«Жүйелі жұмыс күн тәртібінен түскен жоқ» – «JAS OTAN» Жастар қанатының төрағасы Елнұр Бейсенбаев

«Жүйелі жұмыс күн тәртібінен түскен жоқ» – «JAS OTAN» Жастар қанатының төрағасы Елнұр Бейсенбаев

– Сіз ұйымға төрағалыққа жыл басында келдіңіз. Осы уақыт аралығында қандай өзгерістер болды? – Өздеріңізге белгілі, жұрт­шылықты әбігерге салған коронавирус пандемиясына байланысты, елімізде 16 наурыздан бастап төтенше жағдай режимі жарияланды. Ұйымға басшылыққа келуім еліміздегі осы күрделі кезеңмен тұспа-тұс келді. Осыған орай, мұқтаж жандарға карантин уақытында қолдау көрсету мақсатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен «Біз біргеміз!» акциясы жүзеге асырылды. Осындай ауқымды жұмысты жү­зеге асыруда «Jas Otan» бүкіл ел бойынша бес мыңнан астам еріктіні жұмылдырды. Олар демалыссыз жұмыс істеп, мұқтаж отбасыларға гуманитарлық көмек жеткізіп отырды. Елімізде жасотандық еріктілердің көмегімен 250 мыңнан астам мұқтаж отбасыға азық-түлік себеттері мен гигиеналық жабдықтар, 100 мың отбасыға 5 млн медициналық маска, сондай-ақ 3 мың жалғызбасты қарт адамдарға күнделікті ыстық тағамдар таратылды. Сонымен қатар, су тасқыны салдарынан зардап шеккен Мақтаарал тұрғындарына көмек көрсету мақсатында 500 ерікті жұмылдырылды. Ұйымның құрылымдық жұмыстарында да бірқатар өзгерістерге қол жеткіздік. Өңірлердегі мүшелерімізбен жүйелі жұмыс жүргізу ісі күн тәртібінен түскен жоқ. Келуге ниетті барлық жасқа есігіміз ашық. – Қазір жастар арасында ең өзекті қандай мәселе бар? – Төтенше жағдай басталғанға дейін еліміздің 6 өңірін аралап, 5 000-нан астам жаспен кездесіп үлгердім. Осы кездесулер барысында жастармен білім беру, спортты да­мыту, жастарды қолдау, мемлекеттік саясатты жүзеге асыру сияқты өзекті сұрақтар талқыланды. Жалпы, аталмыш кездесулер ашық форматта, жастар тарапынан нақты сұрақтар, ұсыныстармен өтті деп айтуға бо­лады. Өз тарапымнан «Jas Otan» әзірлеп отырған 2025 жылға дейінгі  «Жастар-Отанға!» бағдарламасының мәнін түсіндіруге, оған қатысты ұсыныстарды жинауға тырыстым. Пандемияға қатысты аймақтағы жастармен кездесулер уақытша тоқтатылып тұр. Алайда сұрақтарға онлайн жауап беруге әрқашанда дайынмын. Біздің міндетіміз – еліміздің ауыл-аймақтарындағы әр жастың үнін естіп, құзыретті билік органдарына жеткізу. Ауылдарда белсенді жастар саны баршылық. Мұндай отаншыл, жүрегі ашық жастардың бар болғаны қуантады. – Жастардың саяси белсенділігі қандай? – Тәжірибе көрсетіп отырғандай, саясатқа қызығушылық танытқан жастардың саны өсуде. Айта кететін болсақ, «Jas Otan» 2000 жылы жастар қозғалысынан бастау алып, биыл 20 жылға толды. Қазіргі таңда біз еліміздің ең ірі жастар ұйымына айналдық. Осы уақыт ішінде еліміздің 17 облысының 105 мыңнан астам жастарын жұмылдырып, 1 000-ға жуық ізгі бастаманы іске асырып, көмек сұраған әр адамға қолұшын созып, Тәуелсіз елмен бірге өркендеп келе жатқан ұйымбыз. Әрине, осы атқарылып жатқан жұмыста жасотандықтардың үлесі зор. Олар әрдайым еліне деген махаббаттарын нақты істермен дәлелдеп жүреді. Мұндай жастармен бізді жарқын болашақ күтуде деп ойлаймын. – «Отан – отбасынан баcталады» дейміз, ал сол Отынымызды құрайтын  жас отбасыларға «Jas Otan»-нан қолдау бар ма? – Жас отбасыларды қолдау қоғамның басым бағыттары болуы керек. Бұл ретте «Jas Otan» ЖҚ 2025 жылға дейін бағытталған «Жастар-Отанға!» бағдарламасында бұл та­қырып кеңінен қозғалуда. Өз та­рапымыздан «Жас отбасы» санатын басым бағыт ретінде қарастырылуын, жас отбасыларға берілетін арнайы, жеңілдетілген ипотеканың болуын барынша талап етеміз. Еліміздің барлық аймағында жұмыс істейтін жас отбасыларға жалдамалы пәтер салуын қадағалаймыз. Жоғарыда аталған бүкіл тетіктер, жас отбасылардың тұрмыстық өмірлерін жақсартып қана қоймай, көпбалалы болуына, балаларына дұрыс тәрбие беруіне жол ашады. Сонымен қатар жас отбасылардың арасында ана, әке институтын жандандырып, мақсатты әлеуметтік жұмыс жүргіземіз. – Биыл – Еріктілер жылы. Волонтерлік қозғалысты дамытуда қандай қадамдар жасалды? Қазіргі қиын сәтте волонтерлерді қызметке тарту, олардың күшін пайдалану қалай жолға қойылған? – Волонтерлік – біздің халқымызға тән ұлттық қасиет.  Осы жылы «Волонтер жылы» деп жарияланды, арнайы заң қабылданды. Сонымен қатар наурыз айында бүкіл әлемді коронавирус пандемиясы әбігерге салды. Осыған орай елімізде төтенше жағдай енгізілгеннен бастап, волон­терлер өте ауқымды жұмыс атқарды. «Біз Біргеміз!» акциясы аясында волонтер ақысыз негізде еңбек етті. Осы волонтерлер ел бойынша 65 мың отбасына әлеуметтік  көмек үлестіруде. Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында 5 мың медициналық бетперде таратуда қолғабыс еткен де еріктілер. Халыққа әлеуметтік көмек көрсетіп жатқан  олардың еңбегі зор. Еріктілердің осындай күрделі кезеңдегі еңбегін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жоғары бағалап, 3  мың алғысхатқа қол қойды. Біз үшін нағыз волонтерлер жылы болды деуге толық негіз бар. – Партияішілік праймериз. Жастар үшін оның тиімділігі қандай? – Қарапайым тілмен айтқанда, праймериз – ол барлық деңгейдегі мәслихаттар мен Парламент Мә­жілісіндегі тиімді депутаттық корпусқа жаңа көшбасшыларды айқындау. Праймериз көптеген шет елдерде сұранысқа ие. «Nur Otan» партиясы енгізіп жатқан праймериздің өз ерекшеліктері бар. Мәселен, партиялық тізімдегі әйелдердің үлесі 30 пайыздан кем болмауы тиіс және жастардың үлесі 20 пайызға жетеді. Бұл отаншыл, бастамашыл, белсенді жастарға өз потенциалын толық көлемде көрсетуге мүмкіндік, сондай-ақ бұл квотаны жастарды ынталандыру деп қабылдауға болады. – Елдегі үлкен мәселенің бірі – жұмыссыздық, олардың арасында жастар да бар. Жастар ұйымы ретінде бұл мәселені шешуде қандай қадамдар жасалды? – Бұл ретте «Jas Otan» тек жұ­мыспен қамту ғана емес, оларды әлеуметтендіруге де назар аударып келеді. Біздің тарапымыздан тұрақты түрде өткізілетін жиындар, дискустық алаңдар, іс-шаралар, спорттық шаралар мұның барлығы, жастарды, әсіресе ауылдық жерден келген өрендерді  қоғамның ажырамас бір бөлшегі ретінде сезінуіне  көмек көрсетеді. Біріншіден, біз барлық аймақтағы орталық базарларды, ірі сауда орталықтарында «Jas Otan» ЖҚ-ның жастарға арналған «Кеңес орталықтарын» аштық! Кеңес орталығы жастарға қажетті жобалар, бағдарламалар туралы кеңес беріп және жүгінген мәселелерін шешуге ықпал етеді. Орталықтардың жұмысы карантин режимі аяқталғасын қайта жанданатын болады. Қазіргі таңда базар айналасында жүрген жастармен жұмысты күшейттік. Барлық аймақта базар маңында сауда-саттықпен және жалдамалы жұмыс атқаратын жастар арасында «Jas Otan Cup» кіші футболдан турнирлар бастадық. Бұл шаралар сол жастармен тығыз қарым-қатынас орнатып, олардың мәселелерін шешуге оң ықпалын тигізері сөзсіз. Жастар арасындағы жұмыссыздықтың себептері көп факторлы. Соның бірі – мамандықты дұрыс таңдамау. Қазір біздің өңірлік филиалдарда жастарға мамандық таңдауға қолдау көрсету жұмыстары бір жолға қойылған. Мектеп қабырғасында білім алып жатқан оқушыларды «Сәтті қадам» жобасы аясында кәсіпорын, зауыт, цех, мемлекеттік мекемелерге апарып экскурсия форматында таныстыру жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар тоқтамайды, алдағы уақыттарда да өзінің жалғасын табады. – Бірнеше күн бұрын «Денсаулық пакеттерін» тарату акциясын баста­дыңыздар. Осы акция жөнінде айтып өтсеңіз? – Елімізде коронавирус індеті басталғалы бері, қоғамда дәрігердің рөлі және орны толығымен өзгерді. Олар алғы шептегі «жауынгерлер» іспеттес. Басына қандай қиыншылық түссе де мойымай, өз қызметін жоғары деңгейде атқарып жатыр. Бұл қажырлы еңбек үшін дәрігерлерге алғысымызды білдіреміз! Осындай қиын-қыстау кезенде, отандық дәрігерлерді қолдау мақсатында жасотандықтар «Денсаулық пакеттерін» тарату акциясын ұйымдастырды. Акция осы аптада елордадан бастау алып, еліміздің барлық аймағында ұйымдастырылады. Акция аясында жасотандықтар меценат, демеуші қаражатына сатып алынған түрлі азық-түлік, жемісі бар себеттерді дайындап таратуды қолға алды. Кейбір аймақтарда пакетке қоса шұбат, қымыз, саумал беріледі. Барлығы он күн ішінде 1 500-ден астам пакет таратылады. Акцияға белгілі қоғам қайраткерлері, жас блогерлер де атсалысып жатыр. – Алда қандай іс-шаралар атқарыл­мақ? Қандай жоспар бар? – Біз жоғарыда аталған мәсе­лелердің бәрін ескере отыра, жас­тарды қолдауға бағытталған 2025 жылға дейінгі «Жастар-Отанға!» бағдарламасын әзірлеудеміз. Бағ­дарлама «Jas Otan» Жастар қанатының V съезінде қабылданатын болады. Аталмыш бағдарламада еліміздің әр жас азаматының мұң-мұқтажы ескеріліп, жастарды маза­лайтын маңызды сұрақтар, жастар саясаты кең ауқымда қарастырылады. Біздің басты миссия – әрбір жастың үні болу, мүдделерін қорғау және жас таланттарды қолдау.  Сонымен қатар қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, волонтерлік қызмет ат­қа­рып, жастардың дамуы мен өркендеуіне үлес қосып жатқан азаматтарды анықтау мақсатында «Жастар-Отанға!» атты «Jas Otan» премиясын өткізу жоспарланып отыр.  Сондай-ақ «Jas Otan» Жастар қанатының «Ардагерлерді ардақтайық», «Еріктілер мектебі», «Кеңес орталығы» сынды және т.б.  жобалары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. – Әңгімеңізге рақмет!  

Сұхбаттасқан

Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ