Президент пандемиямен қуатты күреске пәрмен берді
Президент пандемиямен қуатты күреске пәрмен берді
165
оқылды
Қасым-Жомарт Тоқаев ко­ронавирус індетінің таралу ахуалы жөніндегі Ведомствоара­лық комиссияның (ВАК) оты­рысын өткізді. Онда Үкімет пен әкімдердің жұмысы ащы сынға ұшырады. – Баяндамаларға сенсек, жағ­дай бақылауда. Алайда іс жү­зінде олай емес. Мен Президент Әкім­шілігіне еліміздегі барлық дәріханадағы дәрі-дәрмектің қолжетімділігін тексеру жөнінде тапсырма бердім. Нәтижесі көңіл көншітерлік емес. Батыс Қа­зақстан, Атырау, Жамбыл, Қа­рағанды облыстарында, Нұр-Сұл­тан мен Алматыда дәрі тап­шы­лығы, ұзын-сонар кезек әрі қа­рай сақталуда. Өмірлік маңыз­ды дәрілердің бағасын қым­баттату фактілері кездесуде. Кө­леңкелі бизнес өріс алып ба­ра­ды, – деді Мемлекет бас­шысы. Құқық қорғау органдары кө­терме және бөлшек саудамен ай­налысатын дәріханаларға рейд­тер мен тексерулер жүргізді. Тек­серу қорытындысында заң­сыз дәрі-дәрмек саудасымен шұ­ғылданған 270 адам қылмыс­тық және әкімшілік жауапкер­шілікке тартылды. Оның 116-сы – медицина қызметкері. Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл бағыттағы жұмыстардың жалғаса беретінін, ал кінәлілер заңға сәйкес жаза­ланатынын атап өтті. Статистика мен талдаудағы ағат­тықтар, тиімсіз жоспарлау ке­сірінен өңірлер дәрілік пре­параттардың қажет көлемін нақты анықтауға қабілетсіз бо­лып отыр. Барлық проблема жұ­мысты қате жоспарлаудан бас­талатынын нықтаған Пре­зидент мұны біліксіздіктің ең сорақы көрінісі деп бағалады. Шектеу шараларының қа­былданғанына қарамастан, от­ба­сылық мерекелер мен той-то­малақ өткізу жалғасып жатыр. Мұндай жағдай Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарында және Шымкент қаласында бай­қалады. Қ.Тоқаев карантин режимін сақтауға бағытталған түсіндіру жұмыстарын нашар жүр­гізгені үшін әкімдерді сы­нады. – Шындап келгенде, әкім­дер­дің экстремалды жағдайда жұмыс істеу тәжірибесі жоқ. Өт­кір тұрған проблемаларды шұ­ғыл шешуді, азаматтарға мем­лекеттік саясатты дұрыс түсін­діруді білмейді, – деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Оның ойынша, Үкімет мүшелері де, әкімдер де «тоқмейілсудің және масайраудың қақпанына түскен». Жиын барысында сондай-ақ азаматтарды ПТР-тесттен өткізу мә­селесі де қозғалды. Қазіргі кез­де адамдардан күніне 32 мың­ға дейін сынама алатын деңгейге қол жетіпті. Дегенмен өңірлер арасында бұл көрсеткіште үлкен алшақтық бар. – Ауру жұқтырған адамдарды анықтаудың төмендігі – жер­гілікті жерлерде лабора­ториялар ісін өрістету бойынша тиімсіз жұмыстың нәтижесі. Мұны тіпті «нақты көріністі жасырып қалуға ұмтылу» деп бағалауға бо­­лады. Үкіметке аймақтар ара­сындағы тестілеу деңгейін теңес­тіруді қатаң бақылауға алуды тапсырамын. Біз жауырды жаба тоқымауға, еш нәрсені де жасыр­мауға тиіспіз! – деді Мемлекет басшысы. Бүгінде індетке душар болған аза­маттарға қажетті төсек-орын­дар саны ұлғаюда. Бірақ бұл өзге ме­дициналық қызмет түрін көр­сететін орталықтарды жабу есебінен болып жатыр. Сал­дарынан, медициналық көмек алудың қолжетімділігі айтарлық­тай төмендеп кетті. Бұл қазақ­стан­дықтардың КВИ-ден басқа дерттерден көбірек өле бас­тауына соқтыруы ықтимал. Сон­дықтан Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен әкімдерге созылмалы ауруы бар сырқаттарға, сондай-ақ жүкті әйелдерге жоспарлы ме­дициналық көмекті бірте-бір­те қалпына келтіруді жүктеді. Қазақстан Президенті ауыр сыр­қаттар саны көбейіп кет­кен­діктен ауруханаларды оттегімен қамтамасыз ету мәселесі күн тәр­тібіне шыққанына назар ау­дартты. – Меморгандар тарапынан үйлестіру жұмыстары дұрыс жүргі­зілмегесін халық осы мәселені өз бетінше шешуге талпынуда. Бұл еш­қандай қисынға сай кел­мейді! Азаматтар өнеркәсіптік баллон­дарға құйылған оттегіні сатып алып жатыр. Бұл – ауру­ханалардың тікелей міндеті. Жеке үйлер мен пә­терлерде өнер­кәсіптік баллондағы оттегіні пайдалану деректері же­тер­лік. Үкімет пен әкімдер 5 күн ішін­де ауруханаларды оттегімен жаб­дықтау және үй жағдайында оттегі баллондарын пайдалану проб­лемаларын шешуі керек, – деді Мемлекет басшысы. Ол қалалардағы ахуалды тұрақ­тандырамыз деп жүріп ауыл тұр­ғындарын ұмытып кетуге бол­майтынын ескертті. Халқымыздың жартысына жуығы ауылда тұрады. Бүгінде ауылдықтарға диагностика және емдеу шаралары қолжетімсіз, қарапайым дәрі-дәрмектің өзі жетпей жатыр. – Ауыл-аймақтарда медицина кадрларының тапшылығы және қажетті инфрақұрылымның жоқ­­тығы жығылғанға жұдырық болып отыр. Үкімет 2 300 әмбе­бап мобильді бригаданың жасақ­тал­ғанын баяндады. Әйткен­мен олар негізінен қала тұрғын­да­рына қызмет көрсетеді. Ауылды назардан тыс қалдыруға болмайды! Үкіметке өңірлермен бірлесіп, барынша қысқа мерзімде ауыл­дарды диаг­ностика және емдеу ісімен, сонымен қатар дәрі-дәрмекпен және меди­циналық құрылғы­лармен қам­туды тапсырамын, – деді Президент. Ол ақшаға құныққан кейбір алаяқтар барлық адамгершілік қағидаттарын аттап өтіп, ха­лықты алдаудан, бопсалаудан тайын­бай отырғанын жеткізді. Мәйіт­ханаларда және жерлеу қызметін ұсынатын агенттіктерде сорақы тірліктер жасалып жатыр. – Кейінгі екі аптада мәйітті та­­сымалдау және жерлеу үшін сұралатын ақы қатты өсіп кеткен. Мұны көпшіліктің қалтасы көтере бермейді. Әкімдерге 1 күн ішінде «жерлеуден жемтік іздегендерді» жөнге келтіруді тапсырамын! – деді Қ.Тоқаев. Мемлекет басшысы вирус жұқтырғандар санының артуы тек елдің жаһандық коронавирус рейтингіндегі жағдайына ғана емес, сондай-ақ Қазақстанның инвестициялық ахуалына, туристік әлеуетіне және елімізге жаңа тех­нологияларды тартуға кері әсер ететінін атап өтті. Барлық сын-қа­тер­лерді жою үшін Үкімет дәл осы жағдайды өзінің жұмыс жос­парында ескеруі тиіс. Ukmet Ел Президенті пандемия ке­зін­дегі кез келген қате шешім, бю­ро­кра­тиялық кедергілер, жауап­кер­­шілік арқалаудан бас тарту ақыр соңында жүздеген адамның өмірі мен денсаулығына нұқсан тигізуі мүмкін екенін баса айтты. Қ.Тоқаев коронавирус жө­ніндегі барлық дерек, соның ішінде статистикалық мәліметтер де тек Үкіметтің айрықша құзыретінде болуы тиіс екенін мәлімдеді. Сонда жекелеген тұлғалардың қоғамды адастыратын жалған деректер таратуының алдын алуға болады. Отырыста вице-премьер, Ведомство­аралық комиссияның жетекшісі Ералы Тоғжанов, Ден­саулық сақтау министрі Алексей Цой, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов, СҚО әкімі Құмар Ақсақалов және Алматы облысының әкімі Амандық Баталов есеп берді. ІІМ басшысы карантинді бұзумен және медикаменттерді заңсыз сатумен күрестің қалай жүріп жатқанын баяндады. Оның ақпараты бойынша 5 шілдеден бері 65 мыңнан астам дәрілік пре­параттар, жарты миллионға жуық медициналық бетперде, 36 мың медициналық бұйым тәркіленіпті. Полицейлер рұқсатсыз дәрі-дәр­мек сатудың 348 фактісін әшкереледі. Ірі партиялар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қара­ғанды және Атырауда табылды. Заңсыз айналымнан алынған меди­циналық препараттар аумақ­тық денсаулық сақтау басқармаларына тапсырылуда. Әзірге карантин режимін сақ­тамаудың 4 мыңнан астам дерегінің жолы кесіліпті. Заң бұзу­шылар Алматы қаласында, Ақмола, Түркістан, Алматы және Жамбыл облыстарында көп ұсталды. Пандемиямен күреске бөлінген қаражаттардың ұрлануына қа­тысты тергеу жүргізіліп жатқаны белгілі болды. Тексеру барысында қылмыстық әрекеттер анықталған. Мысалы, Қаржы министрлігінің Экономикалық тергеу қызметі алаяқтық жолмен аса ірі көлемде мемлекеттік ақшаны ұрлау фактісі бойынша қылмыстық істі тергеуге кірісті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 3 қылмыстық істі тергеуде. Олар Медициналық сақтандыру қорының лауазымды тұлғаларының бюджет қаржы­ла­рын ұрлауына, жекелеген азамат­тардың медициналық бетпер­делердің ірі партиясын заңсыз өткізуіне, сондай-ақ медициналық мекемелердің бірқатар басшы­сы­ның аса ірі көлемде бюджет қара­жатын ұрлауға талап қылуына қатысты. Бұдан бөлек, құқық қор­ғау органдары КВИ-мен кү­реске бағытталған шетелдік гумани­тар­лық көмектің мақсатты жеріне жет­кізілуін және ұтымды пайда­ла­нылуын бақылап, тексере бастады. Дәрі-дәрмектің жасырылуына, оның бағасын ымыраласып, жасанды түрде қымбаттатуға, гума­нитарлық көмектегі препарат­тардың қайта сатылуына тосқауыл қою шаралары жалғасады. Ішкі істер министрі қолда­ныстағы шектеу шараларын және қо­ғамдық тәртіпті сақтауға бағыт­талған жұмыс жайында да ақпарат берді. Осы міндетті орындауға күн сайын 13 мың полицей, Ұлттық ұлан жауынгерлері және 1 мыңдай волонтер тартылады. 4 облыста 2 санитарлық бекет және 9 блок-бекет орнатылыпты. COVID-19 кеселін таратушы 241 ошақ және 366 карантиндік нысан айналасы қоршалып, оқшауланды. Шектеу шаралары қайта енгізілгелі бері полицейлер денсаулық сақтау ор­ган­дарымен және жергілікті әкімдіктермен бірге 18 мыңнан аса рейд жасады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарына осы бағыттағы жұмысты пәрменді түрде жалғастыруды жүктеді.  

АйханАйхан ШӘРІП