Дәріні заңсыз қымбатқа бағалағандар
Дәріні заңсыз қымбатқа бағалағандар
131
оқылды
Халықтың осындай арыз-ша­ғым­дары көбейіп кеткен соң депутаттар мен қоғамдық кеңес мүшелері рейдке шыққан болатын. Олардың анықтауынша, дәріханаларға қажетті дәрілік препараттар апта сайын жүйелі түрде келіп жатқан көрінеді. Ал қажетті дәрілердің дәріхана сөрелерінен тып-типыл жоғалуына сатып алушыларға белгілі шектеу мен бақылау қойылмауы себеп болған. Кейбір қала тұрғындары қазіргі жағдайға алаңдап, қорап-қорабымен көптеп сатып алып кетіп жатыр екен. – Біздің бас ғимарат Алматыда орналасқан. Ол жақтағы қоймадан антибиотиктер, ыстық түсіруге арналған және вирусқа қарсы дәрілер күн сайын уақытында келіп тұр. Сондай-ақ келген заттар қаланың әр түкпіріндегі дәріханаларға теңдей бөлініп жеткізіледі. Алайда үрейге бой алдырған қала тұрғындары оларды келген бетте-ақ көптеп са­тып алып кетіп жатыр, – дей­ді «Медсервис Плюс» қазақ фар­ма­цевтика компаниясының  Семей­дегі филиал директоры Галина Курбатова. Оның айтуынша, «Восточный», «Цемпоселок», «Юность», 72-квар­тал аудандары, Сеченов, Докучаев көшелері мен орталықтағы дәрі­ханаларға қажетті дәрі-дәрмек ұдайы жеткізіледі. – Қазір халықтың тарапынан сұраныс жоғары болғандықтан,  қала­ны бірнеше нүктеде дәрі-дәрмекпен қамтуды ұйғардық. Солай етсек қана бір мезетте Семей­дің барлық тұрғын ауданын қамти аламыз. Жағдай ушықпас үшін бар күшімізді салып жатырмыз, – дейді Галина Курбатова. Дәрі-дәрмек бағасының шарық­тамауын қадағалауға және Мемлекет басшысының тапсырмасына бай­ланысты Семейде бұдан былай құзырлы органдар тарапынан тек­серу мен бақылау жұмыстары да тұрақты түрде жүргізіліп тұрмақ. Бұл ретте қос қаланың әкімдері мен облыс басшысы да жағдайға жіті назар аударып, тиісінше көңіл бөлгені абзал.  

Өскеменде де жағдай оңып тұрған жоқ

Жоғарыда айтқанымыздай, об­лыс орталығында да дәрі-дәрмекті заңсыз көтеріңкі бағамен сату факті­сі анықталып отыр. «Nur Otan» партиясының Өске­мен қалалық филиалының партиялық бақылауы «Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Маржан Бақытпен бірге қаладағы дәріханаларды аралап, дәрі-дәрмек бағасының тұрақтылығын сақтау мақсатында қоғамдық бақылау жұмысын жалғастыруда. Бүгінде парацетамол, аспирин және өзге дәрілер Өскемен қаласы мен өзге өңірлердің қоймасына жеткізіліпті. Алдағы күндерде дәріханаларда қолжетімді болмақ. – Бірақ дәріханаларда бұлардан бөлек ыстық түсіретін алмастырушы дәрі-дәрмектер де бар, олардың қоры жеткілікті. Бағалары тұрақты. Бір дәріханада ғана бетперде баға­сы шектік бағадан сәл асқаны анықталды, мысалы 118 теңгелік бір бетперде 120 теңгеден сатылған. Жағдайдың барлығы партия мен «Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің бақылауында, – дейді Маржан Бақыт. Еліміздің Қаржы министрлігіне қарасты Қаржы мониторингі коми­тетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті қызметкерлері Тауарлар мен көрсетілетін қыз­меттердің сапасы  мен  қауіпсіздігін бақылау департаменті қызметкерлерімен бірлесе өткізген жедел-тергеу іс-шарасының аясында көтеріңкі бағамен дәрі-дәрмектерді сату және рецептсіз босату фактісін анықтады. – Облыс орталығындағы дәрі­ханалардың бірінде Денсаулық сақтау министрлігінің «Бөлшек және көтерме саудада өткізу үшін дәрілік заттың саудалық атауына шекті бағаларды бекіту туралы» бұйрығының нормалары бұзылып, амоксиклав квиктаб 500 мг, аугментин 500 мг дәрілері заңсыз сатылған. Сонымен қатар департамент қызметкерлері Өскемен қаласындағы логистикалық ком­пания жалдап отырған қоймаға Алматы қаласындағы «Нобел» фарма­цевтикалық компаниясы жіберген  тамифлю, зитмак-500, тағы басқа дәрілік заттарының жеке тұлғаның атына әкелінгенін анықтады, – деді Қаржы мони­торингі комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеу депар­таментінің аға тергеушісі Лейла Искакова. Бұл арада Денсаулық сақтау министрлігінің 2015 жылғы 14 ақпандағы «Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы көтерме және бөлшек саудада өткізу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығының 17-бөлігіне сүйене отырып, аталған фармацевтикалық компанияның бөлшек сауда объектісіне жат­пайтынын айта кеткен орынды. Демек, жеке басы­ның қамын ойлаған әлдебіреудің қажетті дәріні көптеп алып, қымбатқа сатпақ болғаны белгілі. Сондай-ақ жақында Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері үйінде заңсыз дәрілік пре­параттарды сатып келген 45 жасар Өскемен тұрғынын ұстады. Күдіктінің айтуынша, ол қызуды түсіретін пара­цетамол, антигриппин, аспирин, назоферон және генферон секілді препараттар мен антибиотиктерді қаладағы түрлі аптекалардан жарты миллион теңгеге сатып алып, артынан бес есе баға қосып сатқан. Оның үйін тінту барысында дәрілік препараттар мен көп мөлшерде ақша табылған. – Ол парацетамолды дәрі­ханадан 100 теңгеге сатып алып, артынша 500 теңгеден сатқан. Күдікті антибиотиктерді де осылай қымбатқа сатып келген, – деді ШҚО Полиция департаментінің бастығы Сағат Мәдиев. Сонымен қатар полицейлер Риддер қаласында да дәрілік препараттарды заңсыз үйде сатудың жолын кескен.  

Індет жағадан алғанда...

Жалпы, мұндай жағдай басқа өңірлерді қайдам, ал шығыста әр жылдары байқалып келеді. Бұрын шығыстағы ауылдарды көктемгі су басқанда әрі кетсе 1,5-2 мың теңге тұратын кәдімгі су етікті саудагерлер бір күннің ішінде базарда 6-7 мың теңгеден сатса, биылғы көктемде оңтүстікте өтпей жатқан орамжапырақтарды «КамАЗ» көлігіне тиеп әкеліп, өз құнынан әлденеше есе қымбатқа сатқан алыпсатарлар анықталған болатын. Бұған жыл сайын көктем шыға бағасы қымбаттап кететін тұрақтандыру қорындағы көкөністерді қосыңыз. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» демекші, қазіргідей коронавирус жайлаған қиын-қыстау заманда ем іздеген елге көмек бергеннің орнына, қажетті дәрі-дәрмекті  заңды белден баса отырып, әдейі қымбатқа сатпақ болғандардың бұл ісі көңілге кірбің ұялатады. Жоғарыда көрсетілген фактілерге қатысты материалдар Ақпаратты есепке алу кітабына тіркеліп, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 426-бабына сәйкес (Фармацевтикалық қызметтің және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымы сала­сының қағидаларын бұзу) про­цессуалдық шешім қабылдау үшін ШҚО бойынша Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен  қауіпсіздігін бақылау департаментіне жіберілді.  

Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ, Шығыс Қазақстан облысы