Ол Түлкібас ауданының Азаттық кентіндегі шайханадан сирек кездесетін жыртқыш құстарға ұқсас бірнеше құс табылғаны туралы хабарлаған. Жедел жеткен Түлкібас аудандық полиция қызметкерлері шайхананың иесі ғимараттың ауласында 6 құсты заңсыз торда ұстағанын анықтады. Айғақ ретінде алынған 6 құс сараптамаға жіберіліп, нәтижесінде бұл құстардың кезқұйрық пен жағалтай екені анықталыпты. Аталған жайт Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 389-бабы бойынша тіркеліп, әкімшілік хаттама толтырылды. Жинақталған іс құжаттары шешім шығару үшін сотқа жолданады. Соңғы кезде жыртқыш жануарды заңсыз асыраушылар жиі анықтала бастады. Мысалы, осыдан бірер апта бұрын Маңғыстау облысында арыстан асыраған тұрғынға айыппұл салынған болатын. Ол асыраған Симба арыстаны көшеге шығып кетіп, көпшіліктің назарын аударған-ды.
Тұмар МЫРЗА