Коронавирусқа қарсы күрес кезінде отандық дәрігерлерді қолдау аясында «Nur Otan» партиясы, партияның облыстық филиалы жанындағы «Jas Otan» Жастар қанатының өкілдері облыс бойынша «Дәрігерлерге мың алғыс» акциясын өткізуде.
Акцияны еріктілер, меценаттар, партияның белсенді мүшелері және депутаттар қолдады. Бірнеше апта бойы Қарағанды қаласының №1 көпсалалы ауруханасы базасында инфекциялық-провизорлық госпитальға қолдау көрсетілуде. Онда күн сайын 2 ауысымда 120-дан астам медицина қызметкері еңбек етіп жатыр.
«Алғыс пакеті» медицина қызметкерлерінің тілектерін ескере отырып жасақталды. Олар ыстықта күні бойы арнайы костюмдер, маскалар мен қолғап киіп жүруге мәжбүр. Аталған жиынтықта осы ыңғайсыздықты жеңілдету үшін барлық қажетті нәрсе бар. Біздің дәрігерлер үшін әр «Алғыс пакетіне» қол кремі, ылғалды майлықтар, иммунитетті нығайтуға арналған өнімдер, атап айтқанда, бал, лимон, минералды су, табиғи сусындар және басқа да өнімдер салынды.