Көпбалалы отбасыларға грант бөлінді
Көпбалалы отбасыларға грант бөлінді
185
оқылды

Биыл көпбалалы және әлеуметтік көмек алатын отбасыдан шыққан балаларға Ұлттық қордан бөлінген қаражатқа 5 мың грант тағайындалып отыр. Соның ішінде Түркістан облысына 1345 грант бөлінген. Бұл туралы өңірдегі білім саласының басшылары бас қосқан Түркістан облысы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте белгілі болды.

Гранттарға өтінімдер бойынша конкурс 5-10 тамыз аралығында өтеді. Брифингте облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы бас­шы­сының міндетін атқарушы Ар­­дақ Садықова жоғарғы оқу орда­ларына бөлінетін гранттар жайында бірқатар мәліметтерді берді.

«Ұлттық қордан 2019-2020 оқу жылына арналған нысаналы трансферт есебінен көпбалалы және аз қамтылған отбасы­лар­дың балалары үшін жоғары бі­лімді мамандар даярлауға мемле­кет­тік білім беру тапсырыспен жо­ғары оқу орындары белгіленіп отыр. Белгіленген жоғары оқу орындарының ішінде Қазақ Ұлттық аграрлық университеті, С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университеті, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, М.Әуе­зов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, Оң­түс­тік Қазақстан мемлекеттік пе­дагогикалық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситеті, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика университеті, Сырда­рия университеті, Оңтүстік Қа­зақстан медицина академиясы бар», – деді А.Садықова.

Грант қаражаты трансферт ар­қылы жергілікті әкімдіктерге бе­ріледі. Олар өздерінің қажет­ті­лігін ескере отырып, нақты ма­ман­дық­тар тізбесін анықтап, грант береді. Конкурсқа қатысу үшін талапкер нысаналы топқа жат­қанымен қатар, ұлттық бі­рыңғай тестінің шекті балын жинауы қажет.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік универ­ситетінің оқу-әдістемелік ісі жө­ніндегі проректоры Ө.Үмбе­тов­тің айтуынша, 2019 жылғы мау­сым айында өткізілген ҰБТ-дан шекті балл жинау – конкурсқа қатысудағы негізгі шарт. Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін талапкерлер тестілеу нәти­жесі бойынша кемінде – 65 балл, басқа жоғары оқу орындарына кемінде – 50 балл, «педагогикалық ғылым» бағыты бойынша оқу үшін кемінде – 60 балл, денсаулық сақтау саласы бойынша кемінде 65 балл жинауы қажет.

Жалпы, осы гранттарға ие болу үшін үміткерлер тамыздың 5-10 аралығындағы келесі кон­курсқа тапсыру үшін жергілікті атқарушы органдарға өтініш бере алады. Бұл арада әкімдіктер грант­тарды ҰБТ балына және грант санына қарай тағайындайды және жеңімпаздардың тізімін жергілікті БАҚ-та жариялайды. Барлық нысаналы грант иегер­ле­ріне әдеттегідей 20 949 теңге кө­ле­міндегі шәкіртақы таға­йын­да­лады. Сонымен қатар демалыс кезінде жылына 2 рет жол өте­ма­қысы төленеді.

Түркістан облысы