Игі іске алғашқылардың бірі болып, «Қазфосфат» ЖШС бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров үн қосты. Ол 38 миллион теңгеге облыстық инфекциялық ауруханаға 10 аппарат сатып алып берді. 6 аппарат «Қазфосфат» ЖШС филиалына қойылды. Аталған тыныс алу құралдарының ерекшелігі бір мезетте 1 аппаратпен 2 адамды емдеуге болады. Talas Investment Company ЖШС бас директоры Бақтияр Алдашов кәсіпкерлердің кеңдігін көрсетуде. Ол 100 миллион теңгені Biz Birgemiz қорына аударған. Облыстық Іскер әйелдер қауымдастығы инфекциялық ауруханадағы дәрігерлер, медбикелер мен санитарларға 100 адамға күнделікті түскі ас жеткізіп, өкпеге ауа беру аппаратының 12 данасына, «Тараз» футбол клубы 5 данасына тапсырыс берген. «АК Алтыналмас» АҚ 25 миллион теңгеге Мойынқұм ауданы Ақбақай ауылының тұрғындарына азық-түлік, дәрі-дәрмек, Golden Compas Jambyl ЖШС 24 миллион теңгеге Меркі, Тұрар Рысқұлов аудандарына – 2 аппарат, «Еврохим удобрение» ЖШС Жаңатас қаласы ауруханасына 22 миллион теңгеге – 1 аппарат, қажетті медициналық құрал-жабдықтар, «Тараз металлургиялық зауыты» ЖШС 20 миллион теңгеге дәрі-дәрмек пен қажетті құрал-жабдықтар сатып алған. Облыстық мәслихаттың депутаты Ғалымжан Сағынтаев 9 миллион теңгеге 15 аппарат сатып алып, 10-ын облыстық фтизиопульмонологиялық орталығына және 5-ін аудандық емдеу мекемелеріне тарту етті. Аппараттың әрқайсысы тәулігіне 5 литрге дейін оттегі шығарады және 1 аппаратта бір мезгілде 2 науқасты жасанды жолмен тыныстандыруға болады. Altais Group ЖШС басшысы Ә.Жұмабаев 15,5 миллион теңгеге 16 палатаға оттегі трубкаларын жүргізіп, концентратор аппараттарын, орталық мешіт арқылы тұрмысы төмен отбасыларға дәрі-дәрмек таратты. Сонымен қатар «Амир и Д», «Кокжиек-2030», «Суперфарм», «Жамбылская цементная производственная компания» және облыстық кәсіпкерлер палатасы сынды 38 кәсіпорындар мен кәсіпкерлер ауруханалар мен әлеуметтік осал топтарға қол ұшын созуда. Жалпы, оттегі терапиясы кезінде қолданылатын оттегі концентраторлары коронавирус инфекциясымен және пневмониямен ауырып жатқан науқастарға уақытылы көмек көрсетуде маңызды рөл атқарады. Бүгінде дүйім жұртты алаңдатқан жұқпалы індетке бейжай қарамайтын, тиімді емді қажет ететін науқастарға көмек көрсетуге дайын осындай атымтай жомарт жандардың болғаны көңіл қуантады. Пандемиямен күресте жанын салып, қайтсе науқасты аман алып қалуға бар күшін аямай жатқан дәрігерлер қауымының өздеріне қолдау білдіріп жатқан кәсіпкерлерге, құрылғы әперіп көмектесіп жатқан демеушілерге алғыстарын айтуда. Одан бөлек, өткен сенбіде Тараз қаласының №5 емханасына 27 миллион теңгеден астам сомаға дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың ірі партиясы жеткізілді. Олардың ішінде дене қызуын түсіретін, қабынуға қарсы дәрі-дәрмек, антибиотиктер, бірреттік шприцтер бар. Олар арнайы тізімге сәйкес медициналық көмекке мұқтаж адамдарға таратылмақ. – Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев кәсіпкерлермен арнайы кездесіп, отандастарымыз үшін қолдан келетін барлық мүмкіндіктерді жасауға шақырды. Кейінірек маған Денсаулық сақтау басқармасынан қоңырау түсіп, инфекциялық аурухана үшін оттегі түтіктерін сатып алуға көмектесуімді сұрады. Жалғыз өзіме көп нәрсе жасау мүмкін емес, сондықтан мен өзім жақсы танитын ірі кәсіпкерлерге телефон шалдым. Олар бұл ұсынысымды бірден қолдады. Осылайша, біз аталған түтіктерге ақша жинап бердік, сондай-ақ қаржы 11 концентратор аппаратын алуға жетті, – дейді «Альтаис Групп» ЖШС-нің бас директоры Әлібек Жұмабаев. Бұдан соң дәрі-дәрмек сатып алу үшін 48 миллионға жуық қаражат жиналған. Жалпы алғанда, жамбылдық 20 ірі компания басшылары пандемиямен күреске шамамен 70 миллион теңге қаржы бөліп отыр. Қайырымдылық акцияларының тетіктері жинақтау қорлары арқылы жүзеге асады десек, бұл орайда қаржы Дінмұхаммед Қонаев атындағы қорға құйылған. Ақша жиналып, мақсат айқындалғаннан кейін бұл істі үйлестіруге «Тараз» ӘКК ҰК» АҚ атсалысқан. – Біз үйлестіруші ретінде Шымкент қаласындағы «Зерде» медициналық қоймасымен жеткізіп беру бойынша уағдаластық. Сондай-ақ ӘКК тауарларды тасымалдауды барынша қамтамасыз етті. Әзірге 27 миллион теңгеге дәрі-дәрмек жеткізілсе, жақын күндері тағы 20 миллионнан астам қаржыға дәрі-дәрмек әкелінетін болады, – дейді «Тараз» ӘКК басқарма төрағасы Олжас Қаржауов. Осылайша, жергілікті билік, кәсіпкерлер мен қоғам белсенділерінің ұйымдасқан әрі жедел әрекеті көптеген науқастардың сауығуына үміт сыйлады. Соны тілге тиек еткен облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков індетпен күресте күш біріктірудің маңызын алға тартып, бірлесіп қана барлық қиындықтарды жеңуге болатынын жеткізді. Бұл сөз жоқ, бас бармақпен бағалауға тұрарлық бастама.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы