«Немолчи.kz» қоғамдық қоры – тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдердің тағдырын қорғайтын бірден-бір ұйым. Қор жетекшісі Дина Смайылова әлеуметтік желіде жыныстық зорлық көріп, қиындыққа душар болған жандар туралы жиі жариялап отырады. Соңғы айларда тұрмыстық қиындыққа тап болған әйелдің көбі Дина басқаратын ұйымға шағымданады. Олар бастарынан өткен ауыр азапты ғана жазып қоймайды, араша сұрап хат жазады. Тағдырын қатыгез жандардан қорғап қалса деп үміттенеді. «Мұндай оқиғалар күн сайын болып жатыр. Көбісі жариялауға қорқады», – дейді Дина Смайылова.
Қатыгез кім?
Тұрмыстық зорлыққа ұшыраған әйелдер өте көп. Бірақ олардың көбі ашық айтуға қорқады. Жасырады. Іштей тынады. Өз өмірлерін құрбандыққа шалады. Мәселен, мына оқиға жуырда Алматыда болған екен. М.Кригерді А.Айдарханов есімді ер-азамат зорлап, ұрып-соғып, заттарын тартып алып кеткен. Одан кейін полицияға арыз беріп, өзінің көлігі ұрланғаны туралы хабарлайды. Анасы мен полиция қызметкерлерінің алдында ақталып, оны көзіне шөп салғаны үшін кек қайтарғанын айтады. «Оның ер-азаматтық намысы қайда? Ол мені осылайша қорлауға тырысты. Бірнеше рет ұрып-соғып, отбасым мен жұмысыммен қорқытты. Үнемі есірткі шегіп, ішімдік ішіп келеді», – дейді зәбір көрген келіншек. Қорғансыз әйел қоғамның өзіне теріс қарайтынын білсе де, өзін зорлық-зомбылықтан ақтап алғысы келеді. «Істің жария етілетінін және түрлі көзқарастар мен айыптаулардың болатынын біле отырып, қылмыскердің жазалануы және қоғамның мұндай зұлымдықтардан қорғалуы үшін осындай қадамға баруға дайынмын. Менің жоғалтатын ештеңем қалған жоқ. Ол менің өмірімді тас-талқан етті, арманымнан, жоспарларымнан айырды, тіпті мені тірі өлікке айналдырды. Жұмыссыз қалуымды қалаған еді, ол арманына да қол жеткізді», – дейді шарасыз әйел. Ал 8 маусым күні Нұр-Сұлтан қаласында тұратын 1985 жылы туған Қанат Қозғамбаев есімді азамат бұрынғы әйелін ұрлап әкетеді. Ол бірнеше рет әйелінің жұмысына келген екен. Қызметкерлердің алдында өзін ыңғайсыз сезініп, одан кетуін талап етсе де, жұмысқа келуін қоймайды. Ақырында оны көлігіне отырғызып алып, сырт жаққа алып кетеді. Қарағанды тасжолында әйелін ұрып-соғып, күш көрсете бастайды. Терезені сындырып, қашып кетпек болғанымен, жаратылысы нәзік жанның қолынан не келсін?! Қанша қарсыласса да, еркек өзінің дойырлығын жасап, оны ұруын тоқтатпаған. Көлікті жол шетіне қойып, қорғансыз әйелді пышақтай бастайды. Сөйтіп, ауыр жаралы әйелді жол шетіне лақтырып кетеді. Жүргізушілер көріп қалып, полиция мен жәдел жәрдем шақырыпты. Қазір ол аурухана төсегіне таңылған. Мұншама озбырлықтан қалай тірі қалғанын өзі де түсінер емес. Сегіз жерінен пышақтау – сұмдық емес пе?Жан жарасы жазылар ма?
Ақтөбелік келіншектің тән жарасы жазылар-ау, жан жарасы ше? 28 жастағы келіншекті күйеуі Сәкен Бекенов жұмысына келіп, оңаша қалғанын пайдаланып, ұрып-соғып, бет-аузын пышақпен кескілеп кеткені туралы бұған дейін де БАҚ беттерінде жазылды. Одан бері де бірнеше ай өтті. Әлі күнге жалғыз сыртқа шығуға қорқады. Тіпті, қоқыс төгуге бара алмайды. Өзін жаралаған адамның түрмеде отырғанын білсе де, бойында бір үрей бар. «Ол маған шабуыл жасағаннан соң бірнеше күннен кейін босады. «Немолчи.kz» қоғамдық қоры араласып, БАҚ беттерінде жазылған соң ғана оны 2 айға түрмеге отырғызуға мәжбүр болды. Ол өзінің істеген ісіне өкінетінін айтқанымен, оның сөздерінен зіл көремін. «Сен мені кешірдің ғой. Біз тағы кездесеміз» деген сөздері де ойымнан кетпейді. Әлі күнге дұрыс тамақтана да, күле де алмаймын. Ауа райы құбылса, беттің бұлшық еттеріне де әсер етеді. Бірден ауырсына бастайды», – дейді Айнагүл Бекенова. Ол күйеуіне тағылған айыппен келіспейтінін айтады. «Біріншіден, бұзақылық фактісі бойынша іс қозғалды, көпшіліктің наразылығынан кейін ғана қасақана ауыр зиян келтіру бойынша тергеле бастады. Менің ойымша, ол кісі өлтіруге оқталды. Ол мені тіпті өлтіремін деп қорқытты. Барлық пышақ жарақаттары қасақана жасалған. Тергеу кезінде онысын жасырған да жоқ. Сондықтан әділеттіліктің салтанат құрғанын қалаймын», – дейді зәбір көруші. «Немолчи.kz» қоғамдық қорының сенім телефонына хабарласатындар да, хабарлама жіберетіндер де өте көп. Сенім білдіріп, зорлық-зомбылық көрсе, айтуға тырысатындардың да қатары артып келеді. Ұрып-соққан, зәбір көрсеткен жандарға қолдау білдіріп, арашалап қалғысы келетіндердің көбейгені жақсы. Әйтпесе, Батыс Қазақстан облысында болған жантүршігерлік оқиға көптің есінен кеткен жоқ. Екі қызы мен әйелін өртеп жіберу – нағыз жауыздың ғана қолынан келеді. Болмаса, аялдамада тұрған әйелдің үстіне бензин құйып өртеу – қатыгездік емес пе? Осыған дейін Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті 2020 жылдың алғашқы төрт айындағы деректерді көрсеткен екен. Онда жыл басынан бері 296 отбасылық-тұрмыстық құқықбұзушылық фактісі тіркелген. Наурыз бен сәуір айының өзінде 179 отбасылық-тұрмыстық құқықбұзушылық болған. Елордада әйелдердің құқығын қорғайтын «Қорғау Астана» орталығы бар. Биыл дағдарыс орталығына хабарласқандар саны тіптен көп. Ай сайын 7-8 әйелді дағдарыс орталығына орналастыратын болса, карантин кезінде 19 әйел хабарласып, көмек сұраған. Орталықта зардап шеккен әйелдер балаларымен бірге тұрады. Дағдарыс орталығына келетін әр әйелдің кем дегенде үш-төрт баласы бар. Аналарымен бірге олар да қысым көріп отыр. Олар да соққыға жығылады. Әкесінің анасын ұрғанын көріп, айғай-шу естіп, ер жетеді. Мұның бәрі бала психологиясына үлкен салмақ. Ол бала есейген соң, әкесінен көргенін істемесіне кім кепіл?! Сол себепті де мамандар Қазақстанда зорлық-зомбылыққа қатысты заңды күшейту керек деп отыр. Өйткені әйеліне қол көтеріп, сабаған еркектер тек ескертумен шектелуде. «Жаза ауыр болса, зорлық-зомбылық та тыйылар еді. Қол көтеретін, әйелін сабайтын, балаларын ұрып-соғатын қатыгез еркектер де лайықты жазасын алар еді», – дейді мамандар. P.S.Бензин құйып өртеу, ұрып-соғу, қорқытып, күш көрсету – ХХІ ғасырдағы қайырымды қала тұрғындарының іс-әрекеті. Мұндай жауыздық жаһандану заманында есік қағып тұр. Қорғансыз бала, қауқарсыз әйелге қорған бар ма? Әлде, осылай жәбір көріп, жүре бермек пе?
Гүлзина БЕКТАС