Магистратураға сынақ тапсыру жаңаша жүргізілуде
Магистратураға сынақ тапсыру жаңаша жүргізілуде
119
оқылды

Білім және ғылым министрлігі биылғы жылдың басында магистратураға түсу талаптарының өзгертілгенін хабарлаған болатын. Халықаралық тәжірибеге негізделген жаңа талаптағы емтихан Түркістан облысында қалай өткізілуде? Оған деген оңтүстік тұрғындарының көзқарасы қандай?

Жаңа форматтағы кешенді тестілеу аймақтағы көшбасшы жоғары оқу орны М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің базасында өткізілуде. Бұл туралы аталған оқу орнының Баспасөз қызметі хабарлады.

– Кеше Әуезов университетінде магистратураға түсу үшін жаңа форматтағы кешенді тестілеу басталды. GMAT форматы бойынша бірыңғай емтиханды өткізу адалдық пен ашықтықты, әділдік пен жариялылықты қамтамасыз етуге сүбелі үлес қосады. Ол үшін сынаққа өңірдегі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері, арнайы мониторингтік топ мүшелері, «Шымкент – адалдық алаңы» Жобалық кеңсесі мен аймақтағы қоғамдық бірлестіктердің өкілдері және Шымкент қаласының Білім саласындағы бақылау департаментінің мамандары бақылаушы ретінде тартылды, – дейді М. Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры Дария Қожамжарова.

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осы тестілеудің нәтижесі бойынша білім беру бағдарламалары тұрғысында қорытындысы сараланып, жоғары балл жинаған талапкерлер грант алады, сәйкесінше ерікті түрде өзі жоғары оқу орнын таңдайтын болады деп жазған болатын.

Бұл бастама өз кезегінде «грант магистранттың соңынан ереді» деген қағиданың жүзеге асуына және білім беру жүйесіндегі адалдықтың жаңа стандарттарының қалыптасуына негіз болады. ОҚМУ ректорының пікірі де осыған саяды.

– Қазақстанның жас азаматтары білікті, жоғары моральді және кәсіби қасиеттерді иеленген тұлға болуы тиіс. Бұл үшін не істемек керек? Ол үшін білімді, білікті болуы керек. Көзі ашық, саналы азаматтар олқылықты істерге жол бермейді. Осы орайда айтқан ләзім, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен енгізілген магистратураға түсудің жаңа талабы Әуезов университетінің профессор-оқытушыларымен қатар, оңтүстік өңірдің тұрғындары арасында да қолдауға ие болып отыр. Себебі, жаңа талапта әділдік бар. Әділдік бар жерде қоғам өзгереді. Бір бұл ғана емес. Жаңашылдық жоғары білім сапасы мен университеттердегі бәсекелестікті арттыруға, сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қоюға және мемлекеттік білім гранттарының ашық та әділ бөлінуіне ықпал етеді, – дейді қоғамдық ұйым өкілдері.

Айта кетейік, сынақтың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында ОҚМУ-дың ресми интернет-ресурсында тестілеу барысын онлайн режимде көрсету ұйымдастырылған. Аталған университетте емтихан тапсыру қарсаңында құқық бұзушылық фактілерінің орын алуына жол бермеуге ерекше назар аударылып отыр.