«Пандемиямен күрес: бекем бірлік пен қатаң тәртіп қажет» – ҚР Президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин

«Пандемиямен күрес: бекем бірлік пен қатаң тәртіп қажет» – ҚР Президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин

 

Алапат індеттің сұрапыл салдары

Әртүрлі діни ілімдерде ақырзаманның бел­гілері туралы айтылады. Соларға сүйене оты­рып, кейбір ойшылдар әлемді жайлаған пан­демияны сол ақырзаманның бір белгі­сіне де теңеуде. Әрине, бұл қатты әсірелетіп бе­рілген баға, оның үстіне адамзат тари­хын­да бұрын да жер бетінде түрлі індет тарап, соның салдарынан миллиондаған адам­дар­дың өмірі опат болған. Яғни, бұл бірінші не соңғы індет емес екені анық. Жаһандану үде­рісі күшейіп, жер бетіндегі халықтың са­ны артып, түрлі елдер арасындағы қарым-қа­тынас кеңейген сайын коронавирус сияқ­ты жаңа бір вирус пен аурулардың пайда бо­лып, тез арада мемлекеттер мен құрлықтар арасында таралу қаупі енді жиілей түсетіні анық. Бірақ қазіргі пандемия, шынында да адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған әлемдік дағдарысқа әкеліп соқтырды. Бір­қатар саясаткерлер мен сарапшылар әлем­дегі қазіргі оқиғаларды суреттегенде кино мен публицистикадағы Perfect storm  немесе «Алапат дауыл» деген образдық атауды қолданып жүр.  Яғни, бұл бір сәтте бірнеше жағымсыз фактордың тоғысып, қалыптас­қан онсыз да күрделі жағдайды одан бетер бірнеше есе ушықтырып жіберуі. Расында, биылғы адамзат баласының басына түскен сынақтар бір апаттың соңынан басқа бір апат келіп түскен шет-шегі көрінбейтін алапат дауыл сияқты көрінеді. Коронавирус­тың таралуы салдарынан, мемлекеттер ара­сында шекаралар жабылып, көлік қа­тынасы тоқтап, сауда-саттық құлдырап, әлемдік экономиканың дамуы мүлдем тежелді. Енді жуық арада әлемдік экономиканың қалпына тез қайта оралуы күмәнді. Сарап­шылардың айтуынша, көптеген елдердегі экономикалық жағдайдың тұрақталып, қайта өсуі үшін кем дегенде 2-3 жыл керек. Бі­ріккен Ұлттар Ұйымының мамыр айын­дағы болжамдарында жаһандық экономика 3,2% қысқарып, жалпы экономикалық жо­ғалтым 8,5 триллион АҚШ долларын құрай­ды деп жариялаған болатын. Әсіресе, пан­демияның теріс экономикалық әсерін да­мы­ған мемлекеттер сезетін болады, бұл ел­дердің жалпы ішкі өнім көрсеткіштері – 5%, ал өндіріс көлемі 0,7% қысқаруы ық­ти­мал. Жалпы,  әлемдік сауда көлемі 20% тө­мен­дейді. Қазіргі тұста барлық мемлекеттердің ал­дында тұрған бір ғана мақсат бар. Ол – пандемия салдарынан туындаған жаңа қауіп-қатерге төтеп беріп, өз өміршеңдігін сақтап қалу. Иә, қазіргі жағдайды көптеген саясаткер­лер мен сарапшылар амалсыздан соғысқа теңеуде. Себебі соғыс жағдайындағыдай бұл күреске орасан зор ресурс жұмылдырылуда. Се­бебі бұл күрестің құны – адамдардың өмі­рі мен денсаулығы және мемлекеттердің тұрақтылығы. Қазірдің өзінде бұл індеттің ке­сірінен әлем бойынша 600 мыңға жуық адам көз жұмды (16 шілде 2020 ж. бойынша – 587 231 адам).  

Пандемиямен күресте кімнен үлгі алуымыз керек?

Пандемиямен күрес бастал­ғалы төрт-бес айда әлем елдерінің індетпен күресу тәсіліне қарай, сол елдегі саяси-мемлекеттік бас­қару жүйесінің тиімділігі де сәй­кесінше бағалануда. Сарапшылар арасында, салыстырмалы түр­де Қытай, Жапония, Италия, Швеция, Беларусьтің коро­на­вирусқа қарсы жүргізген амал-тәсілдері қарастырылады. Бұ­лардың бірінде қатаң карантин енгізілсе, енді кейбірінде тіпті шектеулер болмады. Жоғарыда келтірілген ел­дер­­дің саяси жүйелерінің ерек­­ше­лік­терін ескере оты­рып, бір­қатар сарап­шылар ор­та­лық­тандырылған би­лік жүйе­лері қа­лып­тасқан мем­­ле­кеттер пан­де­мия­мен ана­­ғұрлым нәти­желі күресуде де­ген ой-тұ­жы­рым­дарын жа­сауда. Кейбіреулер, тіпті сол арқылы авторитарлық саяси құрылымдардың артықшылығын атап, батыстағы демократиялық жүйелердің жаңа қауіп-қатер­лермен күресте әлсіздігін дә­лел­деуге тырысуда. Яғни, «Коро­навирусты демократия ма, әлде авторитаризм тез жеңе ала ма?» деген сұрақты төтесінен қоюда. Сөйтіп, біреулер үшін пан­демиямен күрестің өзі де идеоло­гиялық соғыстың жаңа бір май­данына айналды. Әрине, пандемиямен күрес нәтижелігі мен саяси жүйенің ерекшелігі бұл даулы, өте кү­мән­ді тақырып. Өйткені пан­демияны ауыздықтатуда саяси режимнің формасы емес, жал­пы мемлекеттік басқару жүйе­сінің тиімділігі, қандай да болсын билік сол пандемиямен күресті қаншалықты дұрыс ұйым­дастырып, қоғамды жұ­мыл­дыра алады, міне соған бай­ланысты. Мысалы, Қытай би­лігі қатаң тәртіпті орнатса, Жапон үкіметі азаматтарға арқа сүйеді. Дегенмен маусым айын­да Қытай билігі Бейжің маңайын­да коронавирустың жаңа ошағы пайда болуына бай­ланысты ел астанасында қай­та­дан карантинді күшейтуге мәжбүр болды, ал Жапонияда жаңа вирус­ты жұқ­тырған­дардың саны қай­та­дан өсе бастады. Яғни, жұрттың бәріне үлгі боларлықтай ортақ бір модель жоқ. Бұл жаңа вирус адамның иммунды жүйесін әлсіретіп, баяғыдан келе жатқан басқа бір сырқаттарын қоздыртса, сол сияқты пандемия да түрлі саяси-мемлекеттік жүйелердің осал тұстарын ашып көрсетуде. Қандай да бір мем­лекеттің коронавируспен күрес стратегиясын озық, үлгілі деп айтуға әлі ерте. Барлығы да қателесіп, жаңылысып жатыр, жанталасып, дұрыс жолды іздеуде. Алда әлі пандемияның екінші толқыны бар, оның соқ­қысы қазіргіден де қатты болуы ықтимал. Әлем мемлекеттерінің пан­демиямен күрес тәсілдерін салыстырғанда бұл елдердің саяси-мемлекеттік басқару жүйе­лерінің ерекшеліктерін ғана емес, сонымен қатар экономикалық әлеуеті, медицина, ғылым, білім салаларының даму деңгейлерін және мәдени құндылықтар жүйе­сін де ескеру қажет. Тіпті, көп жағдайда коронавирустың таралуын тежеуде шешуші рөлді атқарған билік жүйесінің құрылымы емес, ол сол елдегі аза­маттардың жауапкершілігі мен саналы әрекеті болды. Мысалы, Жапония үкіметі елде төтенше жағдай мен карантинді енгізгенде, 13-15 миллиондық Токионың көшелері үш сағаттың ішінде босап қалған. Бұл жерде айта кететіні, Жапонияда тө­тен­ше жағдай талаптарын сақта­мағаны үшін әкімшілік жаза белгіленбеген. Осы ретте, «Қазақстанда мем­лекет пандемиямен кү­ресті қаншалықты дұрыс ұйым­дастыра алды?» деген орын­ды сұрақ туын­дайды. Себебі соңғы екі ап­тада елдегі эпи­де­мио­логиялық жағ­дайдың күрт ушы­ғуына бай­ланысты бірқатар қоғам қайраткерлері мен сарапшылар әлеуметтік желіде «билік коронавируспен күреске дайын болмады, сосын ол күресті дұрыс ұйымдастыра алмады, ешқандай да жұмыс жүр­гізілмеді» деген сияқты пікірлер айтуда. Қалыптасқан жағдайда, әрине сын-пікірлердің айтылу себебі түсінікті және кейбір сол пікірлердің негізі барын да мойындау қажет. Бірақ елде коронавирусқа қарсы ешқандай жұмыс жүргізілмеді және ол мүл­де нәтижелі болмады деу ақи­қатқа қайшы келетінін де айтуы­мыз керек. Керісінше, Қазақстан билігі бастапқыда коронавирусқа қарсы өте тиімді стратегия жа­сақ­тап, оны нәтижелі іске асыр­ған мемлекеттердің бірі болды.  

Қазақстанның пандемиямен күрес қадамдары

Бірқатар сарапшылар мем­лекет қабылдаған шаралардың есебін наурыз айының ортасынан бастап жүргізіп келеді. Бұл – қате. Ол кезде мектептер мен жо­ғары оқу орындарында са­бақтар тоқтатылатыны және елде төтенше жағдай енгізілетіні жарияланған болатын. Шын мәнінде, алғашқы түбегейлі шаралар одан да ерте, қаңтарда, яғни Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 жағ­дайын пандемия деп жария­ла­май тұрғанға дейін біраз уа­қыт бұрын қабылданды. 24 қаң­тарда коронавирус эпи­де­миясының ошағына айналған Қытайдың Ухань қаласында ал­ғашқы карантин шектеулері енгізілгенде, қаңтардың 26-сында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке коро­на­вирустың Қазақстан аумағына таралуына жол бермеу жөнінде нақты ұйымдастыру шараларын қабылдауды тапсырды. Сол күні Үкіметтің ведомствоаралық комиссиясы құрылды. Сонымен бірге екі қаланың – Нұр-Сұлтан мен Алматының инфекциялық ауруханаларында қосымша реанимациялық бокстар құрылды. Дәл осы кезде, қаңтардың 27-30 күндері Ұлыбритания, Германия мен Италияда алғаш рет коронавирусты жұқтырғандар анықталды. Ол кезде Еуропа мемлекеттері қандай бір шараларды әлі қабылдамаған болатын. Яғни, Қазақстанның Қытаймен шекаралас ел екенін ескеретін болсақ, коронавирус біздің елге сол қаңтар айының соңы мен ақпан айының басында енуі мүмкін еді. Екіншіден, тиісті шешімдер мен шаралар кезең-кезеңімен қабылданды. Жоғарыда атап өткеніміздей, алғашқы шаралар қаңтардың 26-сы қабылданды. Ал қаңтардың 31-і санитарлық-эпи­демиологиялық бақылауды күшейтудің екінші кезеңі бас­талды: шекаралардағы сани­тарлық пункттерге қосымша 150 маман жіберілді, жаңа ин­фекцияның зертханалық диаг­ностикасы реттелді, клиникалық емдеу хаттамасы бекітілді. Ақпанның 20-сынан бастап билік инфекцияның әкелінуі мен таралуының алдын алу бойынша күшейту шараларының үшінші кезеңін іске асыруға көшті: инфекцияның таралу қаупіне байланысты елдерді үш санатқа саралау әдістемесі енгізілді, шетелдерден келген адамдарға тиісті медициналық мониторинг орнатылды, әуе рейстері қысқартылды, кейін тоқтатылды. Наурыздың 1-і санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды күшейтудің төртінші сатысы енгізілді. Карантин елдердің тізімі кеңейтіліп, ол жақтан келген адамдарға мониторингтік және карантин шаралары қа­былданды. Наурыздың 2-сі Үкімет­тің отырысында Қазақ­стан территориясында коронавирус­тың таралуына жол бермеуге ба­ғытталған қосымша шара­лар қарастырылып, елде коро­навирус инфекциясы анық­та­лып, таралған кездегі іс-қи­­­мыл­­дың жаңа Алгоритмі әзір­­ленді («Б жоспары»). Үшін­ші­ден, билік қашанда шұғыл әре­кет жасап отырды. Оңтүстік-Шығыс Азиядағы, Таяу Шығыс пен Еуропадағы бірқатар ел­дердегі эпидемиологиялық жағ­дайдың кенеттен нашарлауын ескере отырып, наурыздың 2-сінде Мемлекет басшысы елдегі бірқатар қоғамдық іс-ша­раларға тыйым салды. Ал нау­рыздың 11-інде Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымы коро­навирус пандемиясы деп жария­лағаннан кейін наурыздың 12-сінде Қазақстан Президенті бірқатар мемлекеттік орган бас­шыларымен кеңес өткізіп, Үкіметке жаңа вирустың елі­мізге таралуына жол бермеу шара­ларын қатаңдату жөнінде нақты тапсырма берді. Наурыздың 13-і елде алғаш рет коронавирусты жұқтырғандар анықталды. Сол күні Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің және бірқатар мемлекеттік органның басшылары қатысуымен шұ­ғыл әрекет ету штабының оты­рысын өткізіп, карантин тәртібін күшейтуге бағытталған жаңа іс-шараларды жариялады. Ал наурыздың 15-і Президент рес­публикада төтенше жағдайды енгізу туралы Жарлыққа қол қойып, келесі күні Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан хал­­қы­на те­ле­ви­зиялық үндеу жолдады. Осылайша, Қазақстан билігі шұғыл шешімдер қабылдау арқылы эпидемияны қатты өр­шітіп алмай, уақытты ұтуға мүм­кіндік алды. Жоғарыда айт­қанымыздай, Қытаймен шекара­ласпайтын елдердің өзінде коро­навирусты жұқтырғандардың алғашқы оқиғалары қаңтар және ақпан айларында тіркелген болатын және Қазақстанда қа­былданған шешімдер әлем­дегі және елдегі жағдайға сәйкес, кезең-кезеңмен жүзеге асырылды. Осының арқасында коронавирустың Қазақстанға еніп, оның ел ішінде ауқымды таралуы барынша тежелді. Егер Қазақстан билігі дер кезінде шешімдерді қабыл­дамағанда қазіргі ахуал елімізде наурыз-сәуір айларында қалып­тасар еді, ал көктемде әдетте түрлі маусымдық сырқаттардың таралатынын ескерсек, онда барлық ауруханалар сол кез­дің өзінде лық толатын еді. Сон­дықтан Қазақстан пандемиямен күресті мүлдем ұйымдастыра алмады деу ешбір шындыққа сай келмейді. Қазақстан билігі алғашқы толқынды едәуір тежей алды. Оны мойындау керек. Мысалы, наурыздың 28-інде Мемлекеттік комиссия Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында карантин тәртібін күшейтудің арқасында аталған қос қалада екі аптада коронавирус инфекциясы таралуының өсу қарқыны бір­шама бәсеңдеген болатын. Алайда маусым айында жағдай қайтадан күрт нашарлай бастады. Бұған себеп – мамыр айында төтенше жағдай алынғаннан кейін пандемиямен күреске жауапты мемлекеттік органдар мен жалпы тұрғындар салғырттық танытып, босаңсып кетуі. Денсаулық сақтау министрлігі, жергілікті билік органдары тө­тенше жағдай тоқтатылғаннан кейін пандемияға қарсы күресті дұрыс ұйымдастыра алмағаны бір бөлек, қарапайым азаматтар да жаппай түрлі іс-шаралар өткізіп, санитарлық нормаларды ұстанбады. Бір сәтте баяғыдан келе жатқан бірнеше әлеуметтік дертіміз бір нүктеде қосылды десек те болады – бюрократия, жемқорлық, азаматтардың бей­қамдығы, сауатсыздығы. Со­ның салдарынан 11 мамырдан бас­тап маусым айының ая­ғына дейін, яғни төтенше жағ­дай тоқтатылып, карантин шектеулер алынғаннан кейін вирустың таралуы 7 есеге өсті. Әрине, жауапты мемлекеттік органдар тарапынан жіберілген қателіктер бар, оны ешкім жа­сырмайды және мемлекет бас­шылығы жауапты органдар тарапынан болған қателіктер мен сәтсіздіктер туралы ашық айтып отыр. Тіпті, сол қателіктерді шұ­ғыл түрде түзетуге тиісті кадр­лық және де басқа қажетті қатаң шешімдер қабылданды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың негізгі ұста­нымы – пандемияға қарсы күресті тек жоғары деңгейде ұйым­дастырып қоймай, оны ашық, жария түрде жүргізу. Сол себепті наурыз айының басынан бастап Президент тұрақты түрде ел алдына шығып, үндеу жариялап, атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде тиянақты түрде түсініктеме беріп отырды. Маусым айының 29-ында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің таралуына қарсы жаңа күрес шаралары жөнінде жаңа мәлімдеме жасады: пандемиямен күресті орталықтандырылған құрылым арқылы ұйымдастыру; карантин тәртібін қайтадан күшейту, лабораториялық зерт­теулердің сапасын арттыру. Карантиннің күшейтілуі өз нәтижесін берді – бір ғана Нұр-Сұлтан қаласында 10 күн ішінде жедел жәрдем шақыруы тәулігіне 2 800-ден 1 600-ға дейін азайған. Медициналық орталықтарға келіп түсетін нау­қастардың саны екі есе, соның ішінде пневмониямен келіп түсетіндердің саны 14 пайызға азайған. Яғни, індетті тоқтатудың бірден-бір жолы – карантин. Ал карантин нормалары неғұрлым қатаң болса, соғұрлым індеттің таралуы да тез азаяды. Әйгілі ақын, жазушы Светқали Нұржан «бұл көрінбейтін жаумен, көрін­бей жүріп соғысу керек» деп осы індетпен күресудің басты амалын осылай дәл айтты. Бірақ соңғы уақытта жағдайдың тіпті күрделеніп, адам өлімінің саны артқанына қарамастан, 5-15 шілде аралығында 2 мыңға жуық түрлі сауда, тамақтану орындары карантин нормаларын бұзғаны анықталған. Карантин жағдайында осылай болса, каран­тиннен кейін қалай болмақ?!.  

 Күресте қалай жеңеміз?

Әлемдегі қазіргі жағдай панде­мияның ұзаққа созылатынын көрсетуде. Алайда енді көп нәрсе тек қана мемлекеттің тез әрі табанды әрекеттеріне ғана емес, сонымен бірге қоғамның да жауапкершілігіне байланысты. Мысалы, коронавирустың Жапония мен Сингапурдағы ауқымды таралуын сол елдердегі азаматтардың саналы әрекеттері тежеп отырғаны туралы көп айтылады. Ақиқатында солай. Әрине, Жапонияда да қазір жағдай қайтадан ушыға түсті. Дегенмен 125 миллиондық Жа­пония үшін қазіргі көрсеткіш одан да жоғары болуы мүмкін еді. Сондықтан бұл жаумен күресудің негізгі қаруы –тәртіп және бірлік. Ең алдымен, тәртіп. Ал оның өзі жауапкершілік пен тия­нақтылыққа негізделеді. Тәртіпке жүгіну қарапайым сани­тарлық нормаларды ұстанудан басталады. Бірнеше ай бойы барлық ақпарат құралдарында қалыптасқан жағдайға бай­ланысты санитарлық нормаларды қатаң сақтау қажет екені жө­нінде қайта-қайта айтылып, наси­хатталып жатқанына қарамастан, азаматтардың бірқатары сол ережелерді ұстанбайды. Бет­пердені тақпағанды айтқаннан бөлек, әртүрлі отбасылық, басқа да жиындар өткізіліп жатыр. Төтенше жағдай енгізілген уақыт аралығында (16 наурыз бен 11 мамыр арасы) – республика бойынша карантин тәртібін бұзған 20 041 оқиға тіркелген! Енді міне, осының барлығы вирусты жұқтырғандар санының бірнеше есеге өсуіне әкеліп соқтырды. Рас, медицина ұйымдарының бұл жағдайға толық дайын болмағаны, дәрі-дәрмекпен жеткілікті қамтамасыз етілмегені де жағдайдың күрделенуінің бір себебі. Бірақ бұл сол қалыптасқан жағдайдың салдарынан туын­даған проблемалар еді. Қоғам деңгейінде оны мойын­да­ма­йынша, бұл індетпен күресіміз ешқандай да нәтиже бермейтіні анық. Пандемия мемлекеттік басқару жүйесіндегі қордаланған проблемаларды қалай ашып көрсетсе, сол сияқты бұл індет қазақ қоғамы талай жылдар бойы арыла алмай жүрген жағымсыз дағды-әдеттерімізді тағы да көзімізге шұқып көрсетті. Дәл осы уақытта қазаққа бірлік пен ынтымақ ауадай қажет. Билік өкілі бірлік туралы сөз қозғаса, оны насихат деп қабылдайтынын білемін. Бірақ қалай десек те, қазір өзара есеп айырысып, дауласып, айтысатын кез емес. Бірігетін кез. Бір- бірімізге қолдау көрсетіп, тірек болатын шақ. Сондықтан бірлік туралы қайткенде де айтылуы қажет. Әлеуметтік желі бұрын да ыза мен сынға, қызғаныш пен көреалмаушылыққа толы болатын. Жарайды, билікке қатысты айтылып жатқан бір­қатар сын-пікірлердің негізі барын мойындайық. Жөнімен айтылған қандай да пікірдің орны бөлек. Бірақ соңғы уа­қытта әлеуметтік желіде, тіпті билік өкілі емес, басқа да қо­ғам белсенділерінің игі бастама­ларына да күмәнмен қарап, сынның астына алып жатқанын жиі байқаймыз. Мысалы, жуырда бірқатар еріктілер ауруханаларға жаңа құрал-жабдық жинады. Ал жұрт оның астарында басқа бір мақсат іздеп, әрекеттерін әшкерелеп жатты. Осыдан кейін бір игі іс істеуге кімнің құлқы болады?! Бірімізді-біріміз қарала­ғанша, қайта бір-бірімізді жі­герлендірмейміз бе?! Биліктің өкілі болсын, қоғам белсендісі болсын, оның әрекеттерінен кемшілік пен қате іздегенше, ақыл-кеңес, ойға ой қосса, жөн болар еді ғой. Жуырда Маңғыстауда бірқатар жергілікті белсенді азаматтар өздері бастама көтеріп, елді жайлаған індетпен күресуге үлес қосамыз деп «Халыққа көмек» атты қоғамдық штаб құрған екен. Жергілікті кәсіпкер жігіттер уақытты кешіктірмеу үшін шұғыл жабдықтарды өздері алуға көмектеседі. Күн сайын кешке қоғамдық штаб өкілдері облыс, қала басшылығымен кездесіп, ертеңгі күннің жоспарын бірге талқылайды. Міне, билік пен қоғам арасында ынтымақ бар жерде қандай мәселе болмасын, өз шешімін табатыны сөзсіз. Коронавирусты жұқтырып, ауырған азаматтармен сөй­лескенімде менің байқағаным, бұл ауру өкпе мен жүрекке емес, адамның рухына соққы беріп, адамның көңілін құлазытып, еңсесін түсіріп, езіп жіберетін ауру екен. Ал енді бұл індет қазір тұтас адамзаттың, ұлттың көңілін құлазытып отыр. Қалың жұрттың та, індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүр­ген азаматтар да, бәрі шаршады. Қаншама отбасы жақындарынан айырылып жатыр. Әрбір адамның қазасы туралы хабар жүрекке салмақ салып, жанымызға терең батады. Әсіресе, соңғы күндері қаралы лентаға айналған әлеуметтік желіні қарау өте қиын. Сол желіде біреудің суреті шықса немесе үйден біреу телефон шалса, жүрегің селк ете түсетін жағдайға жеттік. Иә, жағдай күрделі. Қателіктер де болды. Бірақ жіберілген қателіктерді билік жоққа шығарып отырған жоқ, қайта оларды түзетуге тиісті шараларды шұғыл түрде қабылдап жатыр. Барлық мем­лекеттер де осы жарты жылда бірде кешігіп, бірде қателесіп әрекет етуде. Себебі бұл алапат індетпен күресудің оңай бір жолы, әдісі, тәсілі жоқ. Мұндай жағдай тек біздің елде ғана емес, басқа да елдерде тіркелуде. Басқа елдерде де пандемия салдарынан адам өлімі тоқтамай тұр. Бір-екі ай бұрын сол Еуропа елдеріндегі ауруханалардың еденінде жатқан науқас адамдардың, өліктерді тасып апара жат­қан жүк маши­наларының ви­деоларын қалайша тез ұмыттық?! Десек те, қанша адам біздің елде жағдайдың күр­делілігіне қарамастан, емделіп шығып жатыр. Бұл күреске осы уақытта жүздеген мың адам жұмылдырылды. Медицина, полиция қызметкерлері 5 ай бойына күндіз-түні, демалыс­сыз жұмыс істеп жатыр. Тө­тенше режим ресми түрде аяқтал­ғанымен, мемлекет басшылығы да төтенше жағдайдағыдай қызмет етіп жатыр. Жағдай күр­­делі, бірақ бақылауда. Сон­дықтан бәрі күйреп, қирап жатыр деуге тағы да бол­май­ды. Жоқты, жетіспеген тұсты айтсақ, онда барды да, жетіс­тік­ті де айту керек. Алла қаласа, бұл сыннан да еліміз аман-есен өтеді. Сондықтан еңсемізді көтеріп, бірлік пен ын­тымағымызды көрсетіп, күре­сімізді жалғастыра беруіміз керек.