Өз тұрмысыңа ризасың ба?
Өз тұрмысыңа ризасың ба?

Қазақстандықтардың 60 пайызы өз өмір деңгейіне қанағаттанады. Бұл жайында Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті жариялаған «2019 жылдағы Қазақстандағы халықтың тұрмыс сапасы» атты зерттеуінде айтылған. Әрине, әлеуметтік желілерде ағындаған арыз-шағымдар, кейбір қоғам өкілдерінің наразылық білдіру үшін көшеге шығып кетуі, тіпті атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждардың көбеюі бұл көрсеткіштің шынайылығына шүбә келтіруге негіз болатындай.

Сонымен бірге, талай ғасыр­дан бері бастан кешкен қиямет, қиянат, нәубет, ашаршылық, со­ғыс, этноцид қаймана қазақ­тың бойына бейбіт күнге, бостан басқа, алдағы асқа қанағат ете білу қасиетін дарытты. «Талап­танып әрнеге, Созады қолын тал­пынған. Қанағат керек ба­рына, Қолыңда болса жарты нан», – дейді Балқы Базар жырау.

Оның үстіне ислам діні де иманы кәміл мұсылманның бойында болуы керек рухани қасиеттердің бірі ретінде қана­ғатшылдықты танып, соған тәр­биелейді. Себебі, қанағатсыздық ашкөздік, дүниеқоңыздық, жем­қорлық, көреалмаушылық се­кілді лас қарекеттер мен кесір-кесапаттарға бастайды.

«Қанағат – әдептіліктің бас­ты белгісі. Ол адамның сана-сезімі мен іс-қимылындағы жақ­сы әдет. Қанағатты әдетке ай­налдырған жан өмір бақи игілігін көреді. Өйткені ол адам­шылық жолдан тайдырмайды, аздың өзіне қанағат қылдырады. Сондай-ақ ол ашкөзділікке жі­бермейді, біреудің дүние-затына сұқтандырмайды, сұғанақтық жасаттырмайды. Сондықтан қа­нағатшыл кісі жұмсақ, кішіпейіл де қарапайым болып, көптің құр­метіне ие болады. Хадис шарифте: «Мұсылман болып жеткілікті табысы болған және осыған қанағат еткен кісі қандай бақытты» деп, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қанағатшыл адамды ба­қытты адамға теңеп кеткен», – дейді дінтанушы Қайрат Қана­пиянов.

Қалай болғанда, Статистика комитетінің «Халық тұрмы­сы­ның сапасы» сауалнамасы ая­сын­да үй шаруашылықтары ара­сында жүргізген іріктемелі зерт­теу қорытындысына жү­гін­сек, Қазақстан халқының 60 па­йызы (респонденттердің жеке, субъективті бағалауы бойынша) жалпы алғанда, өз тұрмысына қанағаттанатынын айтқан.

– Бұл ретте қалалықтарға қарағанда, ауылдық жерлердің тұрғындары арасында қана­ғаттанғандардың қарасы басым және ондай адамдар үлесі тиі­сінше 54,4% және 69,3%-ды құ­райды. Сонымен бірге, әйел­дермен салыстырғанда, ерлердің өз өміріне көбірек қанағат­та­на­тыны анықталды. Бұл көрсеткіш тиісінше 58,5% және 61,8% болды, – дейді отандық статис­тикашылар.

Атап өту керек, былтырғы зерттеумен салыстырғанда, от­басылардың тұрмысына қана­ғаттанушылығы елеулі түрде артыпты. Өткен жылы бұл көр­сеткіш 56,6% болған.

Әр нәрсені қанағат тұтуға болады. Мемлекеттік органның ресми зерттеу қорытындысына сәйкес, сұрақтарға жауап берген респонденттердің 48,5 пайызы денсаулығына толығымен кө­ңілі толатынын жеткізсе, тағы 46,5 пайызы тек «ішінара қа­на­ғаттанатынын» көрсеткен.

Осы орайда қазақстан­дық­тардың жасы ұлғайған сайын денсаулығына қанағаттану үлесі төмендей беретіні белгілі болды. Мәселен, 15-17 жастағыларға қарағанда зейнеткерлер ара­сында дені-қары саулар орташа алғанда 2,8 есеге төмен.

Сүйенер ешкімі жоқ, соқа басы жалғыз қалған адамның өз өміріне риза болуы қиын. Психо­логтардың пайымдауынша, ин­дивидуализм мен ақпараттық технологияларға құрылған зама­науи өркениет адамзат арасында жалғыздық сезімін арттырып, осынау эмоционалды ахуалды, әлеуметтік-психол­о­гиялық құ­былысты эпидемияға айнал­дыруда.

диаграмма.jpg

Дегенмен Қазақстан қоғамын бұл індет әзірге жаппай жайлай қоймағанға ұқсайды. Сауал­на­ма­ға қатысқан азаматтардың жар­ты­сынан астамы немесе 57,4 па­йызы туыстарының, та­ныста­ры­ның моральды қол­да­уына сенімді екенін білдіріпті. Бұл тұрғыда ерлер мен әйелдердің байламдары бір жерде тоқай­ласып отыр. Тиісінше олардың 57,6 пайызы және 57,3 пайызы қажет болған кезде жақын-жуықтары мен жора-жол­дастарынан ла­йықты моральды қолдау көреріне сенеді.

Өздерінің қолы бос уақы­тының көлеміне қазақ­стан­дықтардың 44,3 пайызы ғана қанағаттанатынын айтыпты. Қалған 50,9 пайызы – ішінара қанағаттанады, 3,7 пайызы – қа­нағаттанбайды, ал 1,1 пайызы мұн­дай сұраққа нақты жауап беруге қиналған көрінеді.

Статорган өкілдері халықтан «негізгі мемлекеттік қызметтерді көрсетушілердің ұсынылған тіз­бесінен қайсысының жұмысына қанағаттанатынын» сұрасты­рыпты.

Бірінші орынға «ақ халатты абзал жандар» шығып отыр: жедел медициналық жәрдем орталықтары көрсететін қызмет сапасына азаматтардың 46 па­йызы қанағаттанатынын біл­дірген. Сонымен бірге, былтырғы зерттеу қорытындысымен са­лыс­тырғанда, 2019 жылы поли­ция­ның көрсеткен қызметтерінің са­пасына қанағаттанған рес­пон­денттердің үлесі 1,8 пайыз­дық тармаққа артып, 38,2%-ға жетті.

Әйтсе де, қанағат сезімі көп жағдайда ырыздық-несібемен байланысып жатады. Сауалнама барысында халық өкілдерінің 59,7 пайызы өздерінің әл-ауқаты соңғы жылы өзгермегенін рас­таған. Небәрі 36,4 пайызы жақсарғанын мәлім еткен.

Респонденттердің 68,8 па­йы­зы өздерінің материалдық қам­сыздандырылу, яғни дәулеті дең­гейін «орташа» деп бағалаған. Сұралғандардың бар-жоғы 0,3 па­йызы ғана өздерін бай, өте ауқат­ты санайды. Қалғаны кедей еке­нін мойындаған. Өзінің қаржылық жағдайына қана­ғат­танатын қазақстандықтардың қатары 35,9%-ды құрады.

Зерттеу нәтижелері бойын­ша, респондентердің тек 18,3 па­йызы өз күшімен баспана сатып ала алғанына марқайған. Тағы 22,7 пайызы тұрғын үй жағдайын жақсарту саласындағы мемле­кет­тің қамқорлығына қанағат­тана­тынын жеткізген.

Респонденттердің 4,4 пайызы баспана жалдауда немесе ипоте­калық төлемдерді төлеуде бір рет қаражаттың тапшылығына кездескенін баяндаған. Тағы 1,8%-ында 2 және одан да көп рет осындай қиыншылық туған. Басым бөлігі 55,6 пайызы мұндай проблемадан ада екенін айтқан.

Бір қызығы, қазақстандық­тардың небәрі 38,2 пайызы ғана өмірінде бір де бір рет пәтер жалдап тұрмағанын және ипо­тека алмағанын хабарлапты.

Республикамыздағы отбасы­лардың 73,9 пайызы барлық мүшелерінің қысқы және жазғы аяқ киімнің екі жұбына ие еке­нін және болмаса, жаңасын сатып алуға мүмкіндігі барын белгілеген.

19,6 пайызы аяқкиімнен та­рыққанын көрсетті. Ал 6,5 па­йызы бұл мәселені маңызды деп санамайтын болып шықты. Аза­маттардың 44,1%-ының отба­сымен, туыстарымен немесе дос­тарымен айына бір рет болса да бірлесіп қыдыруға, бас босуға мүмкіндігі бар. 43,8%-ының мұн­дай мүмкіндігі жоқ. Тағы 12,1 па­йызы мұны қажет деп санамайды.

Қазақстан тұрғындарының 37,4 пайызы болашаққа сеніммен қа­райды. 36,4 пайызы болашақта өмірі жақсаратынан үміт қылады. Тек 0,2 пайызы тұрмысы нашар­лай түседі деп қамығады.