«Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» деген сүбелі туындылар халқымызды бір серпілткені рас. Қазақтың әр тасының астында тарих жатыр. Көрікті өңір, көркем жер де жеткілікті. Халқымыздың елдігін, байтақ даласының кеңдігін шет жұрттың өкілдеріне қалай көрсетіп жүрміз? «Біздерде мынадай бар» деп әлемге әйгілей алдық па?
Туризмді дамытамыз деген жалпақ әңгіме. Мемлекет тарапынан істелетін тірлік бар. Жеке адамдар тарапынан жасалатын әрекет тағы бар. Бірімен бірі қабысып жатса, қанеки дерсіз. Өкінішке қарай, жон арқамызды күдірейтудің жөнді амалын таппай жүрміз.
Еуропа елдерінен бір топ жиһангез «Ұлы дала елінде» атты экспедиция құрамында Қазақстанның киелі жерлерін аралап шығыпты. Олар екі аптаның ішінде 4000 шақырым жерді жүріп өтіп, Ұлытау, Қарқаралы, Шыңғыстау, Алакөл, Алтын Емел мен Балқаш өңірлерін армансыз аралапты.
Қазақ географиялық қоғамының мүшесі, төрт жыл бұрын жер шарын велосипедпен аралап шыққан, Қазақстанның «100 жаңа есіміне» енген жиһанкез Мағжан Сағымбаев осы сапардың ұйымдастырылуына тікелей мұрындық болған екен. «Біз Қарағанды, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл облыстарын он төрт күннің ішінде аралап, ұлы даланың қасиетін сезіндік. Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында болдық. Меймандарды ұлттық дәстүрімізбен, туристік әлеуетпен таныстырдық. Менің ойымша, экспедиция сәтті өтті», – деп үлкен бір іс бітіргендерін хабарлады.
Еліміздің жер шалғайлығы осындай сапарларды ұйымдастыруда елеулі қиындық тудырады. «Барайын десем, ел шалғай» деген халық әніндегі сөздің айдай ақиқат екендігіне еріксіз куә боласыз. Тарихи орындардың бір-бірінен қиыстығы, көлік қатынасының дұрыс болмауы – отандық туризмнің басты мәселесі. Не жолы, не сервисі жетісіп тұрмаған Моңғолия тәрізді елге жұрт неге ағылады? Олардың «көзірі» – Шыңғыс хан!
Бізде Ұлытау тұр. Осында Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы хан жатыр. Қасында – Домбауылдың, Алаша ханның мазары. Осы деректі шетелдіктер тұрмақ, өз еліміздің ішінде біреу біліп, біреу білмейді. Жошы хан есімін асқақтата білсек, біздің елге қарай ағылатын туристер аз болмас еді.
Жошы хан – тарихи тұлға. Осы күнгі қазақ елінің ордалы қонысы Жошының өзі уығын тіктеген ұлыстан қалған енші. Жошы хан – әлемді тітіреткен Шыңғыс ханның көзі тірісінде қайтыс болып, Ұлытау төсінде мәңгілік мекен тапқан. Қаймана қазақ өз тарихын терең зерделеудің орнына қағынан жеріген құландай тарпаң мінезге басады. Өзінде тұрған ноқталы нысанды дұрыстап насихаттай да алмайды.
Құдайға шүкір, кең-байтақ жеріміз, дархан пейіл еліміз орнында. Көретін де, көрсететін де көркем жер көп. Соларды ежелгі тарихпен байланыстырып, алтын көмбені аршып, жарқырата көрсету жағы кемшін. Бұрынғыдай тұмылдырық киіп отырған жоқпыз. Бәрі – ашық. Әлеуметтік желі арқылы еліміздің керемет өңірлерін бар қасиетімен көрсете алсақ, туризм дегеніңіз дөңгелей жөнелмей ме?!.