Өткен жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында сексуалды зорлық пен педофилия үшін жазаны шұғыл түрде қатайту қажеттігін көтергеннен кейін бірқатар заңдарға өзгеріс енгізілді. Соған сәйкес, сексуалды сипаттағы қылмыстардың жазасы күшейтілді. Қоғамда резонанс туғызған мәселе танымал заңгер Джохар Өтебековтің сексуалды сипаттағы қылмыстарға жеңіл жаза тағайындалуына қарсылық танытып, қылмыс санатының өзгертілуін талап етуі еді. Парламент депутаттары да қоғамның талабын ескерді. Заң қатайтылды, бірақ мәселе шешілді ме?
«Жиіркеніп кеттім, ашуландым, бірақ ешкімге айтпадым...»
Жақында танымал блогер Ару Сағидың харассментке қатысты жазбасы әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, талқыланды. Блогердің айтуынша, бұл жазбадан кейін оған көптеген қыз-келіншектер хабарласып, сырларын бөліскен. Көпшіліктің жан жарасы ашылып, ауыр тақырыпты ашық талқылауға мүмкіндік туған. Ару Сағидың өзі бірнеше рет мұндай құқықбұзушылық фактілерімен бетпе-бет келгенін ашық айтады: – Студент болдық. Бұл кезде мұндай қолжүгіртулер көбеймесе, азайған жоқ. Достарым сияқты мен де қосымша жұмыс іздедім. Сөйтіп, ел алдында жүрген белгілі кісіге көмекші болып орналастым. Аузын ашса, сөздері гүл боп төгілетін. Бірақ әдемі сөздерінің артында пасықтығы жатқанын байқамаймыз. Білмеймін, сол кісінің әсері ме екен, содан бері әдемі сөйлейтін еркектерді жек көремін, – деп әңгімесін бастаған блогер: «Бір күні екеуміз жұмысты талқылап жатқанда, қолдары шашыма тиді. Жай тимеді, саусақтарымен салалап өтті. Таңғалып үлгермедім, семіз беті маған қарай төніп, ерні ерніме қарай жақындап жатқанын байқадым. Лезде басымды бұрып, шегіне қойдым. Оның мені күштеп сүйгісі келгені анық. Немере сүйіп отырған ата он екіде бір гүлі ашылмаған қызды сүймекші?! Жиіркеніп кеттім, ашуландым, бірақ ешкімге айтпадым. Неге? Себебі мен көпшілік сияқты «ең бастысы ешкім зорлаған жоқ! Алла сақтап, құтылып кеттің. Айтатын несі бар дейтін қоғамның мүшесі едім. Екіншіден, маған ешкім «жеке шекара» дегенді үйретпеп еді» деп өкінеді. Блогер бала тәрбиесінде де мұндай сәттерді мүлт жібермеу қажеттігін айтады. – Ал қазір ше? Балаңызбен келе жатып, мені көріп қалдыңыз делік. Мен сіздің сүйкімді құлыншағыңызға қарап, «қандай сүйкімді бала» деп, басынан сипап, бетінен шымшимын. Танымайтын адамның бұл әрекеті балаңызға ұнамауы мүмкін. Бірақ сіз ештеңе демейсіз. Өйткені ештеңе болмаған сияқты. Болды! Сіз дәл осы сәтте балаңызға өзгелер ұнатса, ұстағысы келсе, оның рұқсатын алмастан денесіне қол жүгіртуге болатынын көрсеттіңіз, – дейді. Блогердің айтуынша, дамыған елдерде жыныстық мәжбүрлеудің құрбаны болған қыз-келіншектерге «тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбес», «өзің кінәлісің, дұрыс киініп, дұрыс жүруің керек еді» деп кінә тақпайды.Харассментті дәлелдеу қиын, бірақ мүмкін...
Әлемдік пандемия басталғалы бері карантин режиміне өткен елдерде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан бөлек харассмент фактілері де көбейген. «НеМолчи.kz» қоғамдық ұйымының президенті Дина Таңсәрінің берген мәліметі бойынша, егер де өткен жылдары орталықтың сенім телефонына күніне 3-4 қоңырау шалынса, қазір күніне 40-қа дейін шағым түседі екен. Орташа есеппен алғанда, сенім телефонына 15 шақты қоңырау шалынады. Маманның айтуынша, бұл – үлкен көрсеткіш. Танымал заңгер Ләззат Кендебайқызы биылдан бастап заңның қатайтылғанын алға тартады: – Біздің заңдарымызда харассмент арнайы көрсетілмеген, бірақ жыныстық мәжбүрлеу белгілері бар сипаттағы қылмыстар Қылмыстық кодекстің 123-бабымен сараланады. Ондай сипаттағы қылмысқа белгіленген жаза – 3 мың айлық есептік көрсеткіштегі айыппұл немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан шектеу не сол мерзімде бас бостандығынан айыру. Биылдан бастап зорлаумен байланысты қылмыстар ауыр дәрежедегі қылмыс болып сараланады. Яғни, жаза күшейтілді. Сонымен қатар қылмыстық заңнама нормаларына сай ауыр дәрежедегі қылмыстар бойынша тараптардың татуласуы қабылданбайды. Ол бойынша іс қысқартылмайды. Жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде қаралуы мүмкін, бірақ бұрынғыдай іс қысқартуға жатпайды. Заңгердің айтуынша, харассментті дәлелдеу өте қиын. Себебі сексуалды зорлыққа ұшыраған фактінің өзін дәлелдеу оңай емес. Барлық дәлелдерді жәбірленуші өзі жинауы керек. Бұл тұста заңгер Ләззат Кендебайқызы: – Қылмыстық кодекстің 123-бабы бойынша елімізде 1998 жылдан бері бар-жоғы 25 іс сотта қаралып, сот үкімі шығыпты. Онда да бірде-бір зәбір көрсеткен кінәлі тұлғаны бас бостандығынан айырмаған... Айыппұлмен не қоғамдық жұмыстармен, әрі кетсе бас бостандығын шектеумен құтылған. Бұл – бір көрсеткіш. Алысқа бармай-ақ, Ресейдің өзінде бұл сипаттағы қылмыстар қатаң жазаланады. Еуропа елдерінде харассментке жол бермеу – басты назарда, – дейді. Психолог Алмагүл Алдабергенова харассменттің ауқымы кең, салдары терең мәселе екенін еске салады: – Оған міндетті түрде жұмыстағы бастықтың қол астындағы қызметкерлерге көрсеткен сексуалды қысымын, зәбірін жатқыза алмаймыз. Көшеде кетіп бара жатқан адамның артынан ысқырып, дөрекі сөздер айту немесе әлеуметтік желілер арқылы анайы ұсыныстар жасау, жекеге шығудың барлығы – харассмент! Мұның барлығы заңды түрде қудалауға жататын іс-әрекеттер, – дейді. Алмагүл Алдабергенова әлеуметтік желілерде қыз-келіншектерге тегін психологиялық ақыл-кеңесін беріп, демеп отырады. Оның айтуынша, қазақ қоғамында жеке шекараның не екенін білмейтін қыз-келіншектер баршылық. – Әсіресе, қазақ қыздары бұл тұрғыдан өте сауатты болуы керек. Егер бастық интимдік жақындасуға әкеп соғатын ұсыныстарды жасаса, онда бұл харассменттің белгілері боп шығады. Бұл заңды түрде анайы ұсыныс жасайтын адамды қудалауға әкеп соғатын қылмыс түрі. Дөрекі қалжыңдар, тіпті бір адамның екінші адамның жасына, ұлтына, дініне, сексуалды ориентациясына байланысты кемсітуінің барлығы харассмент боп есептеледі,– дейді. Маманның пікірінше, Қазақстанды Америка, Еуропадағы жағдаймен салыстыруға келмейді. Қазақтың «ұят болады» деген менталитеті мұндай тақырыптарды ашық айтып, агрессорды қылмыстық жауапқа тартуға кедергі болады. – Консультация барысында қыз-келіншектер «не үшін анама айтқанымды білмеймін, тыйып тастады, оның ауыр жүгін 10-20 жылдан бері көтеріп жүрмін», – дейді. Бұл жайт кейбір аналардың білімді болса да психологиялық, ақпараттық тұрғыдан өте артта қалғанын көрсетеді. Бірінші кезекте – физиологиялық емес, психикалық саулық маңызды. Өкінішке қарай, қоғамда іштей тыну көп. Көпшілік «айтуға ұят» барьерінен өте алмай қалады. Егер анаңызға жақын болсаңыз, айтыңыз, сырласыңыз. Ал егер олай болмаса, психологке жүгініңіз. Психологке жүгінудің қалыпты норма екенін білмей жататын да қыздар бар. Сондықтан ең алдымен бағыт-бағдар беретін психологке, сосын заң органдарына жүгіну қажет, – дейді Алмагүл Алдабергенова. Мамандар «отбасылық харассментке» де ерекше назар аударуға шақырады. Себебі ерінің әйелін зорлықпен ұстауы, ажырасуға рұқсат бермеуі, зәбір көрсетіп, интимдік қатынастарға итермелеуі харассменттің белгісінен екен. Харассмент – адамның жеке шекарасының бұзылуы. Өз кезегінде психолог ханым: «Жеке шекараңыздың бұзылып жатқанын сездіңіз бе, айтыңыз, жазыңыз. Мұндай жағдай болды ма, оның уақытын, күнін, болған жерін, т.б. жазып отыру керек. Харассментке барған адам «ол қатты боянып келді, қысқа көйлек, тар белдемше тақты» дегендей ақталуы мүмкін. Оған сіздің белдемшеңіз, түр-сипатыңыз кінәлі емес. Бұл агрессордың кінәсі боп есептеледі. Өкінішке қарай, бізде заң бас жарылып, көз шыққанда ғана жұмыс істейді. Бірақ оған дейінгі қол жүгіртудің бәрі қылмыстық сипаттың белгілерінен» деп ойын түйіндейді. Мамандардың айтуынша, бүгінгідей пандемия жағдайында ел азаматтарының басым бөлігі күйзелісте жүр. Бұл жайт агрессорлық әрекеттің көбеюіне әкеп соғуда. Одан құтылудың жолы – мәселені жақындармен бөлісу, ашық айту, психолог қызметіне жүгіну.Кәмшат ТАСБОЛАТ