Зорлықтан қор болғандар
Зорлықтан қор болғандар
232
оқылды
«Немолчи.kz» қоғамдық қоры – тұрмыстық зорлық-зом­былыққа ұшыраған әйелдер­дің тағдырын қорғайтын бірден-бір ұйым. Қор жетекшісі Дина Смайылова әлеуметтік желіде жыныстық зорлық көріп, қиын­дыққа душар болған жандар туралы жиі жариялап отырады. Соңғы айларда тұрмыстық қиын­дыққа тап болған әйелдің көбі Дина басқаратын ұйымға ша­ғымданады. Олар бастарынан өткен ауыр азапты ғана жазып қой­майды, араша сұрап хат жа­зады. Тағдырын қатыгез жан­дар­дан қор­ғап қалса деп үміттенеді. «Мұндай оқиғалар күн сайын болып жатыр. Көбісі жариялауға қорқады», – дейді Дина Смайылова.  

Қатыгез кім?

Тұрмыстық зорлыққа ұшы­­ра­­ған әйелдер өте көп. Бірақ олар­дың көбі ашық айтуға қорқады. Жа­сырады. Іштей тынады. Өз өмір­лерін құрбандыққа шалады. Мәселен, мына оқиға жуырда Алматыда болған екен. М.Кригерді А.Ай­дар­­ханов есімді ер-азамат зор­­­лап, ұрып-соғып, заттарын тар­­­тып алып кет­кен. Одан кейін по­­ли­­цияға арыз беріп, өзінің көлігі ұр­­лан­­ға­ны туралы хабар­лайды. Анасы мен полиция қызметкерлерінің алдында ақ­талып, оны көзіне шөп салғаны үшін кек қайтарғанын айтады. «Оның ер-азаматтық намысы қайда? Ол мені осылайша қор­лауға тырысты. Бірнеше рет ұрып-соғып, отбасым мен жұмысыммен қорқытты. Үнемі есірткі шегіп, ішімдік ішіп келеді», – дейді зәбір көрген келіншек. Қор­ған­сыз әйел қоғамның өзіне теріс қарайтынын білсе де, өзін зор­лық-зомбылықтан ақтап алғысы келеді. «Істің жария етілетінін және түрлі көзқарастар мен айыптаулардың болатынын біле отырып, қылмыскердің жа­за­лануы және қоғамның мұн­дай зұлым­дықтардан қорғалуы үшін осындай қадамға баруға дайын­мын. Менің жоғалтатын ештеңем қалған жоқ. Ол менің өмірімді тас-талқан етті, арманымнан, жос­парларымнан айырды, тіпті мені тірі өлікке айналдырды. Жұ­мыссыз қалуымды қалаған еді, ол ар­манына да қол жеткізді», – дейді шарасыз әйел. Ал 8 маусым күні Нұр-Сұл­тан қаласында тұратын 1985 жылы туған Қанат Қозғамбаев есімді азамат бұрынғы әйелін ұрлап әкетеді. Ол бірнеше рет әйелінің жұмысына келген екен. Қызметкерлердің алдында өзін ыңғайсыз сезініп, одан кетуін талап етсе де, жұмысқа келуін қой­майды. Ақырында оны кө­лігіне отырғызып алып, сырт жақ­қа алып кетеді. Қарағанды тасжолында әйелін ұрып-соғып, күш көрсете бастайды. Терезені сындырып, қашып кетпек бол­ға­ны­мен, жаратылысы нәзік жан­ның қолынан не келсін?! Қан­ша қар­сыласса да, еркек өзінің дойыр­лығын жасап, оны ұруын тоқтатпаған. Көлікті жол шетіне қойып, қорғансыз әйелді пы­шақтай бастайды. Сөйтіп, ауыр жаралы әйелді жол шетіне лақтырып кетеді. Жүргізушілер көріп қалып, полиция мен жәдел жәрдем шақырыпты. Қазір ол аурухана төсегіне таңылған. Мұн­шама озбырлықтан қалай тірі қалғанын өзі де түсінер емес. Сегіз жерінен пышақтау – сұмдық емес пе?  

Жан жарасы жазылар ма?

Ақтөбелік келіншектің тән жарасы жазылар-ау, жан жарасы ше? 28 жастағы келіншекті күйеуі Сәкен Бекенов жұмысына келіп, оңаша қалғанын пайдаланып, ұрып-соғып, бет-аузын пы­шақ­пен кескілеп кеткені туралы бұған дейін де БАҚ беттерінде жазылды. Одан бері де бірнеше ай өт­ті. Әлі күнге жалғыз сыртқа шы­­ғу­ға қорқады. Тіпті, қоқыс төгуге бара алмайды. Өзін жара­­ла­ған адам­ның түрмеде отырға­нын білсе де, бойында бір үрей бар. «Ол маған шабуыл жаса­ған­­нан­ соң бірнеше күн­нен кейін босады. «Немолчи.kz» қо­ғам­­дық қоры араласып, БАҚ бетте­рінде жазылған соң ғана оны 2 айға түрмеге отыр­ғызуға мәжбүр болды. Ол өзі­нің іс­теген ісіне өкінетінін айтқа­нымен, оның сөз­дерінен зіл көремін. «Сен мені кешірдің ғой. Біз тағы кездесеміз» деген сөздері де ойым­­нан кетпейді. Әлі күнге дұрыс та­мақтана да, күле де ал­май­мын. Ауа райы құбылса, беттің бұлшық еттеріне де әсер етеді. Бірден ауырсына бастайды», – дейді Айнагүл Бекенова. Ол күйеуіне тағылған айып­пен келіспейтінін айтады. «Бірін­шіден, бұзақылық фактісі бойын­ша іс қозғалды, көпшіліктің нара­зылығынан кейін ғана қасақана ауыр зиян келтіру бойынша тер­геле бастады. Менің ойымша, ол кісі өлтіруге оқталды. Ол мені тіпті өлтіремін деп қорқытты. Барлық пышақ жарақаттары қасақана жасалған. Тергеу кезінде онысын жасырған да жоқ. Сондықтан әділеттіліктің салтанат құрғанын қалаймын», – дейді зәбір көруші. «Немолчи.kz» қоғамдық қорының сенім телефонына хабарласатындар да, хабарлама жіберетіндер де өте көп. Сенім білдіріп, зорлық-зомбылық көрсе, айтуға тырысатындардың да қатары артып келеді. Ұрып-соққан, зәбір көрсеткен жан­дарға қолдау білдіріп, арашалап қалғысы келетіндердің көбейгені жақсы. Әйтпесе, Батыс Қа­зақстан облысында болған жан­түршігерлік оқиға көптің есінен кеткен жоқ. Екі қызы мен әйелін өртеп жіберу – нағыз жауыздың ғана қолынан келеді. Болмаса, аялдамада тұрған әйел­дің үстіне бензин құйып өртеу – қатыгездік емес пе? Осыған дейін Бас прокурату­раның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті 2020 жылдың алғашқы төрт айындағы деректерді көр­сеткен екен. Онда жыл басынан бері 296 отбасылық-тұрмыстық құқықбұзушылық фактісі тір­келген. Наурыз бен сәуір айының өзінде 179 отбасылық-тұрмыстық құқықбұзушылық болған. Елордада әйелдердің құқығын қорғайтын «Қорғау Астана» ор­талығы бар. Биыл дағдарыс орта­лығына хабарласқандар саны тіп­тен көп. Ай сайын 7-8 әйелді дағ­дарыс орталығына орна­лас­тыратын болса, карантин кезінде 19 әйел хабарласып, көмек сұра­ған. Орталықта зардап шеккен әйелдер балаларымен бірге тұ­рады. Дағдарыс орталығына келетін әр әйелдің кем дегенде үш-төрт баласы бар. Аналарымен бірге олар да қысым көріп отыр. Олар да соққыға жығылады. Әкесінің анасын ұрғанын көріп, айғай-шу естіп, ер жетеді. Мұның бәрі бала психологиясына үлкен салмақ. Ол бала есейген соң, әкесінен көргенін істемесіне кім кепіл?! Сол себепті де мамандар Қа­зақстанда зорлық-зомбылыққа қатысты заңды күшейту керек деп отыр. Өйткені әйеліне қол көтеріп, сабаған еркектер тек ескертумен шектелуде. «Жаза ауыр болса, зорлық-зомбылық та тыйылар еді. Қол көтеретін, әйелін сабайтын, балаларын ұрып-соғатын қатыгез еркектер де лайықты жазасын алар еді», – дейді мамандар.   P.S.

Бензин құйып өртеу, ұрып-соғу, қорқытып, күш көрсету – ХХІ ға­сырдағы қайырымды қала тұр­ғындарының іс-әрекеті. Мұндай жауыздық жаһандану заманында есік қағып тұр. Қор­ғансыз бала, қауқарсыз әйелге қорған бар ма? Әлде, осылай жәбір көріп, жүре бермек пе?

 

Гүлзина БЕКТАС