Харассмент – жасыруға болмайтын қылмыс
Харассмент – жасыруға болмайтын қылмыс
232
оқылды
Өткен жылы Президент Қа­сым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында сексуалды зорлық пен педофилия үшін жазаны шұғыл түрде қатайту қажеттігін көтергеннен кейін бірқатар заң­дарға өзгеріс енгізілді. Соған сәйкес, сексуалды сипаттағы қыл­мыстардың жазасы күшей­тілді. Қоғамда резонанс туғыз­ған мәселе танымал заңгер Джохар Өтебековтің сексуалды сипаттағы қыл­мыстарға жеңіл жаза тағайын­далуына қарсылық танытып, қылмыс санатының өзгертілуін талап етуі еді. Парламент депутат­тары да қоғамның талабын ескерді. Заң қатайтылды, бірақ мәселе шешілді ме?  

«Жиіркеніп кеттім, ашуландым,  бірақ ешкімге айтпадым...»

Жақында танымал блогер Ару Сағидың харассментке қатысты жазбасы әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, талқыланды. Блогердің айтуынша, бұл жаз­бадан кейін оған көптеген қыз-келіншектер хабарласып, сырларын бөліскен. Көпшіліктің жан жарасы ашылып, ауыр тақырыпты ашық талқылауға мүмкіндік туған. Ару Сағидың өзі бірнеше рет мұндай құқықбұзушылық фактілерімен бетпе-бет келгенін ашық айтады: – Студент болдық. Бұл кезде мұндай қолжүгіртулер көбеймесе, азайған жоқ. Достарым сияқты мен де қосымша жұмыс іздедім. Сөйтіп, ел алдында жүрген белгілі кісіге көмекші болып орналастым. Аузын ашса, сөздері гүл боп тө­гілетін. Бірақ әдемі сөздерінің ар­тында пасықтығы жатқанын бай­қа­маймыз. Білмеймін, сол кісі­нің әсері ме екен, содан бері әдемі сөй­лейтін еркектерді жек кө­ремін, – деп әңгімесін баста­ған блогер: «Бір күні екеуміз жұмысты талқылап жатқанда, қолдары шашыма тиді. Жай тимеді, саусақтарымен салалап өтті. Таңғалып үлгермедім, семіз беті маған қарай төніп, ерні ерніме қарай жақындап жатқанын байқадым. Лезде басымды бұрып, шегіне қойдым. Оның мені күштеп сүйгісі келгені анық. Немере сүйіп отырған ата он екіде бір гүлі ашыл­маған қызды сүймекші?! Жиіркеніп кеттім, ашуландым, бірақ ешкімге айтпадым. Неге? Себебі мен көпшілік сияқты «ең бастысы ешкім зорлаған жоқ! Алла сақтап, құтылып кеттің. Айтатын несі бар дейтін қоғамның мүшесі едім. Екіншіден, маған ешкім «жеке шекара» дегенді үйретпеп еді» деп өкінеді. Блогер бала тәрбиесінде де мұндай сәттерді мүлт жібермеу қажеттігін айтады. – Ал қазір ше? Балаңызбен келе жатып, мені көріп қалдыңыз делік. Мен сіздің сүйкімді құлын­шағыңызға қарап, «қандай сүйкім­ді бала» деп, басынан сипап, бе­тінен шым­шимын. Танымайтын адамның бұл әрекеті балаңызға ұнамауы мүмкін. Бірақ сіз ештеңе демейсіз. Өйткені ештеңе болмаған сияқты. Болды! Сіз дәл осы сәтте балаңызға өзгелер ұнатса, ұстағысы келсе, оның рұқсатын алмастан денесіне қол жүгіртуге болатынын көрсеттіңіз, – дейді. Блогердің айтуынша, дамыған елдерде жыныстық мәжбүрлеудің құрбаны болған қыз-келіншектерге «тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбес», «өзің кінәлісің, дұрыс киі­ніп, дұрыс жүруің керек еді» деп кінә тақпайды.  

Харассментті дәлелдеу қиын, бірақ мүмкін...

Әлемдік пандемия басталғалы бері карантин режиміне өткен елдерде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан бөлек харассмент фактілері де көбейген. «НеМолчи.kz» қоғамдық ұйымының пре­зиденті Дина Таңсәрінің берген мәліметі бойынша, егер де өткен жылдары орталықтың сенім теле­фонына күніне 3-4 қоңырау ша­лынса, қазір күніне 40-қа дейін шағым түседі екен. Орташа есеппен алғанда, сенім телефонына 15 шақ­ты қоңырау шалынады. Маманның айтуынша, бұл – үлкен көрсеткіш. Танымал заңгер Ләззат Кенде­бай­қызы биыл­­­­дан бастап заңның қатайтыл­ғанын алға тар­тады: – Біздің заңдарымызда харас­смент арнайы көрсетілмеген, бі­рақ жыныстық мәжбүрлеу белгі­лері бар сипаттағы қылмыстар Қылмыстық ко­декстің 123-бабы­мен сарала­нады. Ондай сипат­тағы қыл­­мысқа белгіленген жаза – 3 мың ай­лық есептік көр­сет­­кіш­тегі айыппұл немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан шектеу не сол мер­зімде бас бос­тан­ды­ғы­нан айыру. Биылдан бастап зор­лаумен байланысты қылмыстар ауыр дәрежедегі қылмыс болып са­ра­ланады. Яғни, жаза күшейтілді. Сонымен қатар қылмыстық заңнама нормаларына сай ауыр дә­режедегі қылмыстар бойын­ша тарап­тардың татуласуы қабыл­данбайды. Ол бойынша іс қыс­қартылмайды. Жазаны жеңіл­дететін мән-жайлар ретінде қа­ралуы мүм­кін, бірақ бұрынғыдай іс қыс­қартуға жатпайды. Заңгердің айтуынша, ха­рассмент­ті дәлелдеу өте қиын. Себебі сек­суалды зорлыққа ұшы­ра­ған фак­ті­нің өзін дәлелдеу оңай емес. Барлық дәлелдерді жәбірленуші өзі жинауы керек. Бұл тұста заңгер Ләззат Кендебайқызы: – Қылмыстық кодекстің 123-бабы бойынша елімізде 1998 жылдан бері бар-жоғы 25 іс сотта қаралып, сот үкімі шығыпты. Онда да бірде-бір зәбір көрсеткен кінәлі тұлғаны бас бостандығынан айырмаған... Айыппұлмен не қоғамдық жұмыстармен, әрі кетсе бас бостандығын шектеумен құтылған. Бұл – бір көрсеткіш. Алысқа бармай-ақ, Ресейдің өзінде бұл сипаттағы қылмыстар қатаң жазаланады. Еуропа елдерінде харассментке жол бермеу – басты назарда, – дейді. Психолог Алмагүл Алда­бер­генова ха­рассменттің ауқымы кең, салдары терең мәселе екенін еске салады: – Оған міндетті түрде жұмыс­тағы бастықтың қол астындағы қыз­меткерлерге көрсеткен сек­суал­ды қысымын, зәбірін жат­қы­за ал­­май­мыз. Көшеде кетіп бара жатқан адамның артынан ысқырып, дөрекі сөздер айту не­месе әлеуметтік желілер арқылы анайы ұсы­ныстар жасау, жекеге шығудың барлығы – харассмент! Мұның барлығы заңды түрде қу­да­лауға жататын іс-әрекеттер, – дейді. Алмагүл Алдабергенова әлеу­меттік желілерде қыз-келін­шек­терге тегін психологиялық ақыл-кеңесін беріп, демеп оты­рады. Оның ай­туынша, қазақ қоға­мында жеке ше­караның не екенін біл­мей­тін қыз-келіншектер баршылық. – Әсіресе, қазақ қыздары бұл тұрғыдан өте сауатты болуы керек. Егер бастық интимдік жақындасуға әкеп соғатын ұсы­ныстарды жасаса, онда бұл харассмент­тің белгілері боп шығады. Бұл заңды түрде анайы ұсы­ныс жа­сайтын адамды қудалауға әкеп соғатын қылмыс түрі. Дөрекі қалжыңдар, тіпті бір адамның екінші адамның жасына, ұлтына, дініне, сексуалды ориен­та­циясына байланысты кемсітуі­нің барлығы харассмент боп есептеледі,– дейді. Маманның пікірінше, Қа­зақстанды Америка, Еуропадағы жағдаймен салыстыруға келмейді. Қазақтың «ұят болады» деген менталитеті мұндай тақырыптарды ашық айтып, агрессорды қыл­мыстық жауапқа тартуға кедергі болады. – Консультация барысында қыз-келіншектер «не үшін анама айтқанымды білмеймін, тыйып тастады, оның ауыр жүгін 10-20 жылдан бері көтеріп жүрмін», – дейді. Бұл жайт кейбір аналардың білімді болса да психологиялық, ақпараттық тұрғыдан өте артта қалғанын көрсетеді. Бірінші ке­зекте – физиологиялық емес, пси­хи­калық саулық маңызды. Өкі­нішке қарай, қоғамда іштей тыну көп. Көпшілік «айтуға ұят» барьерінен өте алмай қалады. Егер анаңызға жақын болсаңыз, айтыңыз, сырласыңыз. Ал егер олай болмаса, психологке жүгі­ніңіз. Пси­хологке жүгінудің қалып­ты нор­ма екенін білмей жата­тын да қыз­дар бар. Сондықтан ең алдымен бағыт-бағдар беретін пси­хо­логке, сосын заң органдарына жүгіну қажет, – дейді Алмагүл Алдабергенова. Мамандар «отбасылық ха­рассмент­ке» де ерекше назар ау­даруға шақырады. Себебі ері­нің әйелін зорлықпен ұстауы, ажы­расуға рұқсат бермеуі, зәбір көр­сетіп, интимдік қатынастарға итер­мелеуі харассменттің белгісінен екен. Харассмент – адамның жеке шекарасының бұзылуы. Өз кезегінде психолог ханым: «Жеке шекараңыздың бұзылып жатқанын сездіңіз бе, айтыңыз, жазыңыз. Мұндай жағдай болды ма, оның уақытын, күнін, болған жерін, т.б. жазып отыру керек. Харассментке барған адам «ол қатты боянып келді, қысқа көйлек, тар белдемше тақты» дегендей ақталуы мүмкін. Оған сіздің белдемшеңіз, түр-сипатыңыз кінәлі емес. Бұл агрессордың кінәсі боп есептеледі. Өкінішке қарай, бізде заң бас жарылып, көз шыққанда ғана жұмыс істейді. Бірақ оған дейінгі қол жүгіртудің бәрі қылмыстық сипаттың белгілерінен» деп ойын түйіндейді. Мамандардың айтуынша, бүгінгідей пандемия жағдайында ел азаматтарының басым бө­лігі күйзелісте жүр. Бұл жайт агрес­сорлық әрекеттің көбеюіне әкеп соғуда. Одан құ­тылудың жолы – мәселені жа­қын­дармен бөлісу, ашық айту, психолог қызметіне жүгіну.  

Кәмшат ТАСБОЛАТ