысты сан құбылта ойната отырып, тыңдарманның қиялын еріксіз жаулап ала аласыз және небір бейнелерді көз алдына келтіресіз дегенді меңзейді. Құлақтан кіріп, санасында жаңғырған дыбыспен салыстырғанда, «теледидар қиял көкжиегін 53 см-ге ғана кеңейтетін құрал» болып қалады деген автор пайымымен үнсіз келісесіз, – дейді Арайлым Шералы. Оқулықта осы секілді бізге беймәлім болған немесе көпшілік аса көңіл бөле бермейтін, бірақ, аса мәнді детальдар жетерлік. Медиа саласында жарты ғасырдан артық зерттеу жүргізіп, қалам тербеген майталман автордың еңбегінен әр оқырман өзіне бір жаңалық ашары даусыз. Оқулық енді еліміздің 120 университетіне таратылады. Сондай-ақ, әртүрлі кітап дүкендерінің желісінен табуға болады.