Елімізде «Дәрігерлерге мың алғыс!» акциясы өтіп жатқанынан көпшілік хабардар. Осы акция арқылы төрт айға жуық уақыттан бері өз өмірлерін қатерге тігіп, аты жаман індетпен күресіп жатқан ақ халатты абзал жандарға көпшіліктің ризашылығын білдіруге «Nur Otan» партиясы «Jas Otan» жастар қанатының Алматы қалалық филиалы еріктілері де өз үлестерін қосуда. Олар коронавирус инфекциясымен күресіп жатқан ақ халатты абзал жандарға қолдау көрсету мақсатында «Дәрігерлерге мың алғыс!» акциясына барынша атсалысуда.
– Бүгін акцияның бастау алғанына бесінші күн. Осы уақыт аралығында біз 800-ге жуық пакет дайындап, қаламыздағы аурухана дәрігергерлеріне алғыс себетттерін табыстап қайттық. Дәрігерлермен кездесіп, сәл де болса сол кісілердің жүздеріне жылулық сыйлай алғанымызға қуаныштымыз. Расында да, дәрігерлер бүгінгі күннің батырларына айналғаны сөзсіз! Медицина қызметкерлеріне күш-жігер мен шыдамдылық тілей отырып, оларға алғысымды білдіремін! – деді «Nur Otan» партиясы «Jas Otan» жастар қанатының алматылық волонтері Нұрсәулет Ғалымжанқызы.Акцияның өтуіне Алматы қаласы бойынша коронавирустың алдын алу және болдырмау ведомствоаралық комиссия қолдау көрсетті. Ал денсаулық себеттерін табыстауға арнайы дайындықтан өткен еріктілер жұмылдырылды. Олардың әрқайсысы қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілген. Акция барысында барлық сақтық шаралары ескерілді.