Көрші елден келген көмек
Көрші елден келген көмек
171
оқылды
Екі топқа бөлінген  мәскеулік  дәрігерлер орталық аурухананың қабылдау бөлімінен бастап барлық бөлімдер жұмысына зер салып шықты. Шамалған ауылындағы аурухананың про­визорлық бөлімі мен Қаскелең қаласындағы инфекциялық бөлім жұмысын  көріп, өз тә­жірибелерімен бөлісіп, ұсы­ныстар мен кеңестерін білдірді.  Мәскеудегі  бас хирургтың орынбасары Руслан Майер қазақстандық  әріптестерінің жұмысына қатысты  барлық  кеңес ұжымға  және басшылыққа  жеке  жеткізілгенін айтты. Қарасай ауданының бас дәрігері Мәулен Малғаждаровтың айтуынша, 300 адамға арналған провизорлық бөлімде 328 науқас емделіп жатса, 80 орынды инфекциялық бөлімде 45 адам ем-дом шара­ларын қабылдауда. Алматы облысы әкімінің орынбасары Б.Байжұманов пен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Е.Бабақұмаров, Алматы қаласының  бас сани­тарлық дәрігері Ж.Бекшин,  Іле ауданы әкімінің орынбасары С.Ерекешев бастаған мәскеулік  кеңесшілер Іле аудандық ауру­ханасын да аралады. Ау­дан­дық аурухананың емха­насында 120 науқасқа ар­нал­ған провизорлық  бөлім жасақталса, іргелес орналасқан «Бану»  ЖШС-на қарасты ғимаратта та­ғы 130 адам ем­делетін про­визор науқастарды қабылдауда.  Ал  коронавирус инфекциясы анықталған адам­дар Еңбекшіқазақ, Қарасай аудандары мен Шелек ауы­лындағы  жұқпалы аурулар ем­ханасына  жөнелтіледі.  Емдеу мекемесінде бүгіндері 8 өкпені жасанды  желдететін аппарат, 4 рентген қондырғысы, 1 компью­терлік томография бар. Дәрі-дәрмек  тапшылығы да азайған.  Ауданда  бүгіндері COVID-19  белгісімен  206 адам тіркелген екен. Олардың 75-і симптомды деп танылып, жұқпалы  аурулар емханасында ем қабылдаса, 131 науқас ашық белгісі жоқ науқас ретінде үйлерін­де емделіп шыққан. Ресейліктер  мұнда дәрігерлердің  қауіпсіздік киімдерін ауыс­тыратын орындарынан бас­тап, науқастарды қабылдау, олардың жай-күйін анықтау, емдеу тәсілдерін тағайындау,  ем қолдану жұмыстарына дейін мұқият танысты. Жұ­мыс ба­рысында құрамында реа­ниматолог, эпидемиолог жә­не терапевт мамандары бар мәскеулік сарапшылар жергілікті дәрігерлерге кеңес беріп,  ескерт­пелерін де айтты.
– Ресей мен Қазақстанның  денсаулық сақтау саласы ұқсас болғандықтан қонақтар тарапынан емдеу тәжірибесі бойынша елеулі сын-ес­кертпелер айтылған жоқ, – дейді бас дәрігердің орынбасары Айдар Әскербекұлы. – Иә, ұйымдастыру  жұмыстарында жекелеген олқылықтар кездеседі. Бірақ олар жалпы жағдайға әсер ететіндей маңызды емес. Көбінесе адамдардың қауіпсіздік  шараларын сақтамайтыны, қатерлі індетті жұқтырмаудың бар амалдарын жасамайтыны сөз болды, – дейді ол.
Денсаулық  сақшыларының  Ресейден келген әріптестері  Еңбекшіқазақ ауданына да атбасын бұрды. Бұл өңірде де коронавирус  індетімен белсене күрес  жүріп  жатыр.  Ақ халатты абзал жандарда тыным жоқ. Азаматтық  парызын ойдағыдай өтеу үшін қолынан келгеннің бәрін істеуде. Ресейден кел­ген мамандар да жергілікті дәрі­герлердің іс-қимылына осылай баға берді.   Аудандық  аурухананың  бас дәрігері  Жамиля  Әбеуова  көрші елден келген әріптестеріне бәрін көрсетті. Қойылған сұрақтарға тыңғылықты жауап берді. Бүгінгі таңда аудандық  ауруханада  вирус жұқтырған 374 адам емделіп жатыр. Олар түгел төсек-орындармен қамтамасыз етілген. Дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Медициналық  құрал-жабдықтар кедергісіз жұмыс істеп тұр. Қазір 150-ден астам адам аурудан айығыпты. Дегенмен  күн сайын 20-ға жуық науқастың жаңадан түсетіні алаңдатады. Жетісуға келген ресей­лік мамандар тобы Мәскеу қаласынан, Мәскеу облы­сынан және басқа да феде­ралдық аймақтардан жа­сақ­талған. Олардың құрамын­да эпидемиологтер, инфекционистер, пульмо­нологтер, басқа да білікті дәрі­герлер бар. Олар мұндағы емдеу тәсілдерінің өздеріне ұқсас екенін, өрескел кемшіліктің байқалмағанын айтты. Емдеу талаптарының ойдағыдай орын­далып жатқанына тоқталды.  

Б.АБАҒАН, Алматы облысы