Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қатары мыңнан астам жас сарбазбен толықты
Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қатары мыңнан астам жас сарбазбен толықты
194
оқылды
Еліміздің түкпір-түкпірінен іріктелген мыңнан астам сарбаз Десанттық-шабуылдау әскерлерінің Алматы, Қапшағай, Талдықорған, Жаркент және Сарыөзек гарнизондарында орналасқан әскери бөлімдерге қабылданды. Қазақстан Президентінің резерві саналатын әскерге сарбаздарды қабылдауда да ерекше талаптар қойылады және бұнда әскери борышын орындауды армандайтын жастар басым.
Қапшағай гарнизонынан Батыс Қазақстан облысына барып, сарбаздарды іріктеп алған майор Біржан Құсайынов: «Қанатты әскерге моральдық-психологиялық жағдайы тұрақты, денесі шыныққан, бойы ұзын жігіттерді таңдап алдық. Жалпы айтқанда, көк тарландарының қатарына қызмет етуге деген ниеті басым сарбаздарды жинақтадық»,- деді.
Айта кетсек, бұл жылы көк тарландарының тал бесігі саналатын Қапшағай гарнизонындағы бригадаға 400-ге жуық жас сарбаз қабылданды. Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының міндетін уақытша атқарушы полковник Бауыржан Артықовтың айтуынша, елімізде болып жатқан ахуалға байланысты, әрбір мерзімді әскери қызметке қабылданған сарбаз енгізілген карантин шараларының тәртібімен жергілікті әскери басқару органдарында коронавирус инфекциясын анықтауға арналған ПЦР сынамасына тексерілгенімен, әскери бөлімдерге келген соң сынаманы қайта тапсыратын болады.Содан соң сарбаздар екі апталық карантинде оқшауланады.
Сондай-ақ, полковник Бауыржан Шубайұлы: «Биылғы жылы Десанттық-шабуылдау әскерлерінде қызмет өткеретін жас сарбаздардың 70%-ы әскери бөлімдерге келіп үлгерді. Әр облыстан келген сарбаздардың жатын орыны мен тамақтануы екі бөлек болады. Облысқа бөлінген сарбаздар тамақтанып болған соң асханаға дезинфекциялық өңдеу жұмыстарын жүргізеді. Ол әр сарбаздың қауіпсіздігі үшін аса қажет. Сонымен қатар сарбаздар карантин уақытын тиімді пайдалану үшін жалпыәскери жарғылармен танысып, әскери қызметке қажетті дүниелерді зарделейтін болады»-, деді.
Сонымен қатар, Десанттық-шабуылдау әскерлерінің басшылығы «Іле» оқу орталығында уақытша карантин шараларын сақтау үшін оқшауланған жас толымдармен кездесіп, олардың жатын орындары мен тамақтану орындарының санитарлық нормаға сай жағдайына тексеру жүргізді. Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының Тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Раджан Жанысов  жас сарбаздарға әскери өмірдің жай жапсары мен әскери дағдыларға мейлінше тезірек бейімделуге қажетті тәрбие жұмыстарын жүргізді. Десанттық-шабуылдау әскерлеріне қабылданған жас сарбаздар карантиннен кейін бір айлық жас жауынгер курсынан өткізіліп, әскери ант қабылдауға дайындалатын болады.