Қос ойында қос жеңіс
Қос ойында қос жеңіс
5,173
оқылды

Шайбалы хоккейден Қазақстан Президенті кубогының екінші күні жергілікті «Барыс» командасы ресейлік «Нефтехимиктен» басым түсті. Елордада Nur Otan партиясы мен Қазақстан хоккей федерациясының қолдауымен өтіп жатқан турнирде «Барыс» командасы әзірге ұпайдан шашау шығармай келеді. Қос ойында қос жеңіс.

Алғашқы ойынында же­ңі­ліс­ке ұшыраған «Неф­те­хи­мик» бұл кездесуді жоғарғы қарқынмен бастады. Әп де­ген­нен алаң иелеріне екі шай­ба соғып, ойын тізгінін қолға ал­ды. Ойынның небәрі 23-секундында Зак Митчел командасын алға шығарса, 9-минутта «Нефтехимик» сапы­нан Павел Порядин көзге түсті. Қарсыласынан мұндай қарқынды күтпеген алаң иелері тез арада ес жиып, жинақы ойын ойнауға көшті. Ал «Барыс» қақпасына қос шайба енгізген қонақтар тағы да есеп ашып, қарсыласынан қара үзіп кетуді ойлады. Оны барыстықтар ұтымды пайда­ланды. Ресейлік команданың шабуылына тойтарыс беріп, жылдам қарымта шабуылға шықты. Сондай ұрымтал сәттердің бірінде елордалық хоккейші Никита Михайлис есеп ашып, командасын алға жетеледі. Бұл ойынның 13-ми­нуты болатын. Бірінші кезең соңына қарай да ойын тізгіні алаң иелерінде болды. Бірақ есеп өзгеріссіз қалды.

Екінші кезең де алаң қожайындарының жылдам шабуылымен басталды. Көрер­мендерге де керегі сол, айдындағы хоккейшілерді қошеметімен, қызу қолдауы­мен желпіндіріп отырды. «Барыс» ойыншылары таразы басын теңестіруге ұмтылды, қонақтар қорғана жүріп ша­буыл­дады. Кездесудің 24-минутында «Нефтехимик» хоккейшісі Александр Авцин есеп айырмасын екі шайбаға ұлғайтты. Осылайша, ресей­лік­тер кездесудің екінші кезе­ңінде 3:1 есебімен алға шық­ты. Ойын 4-шайбадан кейін қыза түсті. Алдымен 35-ми­нут­та Ярослав Евдокимов шайбаны қақпада тулатты. 38-минутта Дастин Бойдтың мерейі үстем болды. Сөйтіп, қос команда екінші кезеңде тең тарқасты.

Шешуші үшінші кезеңде «Барыс» барын салды. Ойын­ның 47-минутында Дастин Бойд екінші шайбасын со­ғып, командасын есепте алға шығарды. Кездесудің бітуіне небәрі 14 секунд қал­ған­да «Барыс» сапынан Никита Клещенко жеңісті гол салып, ойын нүктесін қойды.

Естеріңізге сала кетейік, Пре­зидент кубогының ал­ғаш­қы ойынында «Барыс» «Ақ Барсты» 6:1 есебімен жең­ді. Ал «Нефтехимик» «Авто­­мобилистке» 1:5 есебі­мен есе жіберді. Турнир­дің тағы бір қатысушысы «Сала­ват Юлаев» қазандық «Ақ Барстан» 1:2 есебімен жеңіл­ген болатын.


«Барыс» (Нұр-Сұлтан) – «Нефтехимик» (Нижнекамск) 5:3 (1:2, 2:1, 2:0)

Гол соққандар:

0:1 - Митчелл (Уайт) - 0:24
0:2 - Порядин (Чуркин, Уайт) - 9:16 
1:2 - Михайлис (Сагадеев, Сведберг) - 13:47
1:3 - Авцин (Хафизов, Шафигуллин) - 24:33
2:3 - Евдокимов (Гурков) - 35:15 
3:3 - Бойд (Метальников) - 38:17 
4:3 - Бойд (Сведберг) - 47:29 
5:3 - Клещенко - 59:46