Бағаны тұрақтандыру бағытында жіберген кемшіліктері үшін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қос аудан мен қала әкіміне қатаң ескерту берді. Сондай-ақ, тапсырманы дер уақытында орындамаған тағы 2 аудан басшысына сөгіс жарияланды. Аймақ басшысының төрағалығымен өткен кеңейтілген мәжілісте өзекті мәселелер сөз болды. Енді тапсырмаға қырын қараған басшылардың тәртіптік жауапкершілігі қатаң қаралмақ.
Алдымен әріптестеріне облыстық денсаулық сақтау басқармасының жаңа басшысы Сәбит Пазыловты таныстырған облыс әкімі бас дәрігерге 3 күн мерзімде арнайы жоспар ұсынуды тапсырды. Қауіпті індетпен күресте әр қадамның нақты болу керектігін назарға салды. Облыста жарты жылдықтың қорытындысымен негізгі 6 көрсеткіште төмендеу тенденциясы байқалған. Мәселен құрылыс жұмыстарының көлемі азайып, ауыл шаруашылық өнімдері мен тұрғын үй көлемі кеміген. Инвеститция тарту бойынша облыс республикада ең төменгі орында. Азық-түлік бағамына да ие бола алмай отырмыз. Бұл жағынан республикалық көрсеткіште жоғары орында тұр. «Мұның барлығы әкімдердің жұмысының жүйесіздігінен», – деді Гүлшара Наушақызы.
Мәселені дер кезінде шеше алмаған Жаңақорған және Арал аудандары мен Қызылорда қаласының әкіміне қатаң ескерту жасады. Су тапшылығының болатыны алдын-ала айтылса да тапсырманы орындамаған Шиелі әкіміне сөгіс жарияланды және бұл барлық аудан әкімінің бағасы екендігін еске салды.
– Шиелі ауданы 12 мың 200 гектар жерге күріш еккендігі туралы есеп бергенімен, нақты барып тексергенде 14 мың 353 гектар яғни 2000 гектар жерге артық күріш еккен. Қазіргі уақытта Шиелі ауданындағы шаруашылықтың 720 гектардан астам күрішіне су жетпей жатыр. Сондықтан берілген тапсырманы мерзімінде орындамай, су тапшылығына әкеп соқтырғаны үшін Шиелі ауданы әкімі Қ.Мүбараковқа сөгіс жариялаймын. Бұл барлық аудан әкімдеріне тәртіптік жауапкершілік тұсында берілген баға, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Өңірде «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының жүзеге асырылуы да көңілден шықпайды. Мәселен, Аралдан бір де бір жоба жоқ. Жалағаш пен Қармақшыда 2 жобадан ғана жүзеге асқан. Халықты жұмыспен қамту тек қағаз жүзінде ғана іске асқан екен. Жоспардағы 276 жобаның 270-і басталғанымен межедегі жұмыс орнының небәрі 30 пайызы ғана орындалыпты.
– Облыс белсенділігі бойынша республикалық рейтингте соңғы орында тұр. Кәсіпкерлердің несие алуына сүйемелдеу жұмыстары төменгі деңгейде. Осы бағдарламаны жүзеге асыру бойынша тапсырмалар берілді. Бірақ нәтиже жоқ. 9300 жұмыс орнын құрындар деп айттық па, құра алмасаңдар жұмыстан кетіңдер. Жылдық жоспар бойынша 12602 орын болса одан 780 ғана орын ашылған. Ең төменгі көрсеткіш Қызылорда қаласында 23 пайыз. Нұрлыбек Машбекұлы, Қызылорда қаласы әрқашанда алдыңғы қатарда болу керек. Соған байланысты жұмыс істеңіздер. Әсіресе халықтың әл-ауқаты, жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі басты орында болуы тиіс, – деді облыс әкімі.
Биыл халық саны 250 адамнан асатын 173 елді-мекен толықтай интернет желісіне қосылады, деді аймақ басшысы. Сонымен қатар, мектеп құрылыстарының мерзімінде аяқталуымен жаңа оқу жылына дайындық мәселесінің пысықтауды тапсырды. Қиын кезеңде халыққа қызмет ету қажеттілігін қадап айтты.
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес болу керек. Әрбір деңгейдегі басшылардан байқағаным, «мен ана орынға барсам, мына жерге бастық болсам», «жылы орынды алсам, қалай пайда тапсам» деген ойларын көремін. Сондықтан, мына «соғыс жағдайы» деп айтып жатыр ғой Президентіміз. Осындай жағдайда халыққа қызмет етейік, тиын-тебен табу, пайда табуды ойламаныздар, халықтың көз жасына қалманыздар. Ауруханаларды қараңыздар, науқастар қан түкіріп, өліп жатыр, қорықпайсыздар ма, балаларыңыздың болашағын ойламайсыздар ма, – деді Гүлшара Наушақызы ашына.
Жиын соңында аймақ басшысы орынбасарларына берілген тапсырмалардың уақытында орындалуына қадағалау қажеттігін жеткізді. Ал сөзі мен ісі үйлеспейтін әкімдердің мәселесін қажет болса әскери уақыттағы заңдылықтармен қайта қарайтынын қаперлеріне салды.
Нұрбек Дәуренбеков