70 аппарат әпермек
70 аппарат әпермек
133
оқылды
Қаржы жинап, алыс-жақын шет мемлекеттерден қажетті дәрі­лерді, жабдықтарды жеткізуде. Талды­қорғандықтар да ортақ іске өздерінің үлесін қосуда. Елдің аман­дығын ойлаған қайырымды аза­маттардың қамқорлығының нәти­жесінде Талды­қорған қаласының аурухана­ларына өкпені желдететін 10 аппарат сыйға тартылды. Қайырымдылық шарасына  Талды­­қорған қаласының әкімі Ға­лым­жан Әбдірайымов, өңір кәсіпкерлері, мек­теп директорлары  мен бала­бақша меңгерушілері атсалысты. Жерлес­терінің ертеңі үшін алаңдаған атымтай жомарт азаматтар халық игілігі үшін 5 миллионнан аса қаражат жинапты. Қашан көрсең қайырымдылық шара­ларының қасында жүретін жеке кәсіп­кер Дәурен Тәліповтің айтуынша, мұндай шарапатты  шара алдағы уақытта да жалғасады. – Елдің  пейілі мен ниеті  ешқашан тарылмасын. Халық  бірауыздан жина­лып, тағы 70 аппараттың құнын шығарды. Шамамен 10 күннің ішін­де олар да қолымызға тиеді. Бұл қайырым­дылық  шарасына  барша жетісулықтар шамалары келгенше қол ұшын берді.  Мейірімді жандардың барлығына алғыс айтамыз. Бәріміз бір мезетте жұмылып күрессек, бұл індеттен де арылатынымыз анық, – дейді ол. – Дәл қазір дәрігерлер күні-түні тынбастан  адам жанын арашалау үшін қауіпті індетпен күресіп жүр.  Қатерлі істе  сіздердің қолдауларыңыз бен мейірімділіктеріңіз ертеңгі күнге деген үмітімізді еселеп жатқанын ерекше атап өткім келеді. Күн сайын қайырымды жандар ауруханаға ас-ауқат, сусын, қымыз алып келеді. Әлемді мейірімділік құтқаратынына осы жолы тағы да көз жеткіздік. Күні кеше ғана аурухана төсегіне өте ауыр халде түскен науқастар дерттен айығып, үйлеріне оралуда. Екі ай емделіп, өз аяғымен жақындарына қауышқан азаматтар үшін біз қатты қуанамыз. Жанына араша сұрап, бізден қолдау күтіп келген әр науқас жақындарымен жақсылықта табысса екен деп тілейміз. Ақ халаттылардың арманы – адамзаттың саулығы. Бірліктің, татулықтың арқасында бұл майданды да жеңетініміз анық. Өздеріңізді, жақындарыңызды қорғаңыздар дегім келеді. Сіздің жауапкершілігіңіз – елдің амандығы екенін естен шығармаңыз, –  дейді облыстық аурухананың директоры Мұрат Рахметов ел басына ауыр күн туғанда жұдырықтай жұмылып,  үлкен іс тындырып жүрген азаматтарға риза­шылығын білдіріп. Қазіргі кезде Талдықорған қала­сында пандемия кезіндегі іс-қимылдарды үйлестіру жөніндегі штаб құрылған. Оның құрамында қоғам қайраткерлері мен аурухана бас дәрігерлері бар.  

Болат АБАҒАН, Алматы облысы