Судың бағасы – 2 триллион теңге
Судың бағасы – 2 триллион теңге
© коллаж: Елдар Қаба
357
оқылды
Судың қадірін аптап ыстықта білесің. Бүгінде еліміздің барлық өңі­рінде күн күйіп тұр. Аптап ыс­тық жер апшысын қуырған сайын жан мен жануардың суды тұтынуы мил­лиондаған текше метрлеп артуда. Геосаясаттың жілігін шағып, майын ішкен сарапшылар мен сая­саткерлердің жорамалына сенсек, біздің өңірде соғыс болса, ол су үшін болады. Өзбекстанның бұ­рын­ғы президенті, марқұм Ислам Кәрімов «Орталық Азияда су үшін соғыс өрті тұтануы мүмкін» деп айтып кеткені мәлім. Аймақта тек Қырғыз Республикасында ғана бар­лық су ресурсы өз аумағында қа­лыптасқан. Басқа елдердің күні трансшекаралық суға қараған. Сондықтан әр елдің су қауіпсіздігін сақтау халықаралық қақтығыстың алдын алуға мүмкіндік бермек. Демек, бұл – мемлекеттік маңыз­дағы стратегиялық іс.  

Су үшін соғыспайық десек...

БҰҰ қорытындысы бойынша, тұщы суға қол жеткізу – XXI ға­сырда адамзат алдында тұрған бас­ты мәселенің бірі. Шөл далада бір тамшы суға таласқан екі адам бір-бірін өлтіруге дейін барады. Біріккен Ұлттар Ұйымының ба­ғалауынша, қазіргі уақытта 3,6 мил­лиард адам, яғни әлем халқы­ның жартысына жуығы су ресурс­тарының жетіспеушілігіне душар болған аудандарда тұрып жатыр. 2050 жылға қарай бұл сан 4,8-ден 5,7 миллиард адамға дейін артпақ. Ер­ні кеуіп сусыраған елдер өзге өңір­лерге босып, жаһандық алапат миг­рация туындатары кәдік. Пла­нетадағы халықтың өсуі, шөл басу құ­бы­лысының белең алуы, жаһан­дық жылыну, жауын-шашынның азая бастауы, мұздықтардың жап­пай еруі, жер шарында мұз қалып­тасу процесінің деградацияға ұшы­рауы – жағдайды тіптен ушық­тырып жатыр. Су адам сенбес жылдамдықпен аса тапшы табиғи ресурстардың біріне айналуда. Ол енді жай ғана тауар емес, кейбір мемлекеттер ара­сындағы бопсалаудың құралы. Сарапшылар осы жүзжылдықты «су проблемасының ғасыры» деп атайды. БҰҰ дерегінше, суға деген жаһандық сұраныс халықтың өсуі­не, экономикалық дамуына және тұтыну құрылымының өзгеруіне байланысты жылына 1%-дай жыл­дамдықпен өседі. Демек, ғасыр соңында әлем тұрғындары тегіс тұщы су тапшылығына тап болмақ. Тиісінше, теңіздің тұзды суын тұщы­ландырып ішу жаппай сипат алады. Олай болса, құрлықта қы­сылған мемлекеттер теңізге таяу отыр­ған елдерге тәуелді болады. Бұған қоса, өнеркәсіптік және тұр­мыстық су қажеттіліктері де жыл­дам өсетін болады. Бұл ретте ауыл шаруашылығы – дүниежүзіндегі ең ірі су тұтынушы мәртебесін сақ­тап қалады. БҰҰ сарапшылары суға деген сұраныстың басым бөлігі, әсіресе дамушы елдердің еншісіне түсе­тінін болжады. Төрткүл дүниеде бүгінде 261 трансшекаралық өзен бар, олар жер­дің 45%-ын қамтиды. Бұларға әлем тұрғындарының шамамен 40%-ы тәуелді. Кейінгі 50 жылда трансшекаралық су үшін ірілі-ұсақты 500-ден аса соғыс пен қанды қақтығыс болыпты. «Орталық Азияда әр ел тәуелсіз ұлттық су стратегиясын іске асырады. Өңірде транс­шекаралық өзендер бойынша ұзақ­мерзімді мемлекетаралық келісімдер жоқ. Сал­дарынан, шиеленіскен жағдай қа­лыптасып отыр. Тәжікстан Әмудария өзе­нінің бассейнінде алып Рогун гид­роэ­лектр стансасын салу мәселесін бел­сен­ді ілгерілетуде. Қырғыз Республикасы Сыр­дария өзенінде ірі Қамбарата су электр стансасын қолданысқа беруге ниетті. Өзбекстан Сырдария өзенінен белгіленген мемлекетаралық шектен тыс 3 текше ша­қы­рым ағынын алып қойып, өз аумағында шоғырландыруды жоспарлап отыр. Қытай Іле және Қара Ертіс трансшекаралық өзендерінде белсенді су шаруашылығы қыз­метін жүргізуде. Мұның сыртында Ертіс, Жайық, Тобыл, Үлкен және Кіші Өзен трансшекаралық өзендері бойынша Қазақстан мен Ресейдің су қатынастарында шешілмеген бірқатар проблема бар», – дейді Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары ко­митеті.  

Егінге су жетпеуде

Алматы облысы Балқаш ауданының диқаншылары дабыл қағып жатыр. Шө­лейт аймаққа жататын осы өлкеде Қап­шағай­дан келетін судың күрт азайып кетуі ке­сірінен егін қурап қалатын түрі бар кө­рінеді. Мысалы, игерілгеніне биыл 55 жыл толатын Ақдала алқабында 8 411 гектарға – күріш, 10 723 гектарға – бидай, 9 310 гек­тар­ға жоңышқа егіліпті. Яғни, барлық егіс­тік ауданы 28 444 гектарды құрады. «Соның ішінде Ақдала өлкесіндегі Тас­мұрын суару жүйесі бойында 3 580 гектарға – күріш, 4 мың гектарға – арпа-бидай, 6 356 гектарға  жоңышқа егіліп, барлық егістік көлемі 13 936 гектарға жеткен. Тас­мұрын суару жүйесіндегі егістік алқапта 8 мың адам еңбек етіп, отбасыларын асырап отыр. Көктемде күрішті сумен бастыру ке­зінде Қапшағай су қоймасынан се­кун­дына 600 текше метр су беріліп отырды. Соның арқасында осындағы барлық күріш алқабы сумен бастырылды. Өзге де дақыл­дар толығымен сумен қамтамасыз етілді. Алайда 20 маусымнан бастап Қапшағай су қоймасы су жіберуді 500 текше метрге дейін азайтты. Соның кесірінен 1 500 гек­тар күріш алқабы мүлдем сусыз қалды», – дейді күрішші Алмас Қыстаубаев. Ал 1 шілдеден бастап Қапшағай су жі­беру­ді одан әрі кеміткен және су беру қар­қыны 450 текше метрге дейін бә­сең­депті. «Салдарынан, Тасмұрын суару жүйесі бойын­да егілген барлық дақыл толықтай су­сыз қалды. Осы ауыр жағдай шұғыл түр­де өзгермесе, ерте көктемнен жасалған ең­бектеріміз зая кетіп, 8 мың адам еңбе­кақыларын ала алмай, жұмыссыз қалу қаупі бар. Мамандардың есебінше, Ақдала өңірін суару маусымы аяқталғанша, яғни 25 тамызға дейін Қапшағай су қоймасынан секундына 550 текше метр су жіберіліп тұруы керек», – дейді диқаншы. Балқаш ауданындағы «Агрофирма Бірлік» ЖШС, «КизМТС» ЖШС, «Аг­ро­полив» ЖШС, «Әлмес» ЖШС, «Миялы Агро» ЖШС, «Динара» өндіріс коопе­ра­тиві, «Береке», «Еркін» шаруа қожалық­тары және басқасына егіннен айырылу қаупі төніпті. Тек Ақдала жақта ғана 1 030 гектар егістік судан қағылды. Шамамен, тағы 1 мың гектардай егін ауыр жағдайда. Су азая берсе, қалған егіс те күнге күйіп кетуі ықтимал. SY Өз кезегінде жергілікті билік егінді аман сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бә­рін жасауы тиіс. Алматы облысының әкі­мі Амандық Баталов өз жауабында об­лыстық ауыл шаруашылығы басқармасына, «Балқаш-Алакөл бассейндік инспе­к­ция­сына», сондай-ақ Балқаш ауданы әкімінің аппаратына тиісті шара қолдану туралы тапсырма берілгенін хабарлады. Балқаш көлі де, Қапшағай да Іле өзенінен толы­ға­ды. Ал Іленің мол суын бастауда отырған Қытай алып қоюда. Бұл тек бір мысал ғана. Ұқсас жағдай өз­ге өңірлерде де кездеседі. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым 2020 жылдың жазы өте ыстық болатынын мәлім етті. Жер тарихындағы ауа темпера­турасы бойынша кезекті рекорд 2019 жылы тіркеліпті. Ғалымдар биыл ауа темпера­тура­сы одан асып түседі деген тұжырымға келді. Қазақстандық синоптиктердің болжа­мын­ша, алдағы тамыз айында елдің баты­сында және солтүстік-батысында ауа тем­пературасы нормадағыдан 1°С жоғары болады. Қалған өңірлерде аптап – норма аясында. «2020 жылдың күзі республикамыздың көп өңірінде жылы болады. Қазақстанның басым көпшілігінде қыркүйекте жауын-ша­шын нормадан аз жауады деп жора­малдануда. Тек солтүстікте, ішінара ба­тыс­та, шығыста және оңтүстік-шығыста ғана норма аясында сақталады деп күтілуде. Қазан айында солтүстік, орталық, оң­түстік-батыс аудандардың көбінде, ішінара оңтүстікте және солтүстік-батыста жауын-шашын қалыптыдан әлдеқайда аз бола-ды», – деді Қазгидромет.  

Суға тәуелдіміз

Мемлекет қол қусырып қарап отырған жоқ. Елдің ұлттық қауіпсіздігіне қатысты осы сала проблемаларын шешу үшін «Қа­зақ­станның су ресурстарын басқарудың 2030 жылға дейінгі мемлекеттік бағдар­ламасының» жобасы әзірленді. Оның басты көрсеткіш-индикаторы ретінде «табиғи су қоймаларының жыл сайынғы суға деген қажеттілігін 34,1 текше шақы­рым деңгейінде қанағаттандыру» көздел­ген. Атап айтқанда, Балқаш көлі жыл сайын кем дегенде 12 текше шақырым; Солтүстік Арал теңізі – жылына ең кемі 3,6 текше шақырым; Сырдария өзенінің атырабы жылына 2,7 текше шақырымнан көп су келуін қажетсінеді. Сондай-ақ жаңа мембағдарлама жо­басында су ресурстарының орташа көп­жылдық көлемін 100 текше шақырым дең­гейінде сақтау қарастырылған. Оның 93,4 текше шақырымы жерүсті суларынан алынбақ. Құжатта суды ысырап етуді азайту мін­деті қойылмақ. Тарата айтсақ, тұрақты суару кезінде магистральдық және тарату ар­наларындағы ысыраптардың жалпы көлемін 2020 жылғы 4 текше шақырымнан 2030 жылға қарай 1,2 текше шақырымға дейін төмендету, алдағы 10 жылда 182 рес­публикалық гидротехникалық нысанды қайта жаңарту және 38 жаңа гидротехни­калық құрылысты салу жоспарланған. Қазақстандағы суға қатысты жағдайды ба­ғамдау үшін мына бір дерекке зейін қойсақ жеткілікті. Елімізде жерүсті су­ларының жиынтықты ресурсы қазіргі кезде 90 текше шақырымды құрайды. Оның жартысынан көбі – 50,8 текше ша­қырым көлеміндегі су көрші елдерден ағып келеді. Осы тұрғыдан еліміз, әсіресе Қы­тайға тәуелді: Қазақстан тұтынатын су­дың 21,4 текше шақырым шың елінен бастау алады (Іле өзенімен – 12,8 км3, Ертіс өзенімен – 8,32 км3, Емел өзенімен – 0,27 км3). Осыдан кейін өзбек елі тұр: 16,9 текше шақырым суды Өзбекстаннан аламыз (Сыр­дариядан – 15 км3, су жіберу ар­налары бойымен 1,90 км3). Қырғыз Рес­пуб­ликасы – 3,14 текше шақырым су бере­ді (Шу, Талас, Ассы өзендері арқылы – 2,77 км3, Қарқара өзені арқылы – 0,37 км3). Еліміз ішетін 9,31 текше шақырым судың қайнар көзі – Ресейде: Жайық, Еділ-Волга, Шаған, Сарыөзен, Қараөзен арқылы 8,86 км3, Тобыл өзені айдынынан – 0,45 км3. Бетін аулақ қылсын, егер барлық көрші бөгенмен байлап, бері қарай су жіберуді қойса, қазақ елі бүкіл ауызсуының көбінен айырылуы мүмкін. Олай болса, көршілер­мен бейбіт әрі достыққа құрылған халық­аралық саясат ұстану ең алдымен қазақтың өзіне керек. «Кейінгі 60 жылда планетамызда ауыз­суды тұтыну 8 есеге өсті. Осы ғасырдың ортасына қарай көптеген елдер суды импорттауға, тасып ішуге мәжбүр болады. Бұл проблема біздің елімізде де өткір тұр. Қазақ елінде сапалы ауызсу жетіспейді. Қа­зірдің өзінде республикамыз трансше­каралық өзендердің су ресурсына қатысты салмақты мәселеге жолығып отыр. Осы түйткілдің тым күрделеніп бара жатқанына қарамастан, оны саясиландыруға жол бермеу қажет. Мамандардың бағалауынша, елдің экономикалық әлеуеті өскен кезде Қазақстан халықты ғана емес, мал және егін шаруашылығын, кен өндірісін сумен қамтудың үлкен проблемасына маңдай соғуы мүмкін», – дейді біраз жылдан бері осы мәселені зерттеп жүрген және дис­сер­тация қорғаған белгілі ғалым, PhD док­тор Тимур Жұмағұлов. Маманның пайымдауынша, еліміз үшін жерасты суларын игеру, сонымен қа­тар іргелес елдермен кең келіссөз жүр­гізіп, трансшекаралық өзен суларын ха­лықаралық құқық және өзара ынтымақ­тас­тық қағидатында бөлісу мәселесі ерек­ше маңызға ие болады.  

АйханАйхан ШӘРІП